АЛТЫНОРДА
Новости

Жауабынан сұрағы көп үкім немесе

сенімнен айырылған полицейлер халыққа қорған бола ма?

Өткен жылы бұзақылық әрекет жасаған ІшкіІсминнің бұрынғы қызметкері Дәурен Әзімбаевты құрықтау кезінде қару қолданған қалалық ішкі істер департаменті патруль-бекет қызметінің қызметкері Мұрат Әбіров жеті жылға сотталды. Сот «билiктi не қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалану» бабы бойынша тәртіп сақшысының кінәсі толық дәлелденді деп шешті.  Алайда полицейдің әріптестері, туысқандары және адвокаты мұндай үкіммен келіспейтіндігін білдірді. Олардың ойынша, тергеу де, сот та тек айыптаушы бағытта жүргізілген. Сондықтан аталмыш үкім байыпты ұйғарымға қарағанда, жауабынан сұрағы көп шешім іспетті.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылғы 18-шілдеде Алматы қаласының Медеу ауданында  «Буран 127» патруль экипажы шақыру бойынша Зенкова көшесіне келеді. Телефон шалушының айтуынша, мұнда бұзақылық орын алған екен. Арызданушының сөзіне қарағанда,  бейтаныс ер адам оны ұрып-соғып, бесайлық баласы жатқан колясканы тартып алмақшы болыпты.

КҮРТ ӨЗГЕРГЕН ТАҒДЫР

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары бұзақыны бірден таниды да оны құрықтамақшы болады. Алайда басбұзар оңайлықпен берілмейді. Оқиға соңынан Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, ІшкіІсминнің бұрынғы қызметкері, Патриоттар партиясының белсендісі Дәурен Әзімбаев алдымен бір полицейді  ұрып есінен тандырады, содан кейін Мұрат Әбіровты бірнеше рет пышақпен ұрады. Үш соққы бронежилетке тисе, төртінші соққы аяққа тиеді. Осыдан кейін тәртіп сақшысы қару қолданады. Оқ Әзімбаевтың басына тиеді, соның салдарынан ол кейін қаза болды. Сол күні Дәурен Әзімбаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады.

Төрт айға созылған тиянақты тексеруден кейін,  2012 жылғы қарашаның ортасында Алматы қаласы ІІД тергеу басқармасының қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстарды тергеу бөлімі келесі мазмұндағы қаулы қабылдайды: «…Әзімбаевтың кінәсі толық көлемде дәлелденді. Алайда оның қаза болғанына байланысты, қылмыстық іс қысқартылуға жатады».

Осымен тексерулер аяқталғандай болған еді. Алайда, кейін белгілі болғандай, тәртіп сақшысы Мұрат Әбіров үшін бәрі сол кезде басталады. Прокуратура полицейлердің қорытындысымен келіспейді, сөйтіп, істі қосымша тергеуге жолдайды. Бірақ ІшкіІсминнің бөлімшесіне емес, лауазымдық қылмыстарды тергеумен айналысатын арнайы прокуратураға жібереді.

Міне, осы сәттен бастап Мұрат Әбіровтың өмір күрт өзгерді. Енді пышақпен жарақат алған тәртіп сақшысы  зәбірленушіден күдікті санатына ауыстырылып, ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беруге мәжбүр болады.

БЕЛГІСІЗ КУӘГЕРЛЕР

Мұрат Әбіровке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу үстіміздегі жылғы қаңтарда аяқталып, сотқа жіберіледі. Міне осы кезде адвокат Еркін Нұрғалиевтің айтуынша, түрлі кереметтер басталды. Алдымен қылмыстық істе болмаған куәгерлер пайда болды. Заңгер олардың қайдан шыққанын білмейді. Өйткені оқиға орнында жұмыс істегенде не қалалық ІІД-нің, не аудандық ІІБ-нің жедел-тергеу топтары, не прокуратураның өкілдері ол адамдарды кезіктірмеген. Ол аз болғандай, куәгерлердің екеуі ғана сотқа қатысты. Атап айтарлығы, адвокаттың айтуынша, олардың берген түсініктемесі үнемі өзгеріп отырған.

