АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 Жыл сайын жасаратындар да бар


..
.Әр секунд сайын плане­тамызда екі жаңа адам өмір есігін ашады.
…Жыл бойына туатын сә­билердің 10 пайызы қаңтар айы­ның еншісіне тиеді.
…Әр 85 ананың біреуі егіз, әр 7000 ананың біреуі үшем, әр 700 мың ананың төртеуі төртем босанады. Бесемдердің дүние­ге келуі – өте сирек кездесетін құ­былыс.
… Егіздердің хромосомдары бірдей болады. Сондықтан олар бір-бірінен аумайды.

…Ең ірі нәресте 1897 жылы Канадада туған, оның туған кездегі бойы 76 см, ал салмағы – 10,7 келі болыпты. Анасының бойы 2 метр 24 см екен.

…Ең кішкентай нәресте дү­ниеге мерзімінен 14 апта бұ­рын келген, салмағы 625 грам­дық Тереза атты қыз, дәрігер­лер оның өмірін сақтап қал­ған.

…Жыл сайын АҚШ-та 300-ге жуық бала жүріп келе жат­қан көлік салонында дүниеге келеді екен. Мұндай бала­лар­дың туу туралы куәлігінің «туған жері» деген тұсына ол ішінде туған көліктің тіркелген нөмірін жазатын көрінеді.

…Ыстық белдеудегі елдерге Жер шары халқының тең жар­тысынан астамы тиесілі. Шы­ғыс жарты шарда адамзаттың 85 пайыздан астамы тұрады.

…Әлемде 200 мемлекет бар. Соның оны адам саны жағынан ірі мемлекеттер: Қытай, Үн­дістан, АҚШ, Пәкстан, Ресей, Индонезия, Жапония, Бра­зилия, Германия және Англия. Жер шары халқының үштен екісі аталмыш елдерді қоныс­танған.

…Лабораториялық зерт­теулер дәлелдегендей, дені сау жас адамның сүйегі ерекше мықты болады. Қысып сына­ғанда ол темірбетоннан 4-5 есе мықты, ал созып сынағанда емен­нен күшті екені анық­талған.

…70 келі тартатын ересек адамның денесінде шамамен 40 келі су болады. Адамның аш­тыққа қарағанда шөлге шыдамау себебін осыдан-ақ біле беріңіз.

… Адам салмағының 7 пайы­зын қан құрайды. 70 келі тартатын адамның бойында шамамен 5 литр қан болады.

…Неміс оқымыстылары соңғы 20 жылда адамның бойы орташа 7-10 см-ге өскенін дәлелдеген. Қазіргі он жасар баланың бойы өзінің 80 жыл бұрынғы құрдасынан 12-14 см биік, ал бір жасар сәби 1900 жылы туған құрдасынан 5 см биік және салмағы 2 келі ауыр.

…Адамның бойы тәулік ішінде өзгеріп отырады. Таңер­тең ұзын боп көрінген адамның бойы кешке қарай 2 см-ге, ал жүріп келе жатқанда 4-6 см-ге дейін қысқарады. Бұл омырт­қааралық қатпарларға бай­ланысты.

…Жер шарында 3 мыңға жуық ергежейлі бар. Олар бар­лық ұлттарда кездеседі. Ер­гежейлі деп 20 жасында бойы 35 см-ден аспағандарды атай­ды. Ергежейлілердің 40 пайызы қалыпты адамдармен некеле­седі екен. Бір қызығы, олардан ұзын бойлы бала туатын көрі­неді. Сондай-ақ бұндай құбы­лыс үйленген екі ергежейліден туған балаларда да кездескен.

…Көз еш уақытта үсімейді. Себебі суықты сезбейді. Кері­сінше, саусақтың, башпайдың, мұрынның ұштары суыққа бірінші болып ұрынады.

