АЛТЫНОРДА
Новости

Әлем айшықтары

“МАЙМЫЛ ӘЙЕЛ” ӨЗ ЕЛIНДЕ ЖЕРЛЕНДI

ХIХ ғасырда әлемге “маймыл әйел” атымен белгiлi болған Юлия Пастра 1834 жылы дүниеге келген. Ол өте сирек кезде­сетiн екi дертпен ауырды. Оның бiрi – гипертрихоз едi. Сонымен қатар жағы пропорционалды емес, ал құлағы мен мұрны үлкен, маңдайы кiшкентай болды. Ол 16 жасынан бастап өле-өлгенше циркте қызмет еттi.
Юлия 1860 жылы Мәс­­кеу қаласында гастрольде жүргенде бала туу кезiнде қайтыс болды. Күйеуi бiрнеше жыл бальзамдалған әйелiн әйнектi табытқа салып, өзiмен бiрге алып жүр­ген.
Мексика мемлекетi не­ше жылдан берi Юлия Пастраның мүрдесiн елге қайтаруды сұраған едi. 1921 – 1950 жыл аралығында оның денесi Норвегияның көңiл көтеру паркiне қойылған болатын. Ал соңғы уақытта оның мүр­десiн жабық табытқа салып, Осло уни­вер­ситетiнiң анатомия кафедрасында ұстады. “Маймыл әйелдiң” мүр­десiн елiне жiберу туралы шешiм 2010 жылдың жазында қабылданған болатын. Сөйтiп, қайтыс болғанына 150 жыл өткен соң Юлия Пастраның бальзамдалған денесiн ақ табытқа салып, үстiн раушан гүлi­мен көмкерiп, мексиканың Синалоа-де-Лейва қаласына жер­ледi.
“Юлия Пастраның жерлеуiне көп адам қатысты, олардың iшiнде қаланың губернаторы Марио Лопес те болды”, – деп жазады Science World Report.
ЖАПОН АСПАЗШЫСЫ ТОПЫРАҚТАН ТАМАҚ ЖАСАЙДЫ
Жапонның аспазшысы Тосио Танабе – фран­цуз тағамдарын жасаудың кәсiби маманы. Бұрын ол боксшы болған, бiрақ Тосио спорттық карьерасын жиып қойып, кулинарияға бет қойды. Мiне, оның француз мейрамханасында жұмыс iстегенiне де 20 жылдай уақыт болыпты. “Осыдан 8 жыл бұрын Тосио Танабе мейрамханаға келген қонақтарға тағамның жаңа түрiн ұсынды”, – деп жазады Reuters.
Бас аспазшы Тосионың қонақтарға ұсынған тағамының жаңа түрi – топырақтан жасалады екен. Бiрақ ол топырақты кез келген жерден ала бермейдi. “Мен тамақ жасайтын топырақты көп iздедiм. Тауға да, тасқа да шықтым. Оны жемiс-жидек немесе көк­өнiс, бидай өсiп тұр­ған жерден алуға болмайды. Себебi ол жердегi топыраққа неше түрлi тыңайтқыш себiл­ген. Ал менiң тамағыма керегi – таза топырақ”, – дейдi бас аспазшы.
Тосио Танабе iзде­ген топырағын тапты. Оған күнiне бiр келiдей топырақ әкелiнедi. Арнайы технология арқылы одан қауiптi элемент­тердiң бар-жоғын тек­середi. Топыраққа тән иiсiн жояды, електен өткiзедi. Содан кейiн барып тамақ дайындауға кiрiседi. Бұрын Тосио Танабе топырақтан бiр-екi ғана тамақ дайындаушы едi, қазiр оның тағамының түрi көбейдi. Мейрамханаға келушiлер тек қана топырақтан iстелген көженi ғана iшпейдi, сонымен қатар топырақтан қуырыл­ған нанды да жейдi. Бас аспазшының қонақтарға ұсынатын және өзi мақтан тұтатын тағамы бар. Ол – жуылмаған картоп (оның iшiне майдаланған шоколад салынады).
Танабенiң мақтаған және ағзаға өте пайдалы деген топырақтан жасалған тағамдарына әркiм әртүрлi пiкiр айтады. “Көжеден топырақтың дәмi бiлiнгенiмен, кәдiмгi көкөнiстен жасалған кө­жеге ұқсайды. Маған өте ұнады”, – дейдi бiр жер­гiлiктi тұрғын. Дегенмен де көбiсi бас аспаздың бұл тағамдарына сақтықпен қарайды. “Баяғыда адамдар топырақ жеген, ал қазiр олар жиiркенедi” дейдi Танабе. Бас аспаздың бұл тағамдары – орта есеппен 100 доллардай болады.
http://zhasalash.kz