АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақы қоңыр үннің бір тамшысы

Жасырып, жалтақтайтын ештеңе жоқ, қазір нағыз қазақы үнді сақтап қалған, өз даусындағы қазақы қанмен берілген сол бір қоңыр бояуын еш нәрсеге айырбастамайтын әншілер саусақпен санарлық қана. Дәстүрлі әннің жөні бөлек, әрине, біз бұл ретте эстрададағы қазақылық жайлы айтып отырмыз. Әсіресе кейінгі толқын жас ұрпақ әр буын сайын милизм қосып, әнді барынша батыстықтарша айтуға әуестеніп алған мына заманда бір жерден қоңыр үнді құлағымыз шалып қалса, елең ете қалатынымыз жай емес. Себебі өз болмысымызға тән дауыс пен әнге шөліркейміз бәріміз. Осындай бір шөліркеп жүрген кезімізде Қанат Үмбетов сынды жас әншінің кіл қазақы үндегі қазақы әндерден тұратын жеке әнжинағын шығаруы шөлде су тапқандай оқиға болды.

 

Алаш жұрты бұл әншіні  «Шам­шы­ра­ғым» атты әніне түсірген бейнеклипі ар­қылы таниды. «Түсі игіден түңілме» дейтін қа­зекем бір көргеннен Қанаттың биязы мі­незі мен қазақы болмысын аңғарған. Сөйт­сек, ол Тоқтар Серіков сынды өресі биік әнші, тек әнші ғана емес, өзінің мінез-құ­лық, іс-әрекетімен ұлтының ұлы деген аты­на лайық екенін аңғартып үлгерген ән­ші, сазгердің өзі қалап, өнерге алып келген шә­кірті екен. Қанаттың ән жинағының жар­тысынан көбі де сол Тоқтар Серіковтің ән­дері. Ал өз шәкірті, өз бауыры, өнерге әкелген өз жаңалығы жайлы айтқанда Тоқтар ағамыз да тебіренбей қала алмады:

Ұстаз лебізі

Тоқтар СЕРІКОВ: 

– Қанаттың ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән әдемі үні бар.  Та­лант­ты жігітті қанатымның астына алмас бұ­рын өзімен ашық сөйлескенде былай деп айтқаным есімде: «Қанатжан, сенің өз ұлтың бар, сол ұлтқа тән мінезіңді жо­ғалтып алма, қазақ деген халыққа кір келтірме, «орысизм» деген бар ғой, со­ған ерме, менің талабым сол» деп айт­қанмын. Себебі бізде қазір өздерін за­манауи стиль дегенді шалбарының тізелерін салақтатып шығарып алып, билеу деп ұғатын әншілер көп қой.  Егер сол түсініктегі заманауи стильге салам десем, Қанаттың дауысы оған да келер еді, классикаға да келеді. Алайда мен Қанатты қазақы қалыпта қал­ды­руды дұрыс санадым. Себебі халыққа өл­­мейтін ән керек. Сол артылған үміт ақтала бастады, алайда алғашқы үн­таспа – алғашқы жетістік қана, себебі үл­кен өнер, үлкен жеңіс әлі алда. Жеке кон­церт бар алда. Негізі, қандай әнші бол­сын, жеке концертін түгел жанды дауыста беруі керек. Бүгін жарық көріп отыр­ған үнтаспадағы әндердің жар­ты­сынан көбі менікі екен. Соған қарап ың­ғайсызданып қалдым да, «Қанат, менен басқа композитор құрып қалды ма, неге басқалардың әнін де қос­падың?» десем: «Маған ұнағаны осылар болса, қайтем?» дейді. Бұл өзі бір өнерге қомағайлау бала. Бір ән жаз­сам, ести сала бірден «мен жаз­ды­рамын, аға» дейді. Тағы бір ән жазам, оны да бірден сұрайды. Бір жағы онысы дұрыс та. Сондықтан бүгін алғашқы үнтаспасының тұсауын кесіп жатқан Қа­натыма, ең бірінші тілейтінім, өнердегі қа­наты талмасын. Мен өнерде еш­қан­дай жаманшылық көрген жоқпын. Мен – өз өнерінен бақыт тапқан адам­дар­дың бірімін. Менің осы бақытымды Жаратқан Қанатқа да берсе екен деп тілеймін.  

