Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Германияның Нюрнберг қаласына дүйсенбі күні тікелей рейспен жетті. Сол күні кешкісін жаттығу жұмыстарын өткізіп, дайындықтарын пысықтады.
Нюрнбергте күн суық екен. Тіпті әр жерде жұқалтым қар да жатыр. Сүйектен өтетін ызғарлы суық желін айтсаңшы…
Дүйсенбі күні таңертең Германия құрамасының ойын қарсаңындағы баспасөз жиыны өтті. Ал кешке қарай Қазақстан құрамасы журналистерге арнап дәстүрлі баспасөз жиынын өткізді. Бұл басқосуға Мирослав Беранек ұлттық құраманың үздік ойыншыларының бірі Генрих Шмидтгаль мен жасыл алаңға жиі шықпайтын Валерий Коробкинді ерте келіпті.
Газетіміздің осы саны жарыққа шыққанша, Германия – Қазақстан кездесуінің де нәтижесі белгілі болады. Бес сағат уақыт айырмасы бұл ойынның нәтижесін бүгінгі санымызға тәптіштеп жазуға еш мүмкіндік бермейді. Өйткені Нюрнбергтегі бұл ойын біздің уақытпен түн ортасынан ауғанда басталды. Сондықтан баспасөз жиынына атүсті ғана тоқталып өткеніміз дұрыс болар.
Біздің бас бапкер де, екі футболшымыз да кездесудің оңай болмайтындығын баса айтты. Қарқыны жоғары «неміс мәшинесіне» төтеп беру қиынға түсетіндігін де тілге тиек етті. Жасыл алаңдағы 11 футболшымыз тізе қоса қимылдап, бір-біріне сүйеу болмаса, оларды тұсаулап ұстау мүмкін емес екендігін де жасырмады. Мирослав Беранек «доп көбінесе неміс футболшыларында болады ғой, соған дайын болуымыз керек, тым ерте гол жіберіп алмасақ, әлдеқайда жеңілдеу болады» деп ақтарылды да.
Осыдан екі жыл бұрын «Германия футболшыларын бесінші жылдамдықта, ал біздің құраманы үшінші жылдамдықта ойнайды» деп сипаттаған Мирослав Беранек дәл қазір «неміс мәшинесінің» жылдамдығы арта түсті деген пікірде екен. Сондай-ақ біздің құрама осылай екі ойынды қатар өткізсе, өз қарамағындағы футболшыларды осы екі ойынға бөліп, тым болмаса біреуінде көңілге қонымды нәтиже көрсетуге тырысатын Мирослав Беранек: «Астанада ұтылдық, енді тартынар жайымыз жоқ, барлық күш-жігерімізді ертеңгі ойында жұмсауымыз керек» деді.
Неміс журналистері тек Шмидтгальге сұрақ қойды. Олар Генрихтің Нюрнбергке жақын жерде тұратындығын ескеріп, осы ойынға ата-анасы мен достарының келетіндіктерін білді.
Бұдан соң біздің құраманың матч қарсаңындағы жаттығуы өтті. Әу баста футболшыларымыз ресми ойын өтетін стадионда жаттығуы керек болған. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Басқа елге қонаққа барған команда ресми ойын өтетін стадионда бір күн бұрын жаттығып, сонда доп теуіп көріп, оның жасыл желегіне бой үйретуі тиіс еді. Алайда Қазақстан құрамасы жаттығу жұмысын Нюрнбергтің орталық стадионында емес, жан-жағы ашық басқа алаңда өткізді. Мұның сырын түсінбей, «неге өз құқығымызды пайдаланып, ойын өтетін стадионда жаттықпадыңыздар» деп, Қазақстан футбол федерациясының құрама командалар департаментінің директоры Владимир Нидергаусқа жүгіндік.
– УЕФА-ның бекіткен регламенті ойынша, егер ауа райы температурасы 0-ден төмен болса, онда қабылдаушы команда қонаққа келген қарсыласын стадионға кіргізбеуге құқы бар. Мұндай жағдайда жаттығу жұмысы басқа жерде өткізіледі. Өйткені қазір күн өте суық. Қазір алаң иелері стадионды ертеңгі матчқа әзірлеуде. Оның жасыл желегі ерекше күтімге алынған. Жасыл желектің астындағы жылыту жүйелері де іске қосылған. Ұшқындап жауған қар астынан жылытылып тұрған көгалға тиісімен, бірден еріп кетеді. Әрі құрғап үлгереді, – деп түсіндірді бізге барлық жас мөлшеріндегі құрамаларымызға бас-көз болып жүрген маман.
Германия тарапының лауазымды қызметкерлері де стадионның қазіргі жағдайы өте жақсы екендігін, қара суыққа қарамай, ертеңгі матчтың өтетіндігін, яғни кейінге шегерілмейтіндігін айтып, қобалжудың қажет еместігін жеткізуде. Қар көп жауса, оны қолмен тазалайтын адамдарының да ұйықтамай, дайын тұрғандығын баса айтты.
Даладағы қоршаусыз жасыл алаңның өзінде жаңбырға ұқсас ұшқындап жауған ұнтақ қар жерге түскен бетте бірден еріп кетіп жатыр. Қолымызбен ұстап көріп едік, шөбі тықыр жасыл алаң өте сызды, топырағы тоңазып, жиектері мұз болып қатып жатыр. Бұл – астында жылыту жүйесі жоқ ашық алаңның жағдайы. Бәрінен бүйірден соққан суық жел ыңғайсыз болды. Әйтсе де, Қазақстан құрамасы түн қараңғысында биік бағана басындағы шамдар жарығымен жаттығу жұмыстарын толық өткізді. Жаттығу жұмысын тура ойын өтетін түн қараңғысында бастап, аяғына дейін үзіліссіз өткізіп шықты. Содан бапкерлер құрамы футболшыларымызға ызғарлы далада су да ішкізбей, бірден қонақүйге алып кетті.
Бұл күн қызықты кездесумен аяқталды. Жаттығу жұмысынан кейін футболшылар орналасқан қонақүйде «Ярыш» клубының алғашқы капитаны Юнус Нигматуллиннің жиені ұлттық құрама футболшыларына жеңіс тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді. Ұлттық құрама да Рамиса апайға құрмет көрсетіп, команда капитаны Қайрат Нұрдәулетов пен бас бапкер Мирослав Беранек кішігірім сыйлықтарын табыс етті. Қазір Бонн қаласында тұратын Рамиса апай күйеуімен осы матчқа арнайы келіпті. Ақкөңіл Рамиса апай жаны қалмай, қолынан келген көмегін көрсетуде. Тіпті бізге тілмаш болып, көп көмек көрсетті. Сондай-ақ ұлттық құрама жігіттерінің намысын жанып, батасы мен тілегін аямады (Рамиса апай жайлы сәл кейінірек толығырақ жазамыз).
Автор: Нұрғазы САСАЕВ, Нюрнбергтен арнайы «Алаш айнасы» үшін
http://alashainasy.kz/sport/41371/