АЛТЫНОРДА
Новости

«Поэзия патшайымының» шығармалары ұлықталды

Қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік есімдердің бірегейі – Фариза Оңғарсынова. Әсіресе жастар жағы жастанып оқитын Фариза ақынның шығармаларын енді дүйім жұрт оқитын болады. Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Бір ел – бір кітап» жобасына Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр жинағы ұсынылды. Яғни кітапхана оқырмандары бір жыл бойы осы ақынның барлық шығармаларымен таныс болады.

Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1960 жылдары жарық көре бастаған Фариза Оңғарсынованың әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары кітап болып басылды. «Біздің Кәмшат» повесін оқыр­ман­дар жатырқамай қабылдады. Чили ақыны П.Неруда сынды өзге ұлт ақын­да­ры­ның жырларын, драмалық шығар­ма­ларын қазақ тіліне аударған Фариза Оң­ғар­сынованың аудармалары мен өлендері жасандылықтан ада, азаматтық лирикасы сыршылдығымен, қоғамдағы, адам міне­зін­дегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен оқшауланады. Ақынның шығар­ма­сына тән басты қасиет – шындыққа бас июі. «Адамзат тарихында ең алғаш рет орыстың ұшқышы Юрий Гагариннің жердің тартылыс заңын бұзып, жерді айналып шыққанын жақсы білеміз. Бірақ, біле біл­сеңіз, космановт болып, жерді айналып шығу аса қиынға соғатын шаруа емес. Ол  технологияның тіліне, техниканың мүм­кіндігіне ғана байланысты. Ал онымен са­лыстырмалы түрде алатын болсақ, дәл жа­ныңда отырған адамның рухани әле­мі­не ұшып бару әлдеқайда қиын. Олар өмір бойы бірге тұрған ерлі-зайыптылар болуы мүмкін немесе көп жылғы әріптес, достар болуы мүмкін. Адамдар бір-бірінің жан дүниесіне ұшып бара ал­май­ды. Әйтсе де адам жанының нотасын дөп басып, ішкі дүниесіне үңілуге тек поэзияның құдіреті жетеді. Ал поэзияны дүниеге әке­летін – ақын. Ол ақын – Фариза Оң­ға­р­сынова. Бүгін­де Фариза Оңғарсынова Қазақстанда ең көп оқылатын авторлардың қата­рын­да. Оның шығармаларына әлеу­меттік пен азаматтық мазмұн тән. Ең бастысы, ақын­ның жауһар жырлары өз ұлтыңды сүюге, мәде­ниеті мен салт-дәстүрді қас­тер­леуге үн­дейді», – дейді ҚР Пар­ла­мен­ті Се­на­ты­ның депутаты, акаде­мик Ғарифолла Есі­мов.

Қазақстанның Халық жазу­шы­сы, ҚР Мем­ле­кеттік сыйлығының лау­реа­ты Фариза Оңғарсынова елі­міздің Ұлттық акаде­мия­лық кітапханасы ұйымдастырған «Бір ел – бір кітап» жобасының ұйым­дас­тыру ко­митетінің төрайымы болған бірінші күннен бастап шараға ыстық ықы­лас танытып, қамқорлық көрсетіп келген. «Фариза ақын – қазақстандық жазу­шы­лар­дың шығар­ма­ларын өскелең ұрпаққа наси­хаттауда, жас­тар­­ды кітап оқуға ынта­лан­дырып жүрген жан­дардың бірі», – дейді Ұлттық кітап­ха­наның директоры Әлібек Асқар.

Кітапхана ұйымдастырушылардың айтуынша, жетінші мәрте өтіп отырған жоба аясында Қазақстанның барлық өңір­лерінде ақын шығармаларын насихаттау үшін мыңнан астам іс-шара ұйым­дас­тыру жоспарланып отырған көрінеді. Әзірше «Поэзия патшайымы» құрметіне қойылған көрмені қызықтаған оқыр­ман­дар ақын шығармашылығынан үзінді оқыды. Бұлардың қатарында Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің жур­налистика және саясаттану фа­куль­те­тінің «Самұрық» журналистік-әдеби клу­бының мүшелері де бар.

Әлібек АСҚАР, ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры:

– Ең әуелгіде шара Абайдың шы­ғар­маларын, қара сөздерін елмен бірге оқу, талқылаумен басталған еді. Одан кейін ел болып Мұхтар Әуезовтің «Қи­лы заман» повесін оқыдық. 2009 жылы Мағжан Жұмабаевтың лирикалық шығар­малары таңдап алынса, 2010 жылы Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақ­пын» поэмасын, 2011 жылы Жүсіп­бек Аймауытовтың «Ақбілек» ро­манын, былтыр Оралхан Бөкейдің шы­ғармаларын көпшілікке оқуға ұсындық. Сараптама жасаған кезде республика көлемінде 1200-1500-ге жуық іс-шара өткені анықталып отыр. Ал бұл шара­ларға 1 млн-ға жуық оқыр­­­ман қатыст­ы деген дерек бар. Биыл комиссия мүшелері алдында бір­неше классик жазушылардың кітап­тары жасырын дауысқа түскенде Фари­за Оңғар­сы­нованың «Дауа» кітабы таң­дал­ды.

Автор: Ақмарал БАЯЗИТОВА, Астана

http://alashainasy.kz/society/41228/