АЛТЫНОРДА
Новости

Браконьерлер балықтың тұқымын тұздай құрытып барады

Астана. 27 ақпан. Baq.kz-Қазақтың даласындағы аң-құсты түздің тағысы емес, екі аяқтының жауызы жалмап тұр. Әсіресе, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген сирек кездесетін жануарларға қырып барады. Әлбетте, заңсыз аң аулағандар аз ұсталып жатқан жоқ. Абақтыға айдалып кеткендері де, айыппұл төлегендері де жетеді. Бірақ, құзырлы органдардың браконьер деген пәлені біржолата ауыздықтауға шамасы жетпей жатқанға ұқсайды. Әрине, тау-тасты паналап тығылып жүретін жырынды немелерді ұстаудың өзі оңай шаруа емес. Осындайда бақылаушы органдарга жергілікті халықты тигізетін көмегі көл-көсір.

 

Туған өлкенің флорасы мен фауынасы жұтап бара жатқанына жаны ашитын азаматтар мұндай оқыс оқиғалар туралы тиісті органдарға хабарлап, оның жолын кесуге өздері де атсалысып тұрады. Жақында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың блогына хат жазған Андрей Севостьянов деген кісі осы мәселені көтеріпті.
Ол Оңтүстік Қазақстан облысында браконьерліктің өршіп тұрғанына өкініш білдіреді.
Өзінің кәнігі балықшы екен. Министрге кейінгі кездері байқап, ойға түйіп жүрген жайттарды жеткізді. Кейінгі бірнеше жылдар бойы Көксарай су қоймасында қаскөйлер балықты контррегулятормен аулап, тап-тақыр құрытып баратын көрінеді. Осы заң бұзушылыққа ІІМ де, прокуратура да, полиция да еш назар аудармайды дейді. Жолдамасыз, рұқсат етілмеген тәсілмен балық аулап отырған браконьерлерге бірде-бір қадағалаушы органның сес көрсетпеуі бізді де таңқалдырды.
Әнекең – Андрей Севостьянов Бөкен су қоймасындағы бассыздықтарды да айтты: бүгінде онда сазан, мөңке сияқты балықтардан тұқым да қалмапты, ал амур, табан, көксерке сияқты балық тым азайып кеткен. Ал Михайлов су қоймасында балық түгелдей түгесілген. «Су қоймасының қожасы да жоқ, балығы да жоқ, оны қадағалайтын мемлекеттік органда жоқ»,– дейді табиғат жанашыры қамығып.
Дәулетқали Асауов

 

http://www.baq.kz/news/23952