АЛТЫНОРДА
Новости

«Таблиғи Жамағат» ұйымының басты белгілерін білесіз бе?

Өткен аптада Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты «Таблиғи Жамағат» халықаралық ұйымын экстремистік ағым деп тану және Қазақстан Республикасында оның қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарды. Енді еліміз үшін әлемнің 150 елінде қанатын кеңге жайған, 70-80 млн-ға жуық мүшесі бар «Таблиғи Жамағат» ағымы экстремистік ұйым болып есептеледі. Бірақ біз осы ағымның немен айналысатынын, өзгелерден қандай айырмашылығы бар екенін білеміз бе? Жоқ. Сол себепті де Үндістанның Кандаһла штатының Саһарнуфур деген жерінде дүниеге келген Мұхаммед Ілияс әл Кандаһлауи (1885-1944) іргетасын қалаған таблиғ жамағатының басты ерекшеліктерін айқындап, ол жолдан бұқараны сақтандыру һәм қоғамдық пікір туғызу мақсатында көзбен көрген жайларды оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

 

Машура, Әмірсаф…

Жұма күні болатын. Мешітке келдім. Сағат екі жарымдар шамасында дағауат­шылар машура (олар өзара кеңесін ма­шура деп атайды) өткізуі тиіс (жуырда бір жігіт маған уағыз айтып, «Алла жолына» үш күндікке шығуға үгіттеп, қайда кездесе­тінімізді айтқан-ды). Бір кезде мешіттегі «сүннет киім киген сақалдылар» бір-бірлеп екінші қабатқа көтеріле бастады. Мен де сол жамағаттың бірі болып соңдарынан ілестім. Шамамен 20-ға жуық адам жина­лып, машура басталды. Олар «Алла жолын­да үш күндікте, қырық күндікте, төрт айлық­та жүргендерді қайда жіберуге болады?» деген секілді сұрақтарға кеңесе отырып, жауап табысты. Сонан кейін ғана Алла жо­лына үш күндікке кетіп бара жатқан біз­дің мәселеміз қаралды. Машураның шеші­мімен, алты адам Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Маловодное ауылына баратын болдық. Сол алты адам аталмыш кеңестен соң, тағы да машура өткізіп, арамыздан Ел­дос есімді жігітті әмірсаф(Алла жолына шы­ғатын жамағаттың басшысы) етіп тағайындадық.

Мүзәкәрә…

Біз артынып-тартынып, буынып-түйініп аттанамыз дегенше күн екіндіден ауды. Осылайша Алматыдан 64 шақырым қашықтықтағы Маловодное ауылына бет түзедік. Жолға шығысымызбен Алла жолының амалы басталды. Ол амалдың аты – мүзәкәрә, яғни қайталау амалы. Әмір­саф: «Алла жолына бес дұрыс мақсатта шығамыз», – деп бес мақсатты айтып шықты. Сол айтылған жайды алтауымыз да кезек-кезек қайталауымыз керек. Сонан кейін Алла жолына үш мақсатта шығуға болмайтыны айтылып, қайталанып жатты. Ұққанымыз, дағауатшылар бұл сапарға бірінші сауап алу, екінші берекет тілеу, үшінші үйрету үшін шықпайтын көрінеді.

Келген бетте Құлжа күре жолы қақ жа­рып өтетін Маловодное ауылының мешітіне ат басын тіредік. Ақшам намазы оқылған соң, машура жасадық. Бұл кезде дағауат­шылардың осы ауылдағы Айдын мен Сәрсенбі атты өкілдері келіп қосылған бола­тын. Талқыға салынған мәселе: «Қайда барамыз? Қайда түнейміз?» Жалпы, да­ғауат­шылар осы ауылға келгенде қонатын бір бос үй бар көрінеді. Ол жерге бір айдан бері ешкім бармапты. Біздің келетінімізді білсе, бәрін реттеп қойғандай екен. Амал не? Машурада келісе келе, біз Сәрсенбінің үйіне баратын болып шештік.

