АЛТЫНОРДА
Новости

Мағжан сенген жастар қайда қазiр?..

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар
Мен жастарға сенемiн! – деп, осыдан бiр ғасыр бұрын Мағжан Жұмабаев сенген жастарымыз қайда қазiр?.. Қалада, көрiнгеннiң босағасында, жуынды баққан итке ұқсап, өлместiң күнiн көрiп жүр. Бұл – ащы да болса шындық. Ауылдан қалаға жұмыс iздеп барған 18-35 жасқа дейiнгi бүгiнгi қазақ жiгiттерiнiң маңдайларына қарғыс таңбасындай болып басыл­ған шындық!
Бiр ғана Атырау қаласында қаншама сiрескен бюрократтық мекемелер бар. Олар: түрлi банктер, iрi-iрi шетелдiк компаниялар, қилы кәсiпкерлiк кеңселер (оларды өздерiнше шетелшелеп “офис” деп атайды), университет, академия, филармония, колледждер, iрiлi-ұсақты оқу орындары, шаруашылық-құрылыс базалары, азық-түлiк қоймалары, ақылы автотұрақтар, салынып жатқан құрылыс ғимараттары және тағысын-тағылар. Осы аталғандардың әрқайсысының босағасында қос-қостан өрiмдей қазақ жiгiттерi сiлейiп тұр.
Қалаға барсақ, көшеден көзтаныс ауылдың балалары ұшыраса кетуi сөзсiз. Аман-саулық сұрас­қан соң: “Ал батыр, жұмыс қайда?” – деймiз ғой хал-жағдайын бiлмек болып. “Ой, аға, охранадамын ғой. Бiр күн iстеп, екi күн демаламын”, — дейдi мақтаныш сезiммен. Соның өзi бiр үлкен жетiстiк сияқты олар үшiн. Ендi қайтсiн, “ауылда аяқтентек болып жүргенше, қаладан жұмыс таптым ғой, әйтеуiр…” деген аздаған жүрек жарды жұбанышы да. Ау, “охрана” деп дардай етiп атап жүрген жастарымыздың бұл қызметi, қазақша айтсақ, кәдiмгi “қарауыл” емес пе? Қара­уыл болып бұрындары кiмдер iстейтiн едi? Әрине, зейнет жасындағы қарттар немесе бiр мүшесi кем, еңбекке жарамсыз екiншi, үшiншi топтағы мүгедек жандар. Сонда бұрынғы зейнеткердiң, мүгедектiң жұмысына малданып, танаулары желпiлдеген жастарымыздың, тепсе темiр үзетiн атпал азаматтарымыздың түйсiк-түсiнiгi­нiң, ой-өресiнiң жеткен жерi сонда осы “охрана” болғаны ма?
Жоғарыда аталғандардан бас­қа қалада қаншама сауда орындары бар: минимаркет, супермаркет, гипермаркет, жабық сауда орындары, базарлар, тағы басқалар. Оларда қаншама қазақ жiгiттерi қа­рауыл қарап тұр. Ал, есесiне, қыздар еңбек майданына қызу араласуда, қарауыл қыз-келiншектердi кездестiрмейсiз. Мысалға, бiр супермаркетке кiре қалсаңыз, қатар-қатар орналасқан кассалық аппаратта тiзiлген тұтынушының саудасын атқарып, әрбiр ұсақ-түйекке шейiн бiр-бiрлеп аппараттан өткi­зiп, тыным таппай жанталаса жұмыс iстеп жатқан өрiмдей қазақ қыздарын көресiз. Олардың мойнындағы жауапкершiлiк жүгi де ауыр: есептен жаңылысып кетпеуi, мо­йынға ақша iлiнiп қалмауы керек, сонымен қатар қаншама тұтынушыға үлгерiп қызмет көрсетуi керек. Ал жандарында және дүкен iшiндегi әр сөренiң тұсында екi қолдары салбырап, бос, сiлейiп тұр­ған жас жiгiттердi көресiз. Қарама-қайшылық па? Намыс қайда?.. Өзiндей өрiмдей қызбала миынан қым-қуыт есеп-қисапты өткiзiп, сарт-сұрт жұмыс жасап жатыр, ол болса қарауыл қарап тұр. Өйткенi оның қызметi де солай, сөрелерге қарап тұру. Үлкен дү­кендерде ондаған, жүздеген қарауылдар тұрады. “Тек тұрмын-ау, уақытым босқа өлiп жатыр-ау” деп олар ойлай ма екен?! Және бұлар – кiлең қазақ жiгiттерi. Қарауыл қарап тұрған бiрде-бiр орыс баласын кездестiрмеппiз.
