Абай ОМАРОВ (коллаж)
Әлемнің 144 еліне жүргізілген сараптама нәтижесінде еліміздің жолдары сапасы жағынан 117 орынды иеленіпті. Мақтанатындай нәрсе емес… Әлем елдерінің тас жолдарын салыстырып, баға берген Дүниежүзілік экономикалық форумының мамандары ең сапалы жолға 7 балдық көрсеткіш берген. Нәтижесінде, біздің елдегі шұрық-тесік жолдарға берген бағасы 2,7 балға әрең жеткен. Кең байтақ жеріміз бен бір-бірінен шалғайда жатқан 14 облысымыздың арасын жақындататын тақтайдай тегіс жол ғана екені сөзсіз. Әйтсе де қала, облыс, аудандарымыздағы ішкі көшелердің жолы тұрмақ, ірі қалаларымыздың арасын жалғайтын үлкен жолдарымызға да айтылар сын аз емес.
Аталмыш ұйым өкілдері ең сапалы жол ретінде алғашқы орынды Франция еліне берсе, одан кейінгі орындарға Біріккен Араб Әмірлігі мен Сингапур елі жайғасқан көрінеді. Дүниежүзілік экономикалық форум мамандарының берген бағасын еліміздегі көлік жүргізушілері де жоққа шығармайды.
Алмат АРЫСТАНОВ, жүргізуші:
– Жолдардың барлығы шұрық-тесік, жүру мүмкін емес. Жыл сайын еліміздегі миллиондаған көліктен қаншама салық жиналады, көлігімізден кішкене кемшілік табылса айыппұл салады. Сонда көлік иелерінен жиналған осы салықтар мен айыппұлдардың барлығы қайда кетіп жатыр? Бізден көлігіміздің талапқа сай болуын талап етеді. Алайда біз ешкімнен жолдың да талапқа сай болуын талап ете алмаймыз. Жолдардың сапасыздығы салдарынан көлігіміз жиі сынады. Бірақ ол үшін ешкімнен оның сұрауын сұрай алмаймыз. Жолдардың шұрық-тесігін айтпағанның өзінде, олардың кеңдігі, жаңадан салынған жол айрықтарының қозғалысқа ыңғайлылығы да талапқа сай емес.
Шыны керек, еліміздегі жолдар биыл жөндеуден өтсе, келер жылы тағы жөндеуді қажет етіп жатады. Кепілдік мерзіміне жетпей, жолдарымыздың шұрық-тесік жолға айналуына кезінде көлік және коммуникация министрі «жүргізушілердің ұйықтап кетпеуіне жақсы» деп те баға берген еді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Әйтсе де сапасыз жолдардың «жүргізушінің ұйықтап кетпеуіне» емес, жол апатына себеп болып, жол-көлік оқиғаларының туындауына, адам өліміне де себеп болып отырғаны жасырын емес. Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдан астам уақыт ішінде елімізде орын алған жол-көлік оқиғасының салдарынан 60 000-нан астам адам қаза тауыпты. Кішігірім бір қаланың тұрғындары деуге болатындай. Жыл сайын жол-көлік ережелері күшейтіліп, рульдегі жүргізушінің де жауапкершілігін арттырып жатқанымызға қарамастан, жол-көлік оқиғалары азаяр емес. Осы орайда «жолдарымыз адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей талапқа сай болар күн қашан туады?» деген де сұрақ туындайды. Осы орайда айта кетер жайт, Қытайда үлкен жолдардың екі жағы арнайы қоршаулармен қоршалған, яғни келе жатқан көліктің қарсы бағытқа шығып, жол-көлік оқиғасын туындатуы мүмкін емес. Бізде ірі жол апаттарының көліктің қарсы бетке шығып кетуі салдарынан жиі орын алып жататынын ескерсек, жол салудың осындай артықшылықтарын өз тәжірибемізге енгізуден ұтпасақ ұтылмас едік. Алайда әзірге жолдарымыз сапалы дәрежеге жетпек түгіл, халқымыздың қауіпсіздігін сақтауға да қызмет ете алмай отыр. Осыған дейін еліміздегі салынып жатқан жолдардың салыну заңдылығын тексерген тиісті орындар да олардың сапасына қатысты талай былықтың бетін ашқан еді.
Айтқазы ӘЙТЕНОВ, экономист:
– Жол халықтың ақшасына салынып жатыр. Сондықтан халықтың ақшасының текке шашылмауын арнайы жауапты орган қадағалауы керек. Мәселен, батпақты жолдарға төселетін асфальт пен жері қасаң жерге төселетін асфальт құрамының әрқайсысының ерекшелігі басты назарға алынуы керек. Батпақты жердің ерекшелігі алдын ала ескерілмесе, ол жерге төселген асфальт көп ұзамай жер қатпарының әлсіздігінен ыдырап кетеді. Шыны керек, бүгінгі күні біз жол салу ісін кім көрінгенге тапсырдық. Соның салдарынан жол салушы компаниялар жер қыртысының мұндай ерекшеліктеріне көз жұма қарайды. Өйткені мемлекет тарапынан жол салуға бөлінген ақшадан пайда табу үшін жол-құрылыс материалдарын үнемдеуге тырысады. Оның соңы сапасыз жолдардың пайда болып, кепілдік мерзіміне жетпей жолдардың бұзылуына әкеліп соғады. Кеңес Одағы кезінде салынған жолдар 20-25 жылға шыдайтын, біз осы заңдылықты жол салушы компаниялардан қайта талап етуіміз керек.
