Біздің елде еңбек ететін шетелдік мамандар жалақысының қазақстандық әріптестеріне қарағанда жоғары екені туралы аз айтылып жүрген жоқ. Ал енді шетелдіктер мен қазақстандықтар арасындағы еңбекақы айырмашылығы 11 есе екенін естіп пе едіңіз? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен брифингте осындай ақпар таратылды.
«Кейбір компаниялардағы жалақы айырмашылығы 11 есені құрайды. Мәселен, «Экспертиз с.р.л.» компаниясының Атырау облысындағы бөлімінде еңбек ететін сапа жөніндегі қазақстандық инженердің жалақысы 170 674 теңге, ал шетелдік әріптесінің жалақысы 1 млн 908 550 теңге.
Батыс Қазақстан облысында да осындай 10 жағдай анықталды. Скважиналық операциялар бөлімінің бірінші деңгейдегі шетелдік инженері
2 млн 675 426 мың теңге жалақы алады. Дәл сондай қызметті атқаратын қазақстандық маманның еңбекақысы 375 823 теңге, яғни 7 есеге төмен. Бұл фактілер негізінде жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді министрліктің баспасөз хатшысы Ернұр Бурахан.
Бұл фактілердің барлығы қаңтар, ақпан айында еңбек инспекторларының құзырлы орындармен бірге шетелдік мамандар еңбек ететін компанияларға жүргізген жоспардан тыс тексерулерінен кейін белгілі болып отыр. Тексерілген 190 компанияның 51-інде 108 еңбекақы айырмашылығы анықталған. Ол компаниялардың 6-ы қазақстандық ұйымдар да, қалғаны шетелдік компаниялар. Жалақысында айтарлықтай алшақтық анықталған шетелдік мамандар Қытай, Түркия, Италия, Үндістан, Корей, Ұлыбритания, Украина, Өзбекстан, Сербия, Молдова, Канада, Дания, Польша, Азербайжан, Ресей, Румыния, Аустралия, Беларусь, Венесуэла, Филиппин елдерінен келген. Жалақы айырмашылығы жиі кездесетін өңірлер көшін Қызылорда мен Атырау облыстары бастап тұр. Одан кейінгі орында Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары келеді.
Негізінен, шетелдік жұмыс күші құрылыста, тау-кен өндірісінде, қызмет көрсету саласында, соның ішінде жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар, тұтынушыларға қызмет көрсету және өңдеу саласында тартылған. «Қазіргі таңда прокуратураның ұсынысы бойынша еңбек инспекторлары 22 жұмыс берушіге заң бұзушылықты жою туралы нұсқау беріп, 1 млн 99 мың теңгені құрайтын 27 әкімшілік айыппұл салды. Қазір бұл шараны жұмыс берушілер талқылауда. Тексерістің қорытындысы шығып, мәселе әлеуметтік әріптестермен талқыланғаннан кейін қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар жасалады», – дейді Е.Бурахан.
Ол қандай ұсыныстар болуы мүмкін? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекс мен Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Ол өзгерістер жұмыс берушілерге қолданылатын шараны күшейтуге бағытталған. Ал оның нақты қандай шара екенін ашып айтпады.
Осы тұста айта кетерлігі, әлгі заң бұзушылыққа жол берді деп танылған 51 мекеменің ішінде қателіктерін мойындап, жалақыны теңестіріп жатқандары бар екен. Арасында еңбек инспекторларының нұсқамаларымен келіспей, сотқа жүгініп жатқан компаниялар да жоқ емес. Солай екен деп аянып қалатын министрлікті көрмедік. Олар жалақы теңестіруге келіспейтіндермен әңгімені сотта жалғастыруға ниетті. «Қазіргі күні нақты шара қолдандық деп айта алмаймыз, табылған қателіктердің барлығына нұсқама берілді. Соның орындалуына қайтадан тексеру жүреді, нұсқама орындалмаса, ол мекемелерді министрлік сотқа береді», – деді Төлеген Қапақұлы.
Біздегі дерек бойынша, Қазақстанға жылына 25-30 мыңдай шетелдік азамат келіп жұмыс істейді екен.Оларға жұмыс беріп отырған мекемелер саны 3 мыңнан асады. Бір анығы, шетелдік мамандардың барлығы бірдей жоғары жалақы алып отыр деуге болмайды. Негізінен, біздің елде қат болып тұрған кәсіби мамандарға ғана жоғары жалақы төленеді. Себебі шеттен келетін маманның талабы солай, ынталандырмаса еліне кетіп қалады. Ал елімізде ондай маман жоқтың қасы. Сондықтан жұмыс берушіні жоғары жалақы төледің деп жазғыру қаншалықты қисынды деген ой келеді. Бұл жерде таяқтың бір ұшы жұмыс берушілерге қажетті кәсіби маман даярлап бере алмай тұрған білім беру саласына тиіп тұрғанын мойындауымыз керек емес пе?
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана
http://www.aikyn.kz