… Адам денесінің бірде-бір органы дәл жүрек сияқты ең­бек­сүйгіш емес. Оны білу үшін жүректің жұмысын сандарға жүгіндіріп көрелік. Жүрек ми­нутына орташа есеппен 70 рет соқса, тәулігіне – 100 мыңнан ас­там, жылына – 35,6 миллион, ал 60 жылда (орташа өмір жа­сының ұзақтығы) – 2 миллиард 200 миллион рет «балға со­ға­ды». Жүрек минутына 4 литр, тәулігіне – 6 тонна, жылына – 2200 тонна, 60 жылда – 130 тонна қан айдайды. Осы қанның бәрін сыйдыру үшін әрқайсысы 50 тонналық 2600 цистерна керек екен.

…Адам денесінен бір тәу­лікте шығатын жылуға үш тон­на суды бір градусқа жылытуға немесе екі шелек суды қай­натуға болады.

… 70 жасқа дейін өмір сүр­ген адам 60 мың литр су ішкен, 11 мың келіден аса углевод, 2,5 мың келіден аса белок пен сондай көлемдегі май жеген болып шығады. Ежелгі Римдегі 112 жасқа келіп өлген шалдың басындағы құлпытасқа өр­нектеп жазылған қанатты жазу: «Ол ішіп-жеуде қатаң өлшемді ұстанды».

… Бар-жоғы 5 минут пляжда қыздырынып жатқан адам 4 стақан суды қайнатарлық не­месе елу ваттық лампочканы 3,5 сағат жандырып тұратын­дай күн энергиясын алып үлгереді екен.

…Адам тумай тұрып та есі­нейді екен. Оқымыстылар ішке біткен бала 12 аптадан асқаннан кейін есіней бас­тай­тынын анықтаған. Іштегі нә­рестенің есiнеуіне не себеп болатыны ақи-тақи анықтал­маған.
Оқымыстылардың дәлдел­деуінше, есінеу бәріміз ой­лай­тындай ұйықтауға шақыр­майды, керісінше, ұйқыны қууға және ағзаны тыңайтуға көмектеседі. Сондықтан есі­неуді орта жолдан тоқтатып қоюға болмайды.
Америкалық оқымыстылар нәзік және өз-өзін тергеп-тек­серіп отыратын адамдардың жиі есінейтінін анықтаған. Ал қатаң мінезділер керісінше, өте сирек есінейді екен.

…Кірпігін қақпай тұра ал­майтын адам болмайды. Ер­кек­терге қарағанда әйелдер кір­пігін жиі қағады.
Қалыпты жағдайда адам минутына 32 рет, толқып тұр­ғанда 50-60 рет кірпігін қағады.
Зерттеушілер анықтаған­дай, әйелдердің кірпік қағысы дүкен сөресінен тауар іздеп жүргенде минутына 14-тен аспаса, іздеген тауары табы­лып, есептесу үшін кассаға жақындағанда кірпік қағысы минутына 25-ке дейін көбейіп, касса аппараты чекті шығарып, сатушы оның құнын айтқанда кірпік қағысы минутына 45-ке дейін жетіп, көбінесе сол кезде сатып алушының төлейтін ақшасы жетпей қалып жатады екен.

…Адам тас төбеде қайнап тұр­ған Күнге тіке қараса, қы­зып тұрған лупаға қағаз тос­қандай күю қаупі туады.

…А дәрумені жетіспейтін адамдардың көзінен жас шықпайды да, жылай ал­май­ды.
Көз демекші, «жанның ай­на­сы – көз» деп бекер айтыл­маған. Мәселен…
Бұлыңғыр көз – жұқпалы кеселге шалдығу қаупі.
Көздің қызаруы – суық тиюдің белгісі.
Көздің сарғаюы – бауыр­дың қабынуы, сары ауру.
Меңіреу көзқарас – ішек­тің дертке шалдығуы, ағза үшін өлім қаупі.
Жарқырап тұрған көз – қызуқандылық пен құмар­лықтың белгісі.
Мұз жанар – ағзаның қатты әлсізденуі.
Сулы жанар – қатты эмо­цияға берілгендіктің белгісі.
Көздің бір орнында тұр­мауы – қорқақтықтың немесе жүйке әлсіздігінің белгісі.
Америкалық ғалымдар тіс­жегіге (кариеске) қарсы құрал ойлап тапты. Оны бір рет қолданса болды (бар-жоғы 150 доллар). Ұлыбритания мен Америкада клиникалық сынақ­тар жүргізілуде. Бірнеше бак­териялар ауыз қуысындағы қантты сүт қышқылына айнал­дырып, сүт қышқылы эмальді жеуден кариес пайда болады. Оқымыстылар осының емін тапқан.

