АЛТЫНОРДА
Новости

«ОККУПАЙ-ПЕДОФИЛЯЙ» РЕСЕЙЛІК «ТАҚЫРБАСТАР» ҚАЗАҚСТАНДА ДА ТӨБЕ КӨРСЕТЕ БАСТАПТЫ…

Ресей қоғамын сенделтіп кеткен әсіре радикал скинхедтік (неофашистік) идеология ақыры бізге де келіп жеткен секілді. Скинхедтік идеологияға уланған Алматы жастары «Оккупай-педофиляй» атты ұйым құрды. Өздерінің айтуынша, олар педофилизм атты азғындықпен аяусыз күрес жүргізіп, сәбиге көзін сүзген азғындардың абыройын айрандай төгіп, қоғамның талқысына салуды мақсат еткен көрінеді.

Мың жерден «әділет жолында құрылды» деп күлбілтелеткенімізбен, аты мен заты күдікті ұйымның астарында жымысқы саясат жатқанын оп-оңай-ақ байқауға болады. Өйткені жастардың қоғамды педофилдерден тазартамыз деп күтпеген жерден атқа қонуына  атышулы орыс ұлтшылы Максим Марцинкевичтің ұстанымы әсер еткенге ұқсайды. «Ресейдегі Максим Марцинкевичтің идеясы бізге қатты ұнайтын. Сондықтан Алматыда осындай ұйым ашу туралы ұйғарымға келдік. Жасөспірімдерді әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы басын айналдырып, артынша азғындыққа баратындардың әрекетін әшкере ететін боламыз», – дейді «Оккупай-педофиляй Алматы» ұйымының жетекшісі Роман Матвеенко. 
Ал Максим Марцинкевич дегеніңіз – «Тесак» атты лақап атымен күллі Ресейге танымал болған скинхед. Әрі нәсілшілдікті насихаттап, келімсектер мен өзге ұлт өкілдерін ұрып-соққан, қан-жоса бейнероликтердің авторы. Ол негізін қалаған «Тесак ұйымы»  бүгінде Ресейде «Формат 18» атпен танымал. Кейін ұлттар арасында араздық тудыр-ды деген айыппен (2007 жылы) қамауға алынып, үш жылға сотталады. Артынша тағы да біраз былықтары ашылып, тағы үш жылға жаза арқалап кете барады. Алайда ықпалды біреулердің ұйымдастыруымен  Марцинкевич түсірген бейнероликтер арқылы есірткі сатумен айналысып келген тәжік ұлтынан құралған есірткі сатушы топ әшкереленді деген желеумен бостандыққа шығады. Содан бері «қоғамды педофилдерден тазартушы» деген рөлді қалтқысыз сомдап келеді.
Ресейдің кейбір оппозициялық басылымдары Максим Марцинкевичке Кремль тарапынан үлкен қолдау жасалып отырғанын жазғаны бар. Оларға сенсек, «Формат 18» ұйымы Кремльдің сенімді адамы – медиапродюсер Константин Рыковқа жұмыс жасайды-мыс. «Ресей билігі халықтың күдігін тудырып алмас үшін неофашистік саясат ұстанатын бұл ұйымды педофилдермен күресетін ұйым ретінде халыққа таныстырып отыр», – дейді батыс басылымдары.
Жақында бұл сыбыстардың түбінде бір шындық жатқанын k1.kz Алматы қалалық порталы тағы бір мәрте дәлелдеп өткендей болды. «Оккупай-педофиляй» ұйымы педофилдермен күресетін топ емес, «Тесак» бандалық тобының Алматыдағы филиалы», – деп жазады k1.kz порталы. Бір қызығы, қоғамды педофилдерден тазартамыз деген неофашистер қолына түскендердің ешқайсысын да тәртіп сақшыларына тапсырмапты. Тек ұрып-соғып, тонап отырған. Артынша таспаны ғаламторға жариялаумен шектелген.
