«Қазпотребнадзор» қоғамдық бірлестігі мен «Рейтинг.kz» агенттігінің зерттеулеріне қарағанда, қазақстандықтарға мемлекеттік тілді тегін үйрету үшін сегіз жыл мен 876 млн доллар қажет. «Қазақстандықтардың мемлекеттік тілді тегін үйрететін курстарға қолы жетуі үшін сегіз жыл мен 876 млн доллар қажет. Аталған бастаманы біртіндеп жүзеге асыру басқа жаққа қоныс аударатын орыс тілді халық санын азайтуға мүмкіндік береді», – делінген сәрсенбі күні таратылған зерттеуде. Қазақ тілін жалпылама үйренуге мүмкіндік жасау арқылы мемлекет барлық азаматтардан тілді білуді талап ету құқына ие болмақ. «Қазпотребнадзор» мемлекеттік тілді білетін азаматтар үлесінің артуын орыстілділердің өзге елдерге қоныс аударуымен және туған тілінде сөйлейтін ауыл қазақтарының арасында бала туу көрсеткішінің өсуімен байланыстырады. «Бұл 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтар санын 95 пайызға жеткізуді көздейтін мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына жауап беретін лауазымды тұлғалардың көңіліне медеу болмауы тиіс», – делінген хабарламада. Бірлестік Алматыда «Тіл» оқу-әдістеме орталығы» МКК жұмыс істеп тұрғанын және онда тек мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық-мәдени орталықтар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар өкілдері ғана тегін білім ала алатынын айтады. «Қалада мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар санын арттыруға жағдай жасалмаған. 2012 жылы Алматыда тілдерді дамытуға 27 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы жеткіліксіз», – делінген хабарламада. Зерттеушілердің айтуынша, Алматыда қазақ тілінен гөрі ағылшын тілін үйрететін курстарды табу оңай көрінеді.
http://qogam.kz