4-12 наурыз аралығында Лондонда өтіп жатқан Орталық Азия және Кавказ қазіргі заманғы өнер көрме-сатылымы экспозициясы «Өткелде» деп аталады. Оған қойылған туындылар қатысушы елдердің саяси, экономикалық және мәдени дамуындағы өтпелі кезеңді бейнелейді. Көрмеге тоғыз қазақстандық суретшінің жұмыстары ұсынылыпты. Олардың екеуі – Бахтияр Табиевтің «Каспий жанындағы ауыл» және Салахитдин Айтбаевтың «Тың. Түскі ас» туындылары. Соңғысы – 1960 жылдары салынған және Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұражайында сақтаулы «Түскі ас. Бригаданың жиналуы» туындысының бір нұсқасы. Сондай-ақ Сергей Маслов, Георгий Трякин-Бухаров, Саид Атабеков, Алмагүл Меңлібаева, Александр Угай, Елена және Виктор Воробьевтардың туындылары да қазіргі заманғы Қазақстан өнерін көрсетеді. Қазақ поп-арты мен инсталляциясының ақсақалы саналатын Георгий Трякин-Бухаров: «Бізге Лондонда өз жұмыстарымызды көрсетуге демеушілік көрсетіп, мүмкіндік берілгені үшін ENRC әртараптандырушы компаниялар тобына шексіз алғысымызды білдіреміз. Әрине, бұл ерекше іс-шара. Қазақстандық суретшілердің туындыларын Sotheby’s көрмесінде көрсету – біздің қазіргі заманғы өнеріміздің беделін көтереді» деп атап өтті. Көрмеге оның «Алтын қиыс» композициясы ұсынылған екен. ENRC PLC Бас атқарушы директоры Феликс Вулис: «Осындай жаңашыл көрменің демеушісі болу – бізге орасан зор құрмет. Біз қазіргі заманғы Қазақстанның өнер туындыларын халықаралық деңгейде көрсетуді мақтан тұтамыз. Осылай Қазақ елі мен жалпы өңірдің бай мәдени мұрасына үлкен назар аудартамыз» деп атап көрсетті. Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ |
http://www.aikyn.kz