 «Оккупай-педофиляй» ұйымы аз уақыттың ішінде Алматы қаласында бір емес, бірнеше «азғынды» құрықтарына түсіріп үлгерген тәрізді. Ғаламторда жарияланған жазбаларда олардың аты-жөндері аталып, бет-жүзі анық көрсетілген. Жақында соның бірін әлеуметтік желілер арқылы қалың бұқараның назарына ұсынып та үлгерді. Олар алдымен әлеуметтік желіден Болат Егітаев есімді жігітті тауып алып, онымен 13 жастағы бала болып сөйлеседі. Соңында құрбанымен «кездесуге» келген Егітаевты ұстап алып, ұрып-соғып, сұраудың астына алады. Алайда Болаттың өзін ұстап алған жігіттердің жазықсыз ұрып-соғып, мойындауға мәжбүрлегенін айтады. «Олар маған ақша беріп қана құтыла аласың деді. Түсірілген жазба ғаламторға түспеу үшін 2 мың доллар талап етті. Мен қарсы шығып едім, ұрып-соғып, полицияға апарды», – дейді Болат Егітаевтың өзі. Бұл жолы да бөлімшеде арыз жазудан бас тартып, сол жерден тарасқан.
Тағы бір айта кетерлігі, Алматыдағы педофилдермен күресуші топ құрбанының үшеуі де қазақтың жігіттері. Неге қазақтың балалары? Бұл да ойланатын мәселе…
Бұған дейін Қазақстандағы скинхед-тер мәселесі жай ғана «экзотикалық жаңалық» болып есептелетін еді. Елімізде Ресей қоғамын дүр сілкіндірген неофашистік идеяның жақтаушылары ара-тұра бой көтеріп тұрса да «жүз отыз ұлттың татулығы» деген желеумен құзырлы органдар жылы жауып қоюға тырысып бақты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Көкшетау қаласында жеңіс күнімен құттықтаймын деп  белгісіз үш жігіттен таяқ жеген ақсақалдың арызы да сұйылып барып, ақыры қаралмай қалды. Ақсақалдың айтуынша,  бейта-ныс үшеуі «9 мамыр сен үшін қуанышты күн болса, біз үшін – қаралы күн», – деп күш көрсеткен. Бұны естіп жұрт дәуде болса, шет елдік бұзақылар деген-тін. Артынша бұзақылардың ешқандай шет елдік емес қаланың тұрғындары екенін естіп, көбіміз жағамызды ұстаған болатынбыз.
Ресейде жүріп қаншама жерлесіміз ажал құшты. Бейресми деректерге сенсек, соңғы бірнеше жылдың ішінде Ресейдегі неофашисттердің қолынан қазақ, өзбек, қырғыз, тәжiгі аралас шамамен екі жүзге жуық адам қаза тапқан. Әлі қанша адам зардап шегетіні бір Құдайға ғана аян. Кейбір деректерде Украина, Беларусь, Латвия елдерінде де «Оккупай-педофиляй» секілді қауіпті ұйымдардың филиалдары ашылған көрінеді. Алайда жұрттың бәрі Қазақстан емес, педофилдерді жоямыз деген атпен жымысқы тірлік қылмақ болған неофашистерді дер кезінде әшкерелеп,  шара қолданып үлгерген.
Бүгінде «тақырбас-скинхедтердің» қоғамдық құбылыс ретiнде пайда болуына іштей ақ жол тілеп келген Кремльдің өзі тосқауыл бола алмайтын халге жетті. Күн өткен сайын қаулап барады. Осы құбылысты зерттеушi әлеуметтанушы А.Тарасовтың дерегiне жүгiнсек, қазiрдің өзінде Ресейдiң 85 қаласында 70 мыңға тарта «тақырбас» бар көрінеді. Өзін ғана ұлықтап қоймай, 40 миллионнан астам адамның тағдырын жалмаған неміс фашизмі де дәл осылай басталған», – дейді Тарасов. 

Бүркіт НҰРАСЫЛ

http://www.halyksozi.kz