Ертесінде… Қызметші, ибон… 

Кеше жатарда машура өткізіліп, бұл күні істелер амалдар пысықталып қойған бола­тын. Әрқайсымыздың мойнымызға жауап­кершілік жүктелген. Екі жігіт – қызметші болып тағайындалды. Олар осы күнгі ас-ауқатты дайындайды, үйді жинас­тырады, су әкеледі, тағы тағылар… Бір адам – ибон. Оның қызметі жамағатты ғи­ба­датқа шақыру, ояту, амалдарды хабар­лау… Сосын, тамақ әдебін айту, талим, бесін, шамбаяндарын орындау, тәһәжүдтің ма­ңызы мен ұйқы әдебін айту секілді қыз­меттер бөлінді. Ояна салып мешітке барып, таң намазын оқыдық. Сосын Сәр­сен­бінің үйіне келіп, ғибадатымызды бастап келіп жібердік. Алғашқы ғибадаттың атауы – талим. Кітаптан хадистер оқылды. Тың­дадық. Сосын мүзәкәрә амалы жасалды. Бұл амал бойынша, білетін сүре­лерімізді қайталадық. Онан кейін Алла жолындағы мұсылманның алты сипатын қайталадық. Дағауатшылар осы алты сипатты қайталау­дан жалықпайтын сияқты. Өйткені олардың бар айтатын уағызы да, жасайтын амалдары да осы сипаттарға шідерленген. Сипаттар­дың мақсаты мен пайдасы көп айтылады. Сол арқылы осы жолдағы ағайындар о дүниеде жақсылыққа кенелетініне шүбәсіз сенеді.

Гәш амалы, мүтәкәлим, дәлел, кәләм жүніс…

Гәш амалы дегеніміз – елді дінге, ме­шітке шақырудан тұрады екен. Оның да өзіндік қағидалары бар. Үш немесе екі адам дағауат айтуға көшеге шығады. Бұл үшеуінің бірі – әмірсафтың, яғни басшы­ның қыз­метін орындайды. Ол көшеден жүріп-тұру қағидасын, кездескен адамға «дағауат айту керек пе, жоқ па?» деген се­кіл­ді мәселелерді шешеді. Ал екі адам шыққан кезде әмір­сафтың қызметінің қажеті шамалы. Бар мәселені өздері шеше береді. Осы үшеудің бірі мүттәкәлим бо­лады. Жал­пы, дінге шақыратын, уағыз айтатын – сол. Үшінші адамның қызметі дә­­лел деп аталады. Оның қызметі едәуір жеңіл. Кездескен адаммен амандасады. Сосын қасындағы жігітті «тыңдап қойсаңыз» деп өтініш жасайды. Онан кейін ол да мүттә­кәлимнің уағызын ұйып тыңдауға міндетті. Сөйлеуге, ой қосуға құқы жоқ. Бұл – көшеге шығатын­дардың қызметі. Мешітте кәләм жүніс қалады. Оның атқарар шаруасы – мешітке дағауат айтушылар әкел­ген, я өзі келген жандарға дінді түсін­діру. Бір адам мешіттің шыға беріс есігінде қалады. Ол әрі-бері өткен тұрғындарды мешітке ша­қырады. Аса көп уағыз айт­пай­ды. Келу­шілерді күтіп алып, ішке кіргізеді. Бұл кезде тағы бір дағауатшы «дұғада» отыра­ды. Ол Алладан осы амалдың қабыл болуын, осы ауылдың, қала берді, бүкіл әлемнің осы жолға келуін тілейді.

Иманзарлы үйлер

Осы сапарда бәріміздің еншімізге қызмет бұйырды. Менің қызметім – дәлел болу. Қасымдағы мүттәкәлим Елдос. Адам аз болғандықтан, әмірсафтықты Ел­дос өзі тындырады. Гәш амалына 40 минут уақыт бөлінген. Мешіттен дағауат ай­татын екі топ шыққан едік. Екі тарапқа ат­тан­дық. Елдос әрдайым иман жаңартуды (осы жолдың дұрыстығына сену), мына үйлердің бәрі иманзарлы (иманға зәру) екенін еске салып отырды. Бұған дейін бұл жамағаттағылар үй-үйдің есігін қағып, дағауат айтып келіпті. Біз машурада ешкім­нің есігін қағып мазаламайтын болып шеш­кенбіз. Біраз жүргеннен кейін жолдың қар­сы бетінен бір аға кетіп бара жатқанын көрдік. Дереу жолдан өтіп, амандастық. Дағауат айта бастап едік, ағамыз асығыс екендігін айтып, ұзай берді. Онан кейін екі жігіт кездесті. Оның біреуі осы жамағаттың мүшесі екен. Қасындағы жігітті мешітке келуге үгіттедік. Мұнан кейін тағы да екі жі­гіт кездесті. Біреуінің қолында сыра. Уағыз­ды бастағанда сырасы бар жігіт ұялып қалды. Қолындағы сусынын артына тығып ұстап тұрды. Осы сәтте ар жақтан тағы бір кісі келіп, бізді тыңдады. Қош! Іштей біртүрлі сезімде болады екенсің. Көшедегі дін та­ратушы миссионерлерді көріп, ыза болушы едім. Мына адамдардың ішінде не жатыр? Біз жайлы не ойлап тұр? Осы дағауат олар­дың жүрегіндегі Аллаға деген іңкәрлікті оята ала ма? Белгісіз. Белгілісі, 40 минут көз­ді ашып-жұмғанша өте шықты.