– Куәгерлердің бірі оқиға болған уақытта дұрыс көрсете алмаған, алдымен бір уақытты айтса, артынша басқа мезгілді көрсетті, – дейді қорғаушы Еркін Нұрғалиев. – Одан кейін ол көшенің қараңғы болғанын, бірақ 15 метр қашықтықтан оқ атылғаннан кейін адамның құлағанын көргенін айтады. Ал шын мәнінде, ол оқиға орнынан 30 метрден қашық жерде болған екен, жарық болмағандықтан оның бір нәрсені көруі мүмкін емес болып шықты. Осындай сәттер көп. Бірақ сот оларды назарға алмады. Ал барлық күмәнді деректер заң бойынша менің қорғауымдағы тұлғаның пайдасына шешілуі тиіс болатын.

Басқа екі куәгер сотқа мүлдем қатыспады. Ал олардың процесске қатысуын кінәлуші тарап, яғни прокуратура қамтамасыз етуі керек еді. Айтпақшы, олардың біреуі кәмелетке толмаған тұлға оқиғаны көрмеген, бірақ оқ атылғаннан кейінгіні көрген, а екіншісі – «құпиялы куәгер». Қылмыстық іс материалдарында ол «Алексей» деген бүркеншек атпен көрсетілген.

– Біз ондай куәгердің бар екендігіне күмәндіміз, – деді әңгімесін жалғастырған Еркін Нұрғалиев. – Заң бойынша ол адам өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажеттігі жөнінде өтініш жазу керек болатын, одан кейін тергеу тиісті  қаулы қабылдауы тиіс. Бірақ қылмыстық істің материалдарында ол жоқ. Судья заңда көрсетілген осы нормаларды назарға алмай, сол «Алексейдің» сотқа қатысуын талап етпей, одан өзі тікелей жауап алмай, тек оның жауабын оқумен шетелді.

Бұдан тыс, сот барысында «Алексей» атты аноним куәгердің шындыққа жанаспайтын жауап бергені анықталды. Арнайы прокуратураға берген жауабында ол оқиғадан кейін «жедел жәрдем» келгенше оқиға орнында болғанын және Әзімбаевқа көмек көрсетуге тырысқанын жеткізген. Алайда сол күні «жедел жәрдем» экипажының құрамында болған мейірбике сот процесінде берген жауабында оқиға орнында Әзімбаев пен полицейлерден басқа ешкімнің болмағанын айтып, оның сөзін жоққа шығарды.

ТЕРГЕУДІҢ КЕЛЕҢСІЗДІКТЕРІ  

Куәгерлермен болған келеңсіздіктер судья назарға ілмеген жалғыз жайт болмады. Мұрат Әбіровтің қорғаушысы жолдаған қолдаухаттардың ешқайсысын судья қабыл алмады және оның себептеріне түсінік беруді қажет деп санамады. Мәселен, судья, тіпті, бұзақылық фактісі бойынша «02» телефон шалған куәгер Алтынбековті шақыруға да келісім бермеді. Өйткені оның жауабы сол кеште Әзімбаевтың ашулы болғаны анықтаған. Жауап беру барысында телефон шалушы қаза болған азаматтың алдымен өзін ұрғанын одан кейін бесайлық сәби жатқан колясканы тепкілей бастағанын, ал одан кейін сәбиді тартып алып, әесін баласына жолатпағанын айтқан. Сондай-ақ сот бір қатар сараптамалар: өлімнен кейінгі психологиялық және наркологиялық, ең бастысы баллистикалық (!) сараптама тағайындаудан бас тартқан.

– Ал сол баллистикалық сараптама көп нәрсенің басын ашушы еді, – дейді Мұрат Әбіровтың адвокаты. – Өйткені оқтың қандай қашықтықтан атылғаны шынайы анықталмаған. Біреу екі метр десе, екіншісі – бес метр дейді. Оқ зәбірленушінің басына солдан оңға төменнен жоғары қарай кірген. Яғни, Әбіров дайындалып, тік атпаған, ол дайындықсыз атқан.

Есесіне, қаза болған Әзімбаевтың денесінен табылған 25 гематома судьяны қатты қызықтырды. Алайда куәгерлер барлық оқиғаның көз ілеспес сәтте, небәрі 7–8 секундтың ішінде болғанын айтты. Ал осындай уақыттың ішінде талай аласапыраңды басынан өткерген қоян-қолтық ұрыстың хас шеберіне, арнайы жасақтың бапкеріне 25 елеулі соққы жасау мүмкін бе?

