Астана. 22 ақпан. BAQ.KZ. Бельгияның астанасы Брюссель қаласында 40 мыңға жуық адам қатаң үнемдеу саясатына қарсы наразылық акциясына шықты, деп хабарлады «Лента.Ру» агенттігі.
Бельгия кәсіподақтарының мәлімдеуінше, наразылық шеруі жалақы мен зейнетақыны индекстеуді тоқтату туралы шешімге қарсы бағытталған, бұл инфляция жағдайында сатып алу қабілеттілігін тым төмендетіп жіберуге әкеліп соқтырып отыр.
21 ақпан күні шеруге қатысушылар колоннасы Брюссельдің солтүстік вокзалынан оңтүстік вокзалына дейін жүріп өтті. Кәсіподақ ұйымдары бірлесіп биліктің саясатына наразылық ретінде ұйымдастырған акцияның өткізілуіне орай қаладағы бірқатар кварталдарда қозғалыс шектетілді. Наразылық шеруге Брюссельдің қоғамдық көлік қызметкерлері толық қатысып, жағдай одан сайын шиеленісе түсті. Бұл қоғамдық көліктердің айтарлықтай үзілістермен жұмыс істеуіне және қалалық көшелерде көптеген кептелістердің пайда болуына әкеліп соқтырды. Шеруді өткізу барысында құқық бұзу фактісі тіркелмеген.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың саңында Бельгияда соңғы 20 жыл ішінде бірінші рет көлік қызметкерлерінің жаппай ереуілі ұйымдастырылған болатын. Теміржолшылар, әуе компаниясы мен қалалық қоғамдық көлік кәсіпорындарының қызметкерлері бір тәулікке митингке шыққан еді. Еурокомиссияның ұсынысы бойынша биліктегілердің бюджет шығынын 1,3 млрд, еуроға қысқарту туралы қабылдаған шешімі акцияға шығуға негіз болды. Бұған қоса, елде зейнетке шығу жасын көтеру де қарастырылған, соның арқасында үкімет 11 млрд. еуро үнемдемек.