Қай­­­тар жолда «Иә, Алла, біз сахабалар секілді дағауат жасай алмадық. Бізді кешіре гөр» деп іштей өкініш білдіріп, истиғфар (Алладан кешірім сұрау) айту, мешітке келген соң кездескен адамдардың дінге келуі үшін дұға жасау қажет. Ақшам нама­зы­нан кейін шам­баян амалы орындалды. Біз гәште кездескен адамдарды ақшам намазынан кейін мешітке келуге шақырған болатынбыз. Бірақ біз шақырған жандардан ешкім де келмеді. Яғни жамағатқа жаңа мүше қосылған жоқ. Десе де, осы ауылда тұратын 4-5 таблиғшылар келген екен. Қа­рамыз көбейді. Бәріміз «Алдағы айда да Алла жолына үш күндікке шығамыз» деп ниет етістік. Әмірсаф әркімнен қашан, қай уақытта шығуға мүмкіндігі бар екенін сұрап жатыр. Осымен біте салмады, 40 күн, төрт айлыққа да ниет жасатқызды. Мұнан кейін­гі болған оқиғалар мен істелген амалдар кешегіге ұқсас. Оны қайталап жатудың реті жоқ білем…

Кәргүзәли-түйін немесе сөз соңы

«Таблиғи жамағатты» халықаралық ұйым дегенімізбен, елімізде ресми тіркел­меген. Ағым мүшелерін қалың бұқара да­ғауатшылар деп қана таниды. Бүгінге дейін ұйымның арнайы орталығы, ресми тіркелген жері болмағандықтан да, ішкі істер органдары олармен заң аясында жұмыс істей алмай келген еді. Көше кезіп, үй-күйсіз жүретін, мешіттерге түнеп, ке­лім­ді-кетімді азаматтарға уағыз айтатын таб­лиғшылар осы орайды жақсы пай­дала­нып, ел аумағындағы идеоло­гиясын тарата берген-ді. Енді міне, Алла жолына шығып келген соң, жамағаттың ғибадатты түйіндеп жасайтын кәргүзәли амалы секілді кәргүзәли түйінді жазуға мүм­кіндік алып отырмыз. Яғни сіз егер де біз айтқан машура, мүзәкәрә, гәш, әмір­саф т.б секіл­ді сөздерді жиі қол­данатын ағым мүшелерін кездестіре қалсаңыз, абай болыңыз… Олар таблиғи жамағатшылар болуы әбден мүмкін. Біздің бар айтпа­ғымыз – осы…

 

Тақырыпқа орай

Қаңбақ ғұмыр 

Тепсе, темір үзетін жап-жас жігіттер. Таблиғи жамағаттың торына түскен. Осы жолдың ең игі жол екеніне имандай сенеді. Бізге әйтеуір қонатын жер табылды. Естуімізше, осындай сапарға шыққан кейбірінің барар жері болмай қалады екен. Көрпе-жастығы бар емес пе, соны төсеп, кез келген жерге аунай кетеді. Сөйтіп жүріп уағыз айтады, елді мешітке шақырады. Пайғамбарымыздың сүннеті деп сақал қояды. Сүннет киім киеді. Әрине, не істесе де құқылы. Бірақ сырттан көргендер «мұсылмандықтың көрінісі мынау болса, ондай мұсылмандығына рақмет» демесіне кім кепіл? Дағауатшылар қолдан келсе, айына үш күнге Алла жолына шығып тұруға тиіс екен. Жылына осы үш күндіктердің сыртында 40 күндікке сапар шегеді. Ал енді өмірінде бір рет төрт айға Алла жолына шығу – міндет. Айына үш күн деп есептегеннің өзінде жылына  36 күн, оған жылдық 40 күнді қосыңыз… Үй бетін көрмей, екі жарым ай сапарда жүреді деген сөз. Бұл қатып қалған қағида емес. Айына үш күндіктің, жылына 40 күндіктің бірнешеуіне шығатын ғұламалар (тақуаларын өздерінше осылай атайды) бар. Ал төрт айлықтың бірқаншасын өткергендер де жетіп-артылады. Сол 40 күндік пен төрт айлық сапардың бір парасы шетел асады. Негізгі бағыт – Үндістан. Яғни бұлар ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ ғұмыр кешіп жүр. 40 күнге көрпе арқалап кетіп бара жатқаныңызды ойлаңызшы. Жүрек ауырады. Әрине, соған татитын тереңдік, соған татитын ілім, соған татитын тазалық болса, құба-құп.

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

http://alashainasy.kz/politics/40892/