«Бір шақырым жол салсақ та, сапалы қылып салуымыз керек» дейді мамандар. Расында да, жолдар сапасыз салына берсе, бүгінгі күні жол салуға бөлінген қыруар қаржының желге ұшқаны емес пе?! Айта кетер тағы бір жайт, елімізде жол салу мекемелері мен жылу құбырларын ауыстыратын мекемелер арасында өзара байланыстың жоқтығы. Жаздай жол салынса, күзде жылу құбырларын ауыстыратын мекемелер көшені қазып, салынған жолдың дымын қалдырмайды. Нәтижесінде халық жолдың рахатын көрмей жатып, ойдым-ойдым, жамау-жамау жолға қайта тап болады. Айналып келгенде, мұның бәрі еліміздегі жол салу саласында жүйеліліктің, тиісті бақылау мен құзырлы орындар тарапынан қадағалаудың жоқтығынан болса керек.
Әбді ҚИЯЛБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор, «Қазжол» ғылыми-зерттеу институты оқу орталығының бастығы:
– Дәл қазір қала ішіндегі жолдарымыздың беті шұрық-тесік. Бірақ қазір көктемгі ауа райының құбылмалы болуына байланысты ол жолдарды жөндеуден өткізе алмаймыз. Көктем шыға көліктер де көбейіп, көлік қозғалысы күрт артады. Ал жолдарымыз өте нашар. Шынын айтқанда, жол-көлік оқиғасының көбеюінің бір кілтипаны да осы жолдардың сапасыздығынан болып отыр. Негізі, қазіргі таңда еліміздегі жолдардың жамылғысы шамамен үш-бес жылға есептеліп жасалады. Яғни оның қызмет ету мерзімі де осы жылдарды қамтуы керек. Алайда жол жасаушылар оның жамылғысын ғана ауыстыра салады. Ал асты, негізгі қабаты сол күйі қалады да, ол жол мерзіміне жетпей тез істен шығып, шұрық-тесік жолға айналады. Сондықтан біз жол жасаушылардан жолдың жамылғысын ғана емес, астындағы негізгі қабатын да жаңартып, жолды мұқият жасауды талап етуіміз керек. Жолдың бетін ғана әдемілейтін көзбояушылықты тоқтатуымыз қажет. Негізі, жолдың асты мықты болуы керек. Жолдың ауыр салмаққа төзімділігі, су өткізгіштігі, беріктігі – бәрі-бәрі талапқа сай болуы тиіс. Дәл қазіргі таңда биыл жасалған жол бір жылға жетпей келесі жылы тағы да жөндеуді қажет етеді. Оны ешкім қадағалап та отырған жоқ. Айта кетер жайт, еліміздегі жолдардың қалыңдығы 30-40 сантиметрден аспайды. Бұл дұрыс емес. Жолды жүз рет жамап, жылына бірнеше қайтара жөндеуден өткізсең де, бұл жол техникалық жағдайға мүлдем сай емес. Бәрібір ол жол мерзіміне жетпей шұрық-тесік жолға айнала береді. Қазіргі таңдағы жолдарымызға түсер осьтік жүктеме 13 тоннадан асып тұр. Ал мұндай салмақты, қалыңдығы 30-40 сантиметрлік жолдарымыз көтере алмасы анық. Жолдарымыздың мерзіміне жетпей шұрық-тесік жолға айналып жатқанының себебі де осында. Мұндай жолдардың жол апаттарының көбеюіне себеп болып, тіпті ірі жол-көлік оқиғаларын да көбейтіп, ондаған адамның бір мезетте қайтыс болуына да себеп болуда. Сондықтан бізге жол туралы арнайы мемлекеттік бағдарлама керек. Онда жолдарымыздың техникалық талапқа сай болуы, қалыңдығы, беріктігі, сапалылығы, адамдардың өміріне қауіпсіздігі – бәрі-бәрі есепке алынуы тиіс.
Бір сөзінде Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков «Жол бюджетінің үлкен бөлігі жемқорлыққа кетіп жатыр. Әдейі сапасыз асфальт төселеді, келесі жылы мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп, ол қайта жамалады, қайтадан сапасыз асфальт пайда болады. Осылайша, жолға қатысты жемқорлық жалғаса береді» деген еді. Жолымыздың сапасы жағынан 117-орыннан көрінуіне жемқорлықтың да үлесі бар секілді. Жыл сайын тозығы жеткен жолдарды жөндеуге миллиондаған қаржы бөлініп жатса да, шұрық-тесік болған жолдардың жыры әлі таусылар емес. Аймақты айтпағанның өзінде, Алматы, Астана, Шымкент секілді жедел дамып келе жатқан үлкен қалаларымыздың шеткі көшелері де әлі күнге батпақ күйінде жатыр. Өйткені жыл сайын сапасыз болса да, магистральды күре жолдардың жағдайы күйттеледі де, көше-көше арасындағы ішкі жолдар тасада қалып қояды. Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1263,1 млрд теңге жұмсалыпты. Бірақ жолдарымыздың сапасы осынша қаржының жұмсалғанын көзге көрсете алмайтындай. Демек жол саласының жауапкершілігін арттыратын кез жеткен секілді.
Автор: Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ
http://alashainasy.kz