Абай ОМАРОВ (коллаж)
«Әке тұрып, ұл сөйлегеннен, Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деген қазақтың асқан даналығы бұл күні әдірем қалды. Бүгінде әкенің жағасына жармасқан ұл, шешенің бетінен алған қыз өсіп келеді. Батыс қызға бетпақтықты, ұлға ұждансыздықты үйретті. Қазақтың қадірі мен қастерлі әдет-ғұрпы күресінге шықты. Оның «мәуелі жемісі» – тал түсте көшенің қақ ортасында аймаласқан, саябақта талтайып жатқан қыз бен жігіт. Жылап-сықтайық деп отырғанымыз жоқ. Белгілі бір ұстанымсыз қалған тәрбие хақында сөз етпекпіз.
«Иесі нашар үйдің қонағы билейтіні» секілді батыстың баса-көктеп енген көшелік жабайы мәдениеті күнделікті өмірімізге әбден сіңіп болды. Қарапайым тұрмысты ғана емес, сананы басып алды. Теледидардан да, қарапайым тұрмыстан да батыстың жаман әдеттерін көре-көре көзіміз үйреніп, етіміз өлді. Сағызша созылған сериалдар теріс тәрбиеден басқа тәлім беріп жатқан жоқ. Оған балаларымыз күн ұзақ көретін шетелдік мультфильмдерді қосыңыз. Онда тәрбие тіпті теріс. Мультфильмдегі ата-анасының орны ауысып кеткен. Американың қай мультфильмін алсаңыз да, әкесі ыдыс жуып, тамақ істейді. Шешесі көше қыдырып, қызметте жүреді. Не болмаса басты кейіпкер – баланың не әкесі, я шешесі жоқ. Менталитетімізге мүлде жат дүние.
Мультфильмдегі баланың әкесі үнемі ыдыс жуып жүретінін көріп отырған төрт жасар қызымның өзі ерсі көріп: «Неге папалары ыдыс жуып, тамақ жасап, асүйден шықпайды? Біздің папамыз өйтпейді ғой» деп сұрады. Ойланып қалдық. Расымен, біз баланы неге тәрбиелеп жүрміз? Кішкентай баланың өзіне өрескел көрінген ділімізге қайшы тәрбиені осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұл – балаларға арналған мултьфильмдер хақында. Ал үлкендер өліп-талып көретін сериалдың соры – бес батпан. Әсіресе түріктің сериалдары жалпақ жұртты жынды қылуға айналды. Бірінің әйелін бірі кезектесіп ала беретін, беттері бүлк етпей бір-біріне опасыздық жасайтын, я ар-ожданын ақшаға сатып жіберетін ұл-қыздары туралы сериалдарды түріктердің өзі көре ме екен?! Жоқ! Түріктерге бұл сериалдар туралы айтсаңыз, төбе шашы тік тұрады. Түркияға жолы түскен бір танысымыз айтады, сондағы туристік қызметпен айналысатын түріктерге әңгіме арасында «Мың бір түн» секілді бірқатар сериалдарын атаса керек.
Қолдарын төбесіне қойып, «атама!» десіпті. «Ол – көргенсіздік, өтірік. Ондайға біздің әйел заты бармайды» десіпті. Өздері көргенсіздік ретінде танитын сериалдарды сонда біздің елге дәріптеуде мақсат не? Онсыз да қыз қылықтан, ұл ерліктен құр алақан қалған жоқ па?
Ерліктен құр алақан дегеннен шығады, өткен жұмада Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Доскей ауылына қарасты әскери бөлімнен екі бірдей сарбаздың қашып кетуі жалпақ жұртты дүрліктірді. Әскери бөлім аяғынан тік тұрып іздеді. Сөйтсе, әлгі екі сарбаз әскери борышын тастап, Астанаға «қыдырып» кетіпті. Қашқындар Астанадан табылды. Бар-жоғы бір жылдық әскери қызметке шыдай алмаған жігіттер жігіт пе, әлде мігіт пе? Махамбетше айтқанда, «қабырғасын бір-бірлеп сөксе де, қабағын шытпайтын ердің» аздығының көрінісі емей, немене?
Ұлттық тәрбиеден ада қалғанымыздың бұдан да өткен сорақы мысалдары баршылық. Ақыл-есі түзу әкесін дәрі беріп ұйықтатып, жүйке аурулар ауруханасына тапсырған қыз да, әкесін ұрып өлтірген ұл да бар қазір. Аты-жөнін түстемей-ақ қоялық. Бірақ 80-дегі әкесін жындыханаға тоғытқан қызы туралы естіген ел жағасын ұстаған жағдай болған. Өзін қолдан ауру қылған туған қызымен күресті бастаған ақсақал осы күні жүйке аурулар ауруханасының бас дәрігерін сотқа беріп отыр. Адвокат та жалдады. Әзірге іс әлі шешілген жоқ. Бұл – орысы ормандай Теміртау қаласында орын алған оқиға. Ұлттық үрдістен, қазақы тәлім-тәрбиеден қалыс қалған қаладағы ахуал.
Осы күні таңғалудан қалғанбыз. Өйткені «қазаннан қақпақ кетсе, иттен де ұят кететіні» рас. Қазіргі қоғам қақпағы жоқ қазан сияқты болып тұр. Оған сырттан ит те, құс та үйір. Тұмсығын тығып былғап жатыр. Түрлі сектасы бар, алуан жабайы мәдениеті бар дегендей…
Қазақта «Ұят болады» деген ұғым, түсінік болған. («Болған» деп өткен шақта айтуымызға жоғарыдағы аталған жағдайлар себеп). Басқа өзге бір ұлт та жоқ. Қазақ баласын жасынан кешегі күнге дейін сол «ұят боладымен» тәрбиелеп келді. Сондықтан ибалы, инабатты, арлы, ұятты болып ержетті. Бүгін сол халықтың «ұят боладысы» кеміп, «онда тұрған дәнеме жоғы» көбейді. Соның салдары – көргенсіздік.
Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ, саясат ғылымының кандидаты, мәдениеттанушы:
– Қандай болсын ілім-білімнің бастауында, қайнар көзі ретінде әдет-ғұрып, салт-дәстүр тұр. Батыста ол жоқ, құрдым болған. Неше ғасыр бұрын көшеге шығарып алған әйелдерін енді үйге кіргізе алмай әлек. Оны гендерлік саясат аясында жүргізіп жатыр. Бізде бәрі керісінше, ер-азаматпен тең болуы тиіс деп, үйдегі әйелді түзге шығардық. Содан баланың тәрбиесінде басты рөл атқаратын ана күндіз-түні далабезер болды. Сонда бала тәрбиесіз болмағанда қайтеді? Оны тәрбиелейтін анасы ер-азаматпен қатар шылым шегіп, шарап ішеді. Гендерлік теңдіктің жеткен жері осы болды. Ол аз дегендей, шалбарын да тартып алды. Шыны керек, қазір ұлттық құндылықтардың қадірі кеміді. Оны мойындау керек. Еліктеу, солықтау елдің дәстүрін ірітті. Халқымыз үшін масқара, сұмдық саналатын жат әдеттер жайлап алды.
Бұл – қалың қайғының бір қатпары ғана. Қайда бара жатырмыз? Қазақтың тап-тамаша қалыбы қайда қалды? Ойланып көрелікші… Ұят болмас үшін…
Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
http://alashainasy.kz