…Еуропадағы ең ұзын адам австриялық Виннимайер бо­лыпты, оның бойы 273 см-ді құраған.

…Еркек пен әйелдің бой ұзын­дығының айырмасы 10-15 см. Бүкіл адамзат бойынша ере­­сек адамдардың бойының ор­таша ұзындығы: ер­кек­тер­дікі 165 см, әйелдердікі 154 см.

…Жер бетіндегі тұңғыш рет адам санағын алу көне Мы­сыр­да біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мыңжылдықта жүр­гі­зіліпті. Одан кейін ежелгі Қы­тайда, Вавилонда, Персияда, Рим мен Грецияда жүргі­зіл­ген.
Адам санағын алу ол за­манда көбінесе дені-басы сау жас еркектерді әскери қыз­метке алу мақсатында орын алған. Халықтың басым бөлігі сауатсыз болғандықтан санақ екі қаппен жүргізілген: бір қапта ақ тастар, екіншісінде – қара тастар. Біріншісі әйел­дерді, екіншісі – еркектерді білдірген.

…Израиль тұрғындарының тең жартысынан астамы, аны­ғын айтқанда, 62 пайызы өзге елдерде дүниеге келгендер. Көбісі Австралияда, Канадада, Жаңа Зеландияда дүние есігін ашқандар екен.

…Ежелгі грек философтары мен ақындарының көбісі әбден қартайып барып дүние сал­ғандар. Ақын Ксенофан Коло­фонский 100 жасаса, лирик Анакреон – 85, ақын Пиндар – 80, трагик Софокл – 91, философ Демокрит — 100, фи­лософ Платон – 81 жас жа­сапты. Дұрыс өмір сүру ере­жесін ұстанған олар кәрілікке алқынбай жетіпті.

…Әлемде ең ұзақ өмір сүр­ген ағылшын Томас Карн саналады. Шіркеу кітапшасына сәйкес, ол Лондонда туып, 207 жас жасапты.

…Тағдыр кейде адамды ауыр сынаққа салып, оны адам мызғымай көтергеніне жұрт сенбейтін жағдайлар болып тұрады. Қараңыз. Он алты жас­тағы Джордж Лоуренас сар­қыраманың қасында вело­сипедпен келе жатып, өзін ұстай алмай құлап түскен де, он қабат үйдің биіктігіндей жерден жартастың қырына барып түскен. Қабырғасы мен басын сәл-пәл жарақаттағаны болмаса, сабазың дін-аман қалған.

…Венгрияда алты бала­сы­мен жесір қалған әйел қырық жылда 94 ұл мен қызды асырап-бағып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған екен. Осы еңбегі үшін ол Орденмен марапат­та­лыпты.

…Оңтүстік Бирмадағы арал тұрғындары әр жыл сайын… жасара түседі. Ол оған қара­пайым арифметикалық опера­цияның көмегімен жетеді. Аралда шыр етіп жерге түскен нә­рестенің жасы бірден… алпыс деп есептелінеді. Бір жас­қа толғанда, оған жас қо­сыл­майды, керісінше, бір жас алынып тасталынады. Яғни 59 жас. Осылайша, ең құрметті ақсақал адамдардың жасы мұнда бес-алтыда болады. Ал адам 60 жастан ұзақ өмір сүрсе ше? Ол да оп-оңай. Жергілікті есеп бойынша, тұрғынның жасы нөлге жеткенде, оған тағы он қосылады да, әлгі адам қайта жасара бастайды.
«Әр елдің заңы басқа, итте­рі қара қасқа» деген осы-ау, ә!

Төреғали
ӘЛІПҰЛЫ

http://www.aikyn.kz