Замандас лебізі

Жанабай ӨТЕГЕНОВ, әнші:

– Біз Қанатпен Астанада өнер жо­лын бірге бастаған, бір буын өкіл­де­ріміз. Өзіме негізі қазақы қыздар мен қазақы жігіттер қатты ұнайды. Қанаттың да сол мінезін ұнаттым. Бәлкім, оны өзіме ұқсатқанымнан да шығар. Әндері де сондай қарапайым, бірақ ұлттық бояуы қанық, бірден елдің жүрегін жаулап алатындай, ел бірге қосыла шыр­қай жөнелетіндей әндер. Өнерде де, өмірде де қатты құрметтегенімнен де бүгін Қанаттың қуанышына сонау Астанадан бір топ өнердегі әріптесі  ар­найы келіп отырмыз. 

Ғаділбек ЖАНАЙ, әнші:

– Қанат – бүгінде қазақ эстра­да­сында саналы әндер орындап жүрген са­наулы әншілердің бірі, біздің ба­уы­рымыз. Репертуарында да қосақ ара­сында жүре берсін дейтін кездейсоқ ән жоқ, әр әні – саналы түрде бір оқиғаға негізделіп, ар жағында қазақы мүдде тұратын туынды. Ал бұл кез келген ән­шінің уысына түсе бермейтін, бақ­ша­сында пісе бермейтін бақыт. Ал өзіме әсіресе Қанаттың «Шамшырағым» әні қатты ұнайды.  

Қанат ҮМБЕТОВ, әнші:

– Өнерге ең алғаш келген күннен ұм­тылған биігімнің бірінші баспалда­ғы­на бүгін міне аяқ басып отырмын. Әри­­не, осы күнге жету мен үшін оңай бол­­ған жоқ.  Бұл үнтаспа – қаншама тер төгіп, ізденудің нәтижесі. Әрине, эстра­даға қандай да бір жаңалық әкел­дім деп те айта алмас едім. Себебі бұл жол­да бізге дейін Мейрамбек, Тоқтар сын­ды ағаларымыз жүріп өткен, біз со­лардың сүрлеуін жалғастырушы болып та­быламыз. Бірақ сол үшін де, яғни ал­дыңғы толқын ағаларымыздан қазақ әнінің қасиетті тізгінін ұстауды үй­ренсек, соған лайық бола алсақ, ри­замыз. Мен үшін әлемдегі ең жағымды үн – қазақтың қо­ңыр үні. Егер менің әр әнімн­ен тың­дарман сол қоңыр үнді ес­ти алса, мен үшін содан артық бақыт жоқ.   

Қорытпа сөз

Әнжинақтың тұсауын кесу құрметі белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлиев пен әншінің ұстазы Тоқтар Серіковке табыс етілді. Ал әрі қарай кештің сәнін кіргізіп, әдемі әндерімен әрлеу «Заман» тобы бастаған, биылғы «Саз әлемі» байқауының жеңімпазы Жаңабай Өтегенов сынды көптеген Қанаттың өнердегі замандас­тарының еншісіне берілді.

Ал Қанат Үмбетов осыдан екі айдай ғана бұрын газетімізге берген сұхбатында:  «Маған ат басындай алтын берсе де, «Новая волна» сияқты т.б байқауларға шықпас едім. Не болмаса шетелдің бір әнін ұсынып, «осы әнмен Қазақстанда нөмірі бірінші жұлдыз боласың» десе де айтпас едім. Неге? Себебі ең бірінші ол менің та­би­ғатыма қарсы, сондықтан оны орындап шы­ға алмаймын» деген болатын. Олай болса, біз әншіге «осы бетіңнен тайма, оқыр­ман сенің тілекшің әрі сыншың» дейміз сөз соңында.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

http://alashainasy.kz/

Жеңіс ЫСҚАБАЙ (фото)