Сенбі күні ережесіз жекпе-жектен Мәскеуде өткен аса ірі халықаралық турнир бірқатар мемлекеттің жүрегінің түгі бар жігіттерінің басын қосты. Солардың арасында Қазақстанның
өкілі де болды.
«Мәскеу түбіндегі шайқас» деп аталатын жарыстың ұйымдастырылып келе жатқанына бірер жылдың жүзі болды. Десек те жерлестеріміз оған тұңғыш рет шақырту алды. Қырағы мамандардың таңдауы қазақтың қайсар ұлы Ермек Тлауовқа түскен екен. Тараз өңірінде туып-өскен ол бұған дейін грек-рим күресімен айналысып, елеулі табыстарға қол жеткізді. Спорт шебері деген атағы бар. Уақыт оза Тлауовтың аңсары ережесіз жекпе-жекке ауды. Бірақтар турнирлерде күш сынасып, өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бұл күндері ол «Алаш прайд» клубында жаттығады. Осы табыстарының арқасында Ресей астанасында ұйымдастырылған жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды. Аталмыш додада 66 келі салмақта күш сынасқан Ермек панкратионнан Ресей чемпионы Сергей Минасянмен кездесті. Алғашқы кезеңінде-ақ қандасымыз өзінің мықтылығын мойындатты. Бәсеке барысында қарсыласын жығып алған ол «қылқындыру» әдісін сәтті қолданып, айқын жеңіске жетті.
Айкын