“Өндiрдей жасты босағаға тел­мiртiп, бағын байладым-ау, бұлардың болашағы қалай болады?” деген ой бюрократ бастықтардың қаперiне де кiрмейдi. Қалада бiр мезгiлде қаншама жiгiттер қарауылда тұр, олар негiзiнен бiр күн жұ­мыста, екi күн демалыста, демек,тағы да екi ауыстырушысы бар,яғни үш еселеймiз. Сонда, неше мың жас жiгiт қарауылдықты кәсiп етуде?!. “Қылшылдаған жиырма бесте” шу асаудың жалына жармасып, қиырда құйындай ұйтқыр шағында жастарымыз неге жiгерсiз, енжар?
Ауыл балаларының iшiнде оқу бiтiрiп, қызметкер болып жүргендер де шамалы. Ауылдан келгендердiң көбiсi өздерi айтқандай “охранада”. Бiз қоғамдағы ең ауыр тiрлiктi қыздарымыздың мойнына артып қойған жоқпыз ба? Бiр сәт ойланып көрелiкшi…
Жалпы, қазiр Қазақстанға халықтың тұтынатын негiзгi азық-түлiгiнiң 70 пайыздайы сырттан келетiнi газеттерде жазылып, телеарналардан айтылып жүр. Дамыған елдердiң жеңiл өнеркәсiбiн, шағын және орта кәсiпкерлiгiн өрiстетiп жатқан кiм­дер сонда? Қыз-қырқын, қатын-қалаш, шал-шауқан емес шығар? Алдымен, өкiметiнiң iшкi өндiрiске деген оң көзқарасы да, қала бердi, жiгерлi жастарының, еңбек сүйгiш ер-азаматтарының ерен еңбегi емес пе?! Бiз неге бойкүйезбiз? Нарық заманында “Көздерiнде от ойнар…” жалынды жасқа қаншама кәсiптi өрге жүздiруге болар едi, әрине, егер өкiметтен өкiлеттiлiк болып, қолдау жасалса… Ал бiздегi мұнайдың буына мас болып, қолдан келсе қармап қалып, қалталарын қампайтатын шенеунiктерiмiздiң сиқы анау болса, босаға баққан жастарымыздың түрi – мынау. Қазақстандағы мұнай компанияларына келген шетелдiк қызметкерлер ғана емес, қарапайым жұмысшылар да қарауыл болып жұмыс iстер ме едi? Жоқ! Ешқашан! Олар шамалары келгенше саусағына шаң жұқ­пай­тын жұмысқа орналасады. Тiптi, дипломы жоқ болса да лауазымды қызмет атқарып жүретiн шетелдiк­тер туралы “Жас Алашта” жазылды да. Өйткенi компания басшысы – олардың өз адамы. Қолынан келiп тұрғанда олар өз елдерiнiң азаматтарын қоңды қызметке орналастырады. Сөйтiп, шетелдiк қаратабан жұмысшы да есiктен кiрiп, “төр менiкi” дейдi. “Ас – аттынiкi, той – тондынiкi”, төр – олардiкi, босаға – бiздiкi… Киiз үйдi мекендеген қазақтың босағасын итi күзетпеушi ме едi баяғыда?!. Шетелдiк алпа­уыттардың иелiгiндегi, өзiмiздiң “жаңа қазақтардың” меншiгiндегi зәулiм ғимараттардың босағасын күзеткен жастарымыз миқұрттанып, мәңгүрттенiп бара жатқан жоқ па? Мұрнының астындағыдан әрiнi ойламайтын болып, итке тасталған сүйек­тей мардымсыз еңбекақыны малданып, пәтер жалдап, бiр-екi бала-шағасын асырай алмай, әрең-әрең жан бағып жүрген жастарымыз Ыбырай аталарының:
Желкiлдеп шыққан көк шөптей,
Жаңаөспiрiм достарым,
Қатарың кеттi алысқа-ай,
Ұмтылыңыз қалыспай! –
деген өлең жолдарын оқып, түйсi­нуге өрелерi жетер ме екен ендi­гi жерде? Ә-әй-й… Қай-да-м-м?..
Қанат ХАМИТҰЛЫ,
Сүйiндiк ауылы,  Құрманғазы ауданы, Атырау облысы.  

http://zhasalash.kz