Қазақстан халқы да басқа елдер сияқты өз ішінде әлеуметтік, этникалық, генеологиялық, діни және идеологиялық т.б ерекшеліктерге байланысты жіктелген, бөлшектенген қоғамға жатады. Осылардың ішінде идеологиялық ұстанымына байланысты халықтың қандай ағымдар мен топтарға бөлінетініне тоқталып өтуді жөн көрдік. Осы мақсатпен сызылған ағаш бізге тақырыпты анығырақ анықтауға мүмкіндік береді.
Діни мотивация (ислам діні): бұл топқа өзін және өзгені танытуда (идентификация) дінді бірінші орынға қоятын адамдар жатқызылды. Бұл топтың өз ішінде тағы да көптеген ағымдарға бөлінетіні жасырын емес. Оларды үш ірі топқа жинастырып қарастыруға болады:
Радикалдар — мақсаты халифат құру немесе шариғат заңдарына негізделген мемлекет орнатуды көздейтін және өз жамағатындағы адамдардан басқаларды «адасқандар» ретінде санайтын ағымдардың осы топқа кіргізілгені айтпаса да түсінікті.
Самарқаулар — бұл топқа мемлекетпен конструктивті жұмыс істеуді қалайтын және «диалогқа» әрдайым әзір жамағаттар жатқызылды. Сондай-ақ Қазақстандағы ислам дінін ұстанатын диаспора өкілдері де осы топқа кіретін болар.
Ал бұл бұтақтан бөлініп шыққан үшінші бұтаға «исламшыл ұлтшылдар» деген атау беріп, өзін идентификациялауда діннен кейін ұлтын қоятын адамдар енгізілді.
Батысшылдар — саяси, діни, әлеуметтік ұстанымына қарай «батысқа» бүйрегі бұрыңқырап тұратындар және бұлар үш негізгі ағымға айырылады:
Діни сеніміне қарай батыс елдерінен келген түрлі діни және философиялық ағымдардың жетегіне ергендер.
Екінші топта «адамзаттың баласы» болуды қалайтын маргиналдар мен космополиттер.
Үшінші бұта болса «саяси» ұстанымына қарай батысты қолдайтын және ең бірінші бізге «демократия» қажет дейтін адамдардан тұрады.
Ұлтшылдар тобына кіріспес бұрын мына бір мәселеге тоқталып өткен жөн болар. Қазіргі таңда Қазақстанда қалыптасқан түсінік бойынша ұлтшылдар мен тұраншыл, түрікшілдер бірге саналады. Бұл бәлкім Түркиядан келген «түсінік» болар, өйткені онда тұраншылдар ұлтшылдардың ішінде қарастырылады. Түріктер үшін бұл қалыпты болуы мүмкін, өйткені «түрікшіл» болу мен «ұлтшыл» болу бір мағынаға келіңкірейді. Алайда Қазақстанның жайдайында бұл екеуінің басын ашып алу керек. Яғни, Алаш қалыптастырған ұлтшылдық мен тұраншылдықтың аражігін ажыратқан дұрыс болар. Өйткені екіншілері ұлттан жоғары ұйым құруды қалайды, тұран ұлтын қалыптастыруды көздейді (Бозқұрт партиясының жұмысына Қазақстанда тиым салынуының да себептерінің бірі осында жатыр). Алаш ұлтшылдығы болса мемлекеттік, қазақтық ұлтты бірінші орынға қояды. Сондықтан қазіргі ұлтшылдар не Алаштың ізін қууы керек я М. Шоқай мен Т. Рысқұлов қолдаған тұраншылдықты таңдауы тиіс…
Дегенмен бұл мақалада қалыптасқан түсінік бойынша ұлтшылдар мен тұраншыл, түрікшілдер бірге қарастырылды. Ұлтшылдар осылай екіге айырылғаннан кейін екі топ та өз ішінде негізгі қос бұтаға яғни, Исламды қолдайтындар мен тәңіршілдікті жақтайтындар болып екіге айырылады. Бұл жерде айтылып кетуі тиіс «ұлтшыл исламшылдардың исламшыл ұлтшылдардан не айырмашылығы бар?» деген мәселеге тоқталып өтсек. Бұл екеуінің айырмашылығы аса үлкен емес, сондықтан да бұтақтар бір-бірімен сүйкенісіп салынған… Басты айырмашылық идентификацияда, ұлт пен дінді бірінші кезекке шығаруында жатыр. Біріншілері дін мен ұлт егіз десе, екіншілері дінді ұлтты қалыптастырудың, танытудың бір «жолы» деп қана біледі.
Ресей, Еуразияшылдар — Ресейді «ең қауіпсіз» одақтасымыз санайтын немесе Еуразия кеңістігінде түрік-славян одағын құруды көздейтін адамдар және православ дінін ұстанатындар. Бұл топ та бірнеше бұтаға айырылады. Егер оларды топтастырсақ негізгі екі ағым қалады:
Славяншылдар. Аты айтып тұрғандай-ақ Ресейдің гегемонындағы бір одақтың болуын көксейді. Дін, мәдениет, өнер мен тілде славяндықтың үстем болғанын қалайды.
Түрікшіл еуразияшылдар — солтүстік көршімен ықпалдаса отырып түбінде түркілікті орнатуды көздейтіндер. Егер славян-түрік мемлекеттер одағы құрылса демография сияқты маңызды тетіктер байырғы «Алтын орданы» қайта тірілтеді деп санайтындар…
Сондай-ақ ешқандай «түріктік» пиғылы жоқ, тек қана Ресеймен ынтымақтастық Қазақстан үшін тиімді, шығыстағы көршіден құтқара алатын бірден-бір ел деп санайтындардың да осы жерде бір бұта болып тұрғанын айта кеткен жөн.
Орташылдар тобына жоғарыдағы идеологиялардың ешқайсысына ере қоймаған немесе бірнеше идеологияны қатар қолдайтын, болмаса барлығына да сын көзбен қарайтын адамдар жатады. Бұлардың ішінде жоғарыдағы ағымдардың біріне жақын топ көбейгенде бұтақ та солай қарай иіледі…
Қытайшылдар ағаштың түбінен әзірге енді ғана «көктеп» келе жатқан бұл бұтақтың болашақта қаншалықты үлкейетінін болжау қиын… Әзірге бұл топтың өкілдеріне шығыстағы көршінің түрлі діни-философиялық ағымдарын (фэн шуй, фалуньгун тб) «ұнататын» адамдар жатады. Ол жақта білім алғандардың кейін қандай идентификацияны қалайтыны да белгісіз. Егер мықты бір лидер не идеолог шықса бұл бұтаның да үлкеюі ықтимал…
Міне, Қазақстандағы идеологиялық ағымдар осылай жіктеліп айырылды. Әрине, ағаштың барлық ағымдар мен топтарды қамти алмағаны түсінікті. Жоғарыдағы ағымдардың өз ішінде тағы да бір ағаш сызарлық топтарға бөлінетіні белгілі, олар іштей тағы да айырылады, одан қалса «әр кәллада бір қиял» дегендей әр адамның өз ойы, идеологиясы бар. Оның бәрін бір ағашқа сиғызу мүмкін емес…
Abai.kz