АЛТЫНОРДА
Новости

АҚШ Сирия оппозициясына әскери көмек беруі мүмкін

Астана. 27 ақпан. Baq.kz Екі жылға таяп қалған Сириядағы қарулы қақтығыстың қашан аяқталатынын, қалай аяқталатынын ешкім білмейді. Адам қаны судай аққан елде азаматтық соғыс белең алып бара жатқандай ма, қалай? Не істемек керек? Қалай тоқтату керек? Әлем қауымдастығының елдегі жанжалды бейбіт жолмен шешу талпынысы сәтсіздікке ұшырады

 

Ақ үй қожайыны Барак Обаманың әкімшілігі осыған байланысты Сирияға қатысты тәсілін өзгертуі мүмкін. Егер қажет деп тапса, Башар Асадтың «жаны сірі» режимімен күресіп жатқан сириялық оппозицияға әскери көмек беруі де ықтимал. Бұл жайында кәрі құрлыққа ат терлеткен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің нөкерлері хабарлады.

Олардың айтуынша, «Сирияға қатысты Америка саясатындағы айтулы өзгеріс бола қалса, көтерілісшілерді бронежилет және бронемашинамен жабдықтап, әскери өнерге баулиды. Оппозициялық күштер коалициясына тікелей гуманитарлық көмек көрсетеді». Алайда, ресми тұлғалар Сирияға қатысты мұндай саясаттың әлі қарастырылып жатқанын, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Еуропадағы және Таяу Шығыстағы одақтастарымен бұл мәселені талқыға салатынын жеткізді. Бұл жайында The Washington Post хабар таратты.

Джон Керри Еуропада РФ СІМ басшысы Сергей Лавровпен кездесті. Алдымен Лондонда, содан соң, Берлинге ат басын тіреген Джон Керри сәрсенбінің сәтінде Парижде болмақ. Содан кейін сириялық оппозиция өкілдерімен кездесу үшін Римге аттанады. Одан ары Түркияға және Мысыр мен Парсы шығанағы елдерін аралайды. Еуропа төрінде сөйлеген сөзінде ол Вашингтонның Сирия билігі мен оппозициясы арасындағы бейбіт келіссөзге күш салғанын айтып, оның реті келмесе, көтерілісшілерге көмектесу мәселесін қарастыратынын жеткізді.

Осы уақытқа дейін АҚШ Сириядағы жанжалға тікелей араласқан емес. Көтерілісшілерге саяси қолдау білдіріп, оларды байланыс құралдарымен қамтамасыз еткені болмаса, қару-жарақ беріп, көмектескен емес. Өткен жылы АҚШ президенті Барак Обама сириялық оппозицияға қару-жарақ жеткізу туралы көмекшілерінің ұсынысынан бас тартқан болатын.

muslim.kz