Бұл мәселе Әбіровтің қорғаушысын да мазалаған еді. Осы жағдайды арнайы тексерген адвокат, сотқа өз тексеруінің қорытындысын ұсынды. Сөйтсек, оқиға болардан бұрын Әзімбаев кафеде болған екен. Ол жерден ол масаң күйде шыққан, бұл, заңгердің айтуынша дәлелденген факті. Кафеден шыққан сәттен (бейнежазба бар) тәртіп сақшыларымен кездескенге дейін 38 минут өткен. Ал осы уақыт ішінде қандай оқиға болғаны беймәлім.

– Жалпы, мұны мен емес, тергеу анықтау керек болатын, – дейді сөзін жалғастырған адвокат. – Бірақ ешкім мұны істеген жоқ. Дегенмен Әзімбаевтың азаматтық әйелінің сөзінен оның кафеден үйге ызалы күйде келгенін белгілі болды, тіпті, аяғына оралған мысықты теуіп жіберіп, біреумен төбелесіп қалғанын айтқан, сөйтіп, біраз уақыттан кейін қайтадан далаға шыққан. Сол кезде сәбиімен серуендеп жүрген Алтынбековпен кезіккен. Біздің жорамалымыз бойынша, кафеден шыққан Әзімбаев көшеде белгісіз біреулермен соқтығысып қалып, аталмыш жарақаттарды сол қақтығыстыңбарысында алуы әбден мүмкін, тергеу осы мәселені анықтауға міндетті болатын. Бірақ құзыретті орган қаза болған тұлғаның жарақат алу фактісі  бойынша қозғалған істің жеке өндіріске  бөлінетінін көлденең тартумен шектелді.

Бірақ заңгер, енді ол уәденің сөз жүзінде қалатындығын жорамалдап отыр. Әйтпесе, жеті жылға сотталған Әбіровті қайтеді? Сот пен тергеудің өз қателерін мойындауды ұнатпайтындығы баршаға белгілі емес пе.

– Тағы бір атап айтарлық жәйт, Әзімбаевқа қарсы қозғалған қылмыстық істер Әбіровке қарсы билiктi не қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалану бабымен қозғалған қылмыстық іс бір бірімен тығыз байланысты, – дейді әңгімесін жалғастырған Еркін Нұрғалиев. – Яғни, Әзімбаевтың кінәсін анықтамаған сот Әбіровке қатысты істі қарамауы керек еді. Бірақ оны ешкім ескермеді.Соның салдарынан менің қорғауымдағы тұлға заңсыз сотталып отыр.

КҮМӘН ТУДЫРҒАН… ҮКІМ

Сонымен, тәртіп сақшысының қорғаушысы ұсынған фактілер тергеудің сапасыз жүргізіліп, маңызды сұрақтардың басым көпшілігіне жауап берілмегенін көрсеткеніне қарамастан, сот үкім шығарды. Сөйтіп, Мұрат Әбіров ҚР ҚК 308 бабының 4 бөлімі (Билiктi не қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, оныңмүлкі тәркіленіп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жөніндегі жаза тағайындалды.

Мүлікті тәркілеу мәселесі көптеген сұрақтар туындатты. Иә, 308 баптың төртінші бөлімнің «в» тармақшасында шын мәнінде, келесі анықтама бар, егер қылмыс «…өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында жасалса…»,  мүлікті тәркілеу пайдаланылуы мүмкін. Бірақ бұл үшін айыпталушыда қылмыс жасау жөнідегі пиғыл болу керек. Ал қызметте жүріп, оқиға орнына шақыру бойынша келген сержант Әбіров Әзімбаевтың өлімінен қандай материалдық пайда немесе артықшылық алушы  еді?

Соттың қатал болғандығын сот залында айыпталушының кінәсін жұмсартуға бағытталған бір ауыз жылы сөздің айтылмауы да дәлелдейді. Адвокаттың айтуынша, Мұрат Әбіров ішкі істер органдарында он жылдан астам қызмет атқарған, осы  мерзімде бірде бір тәртіптік жаза алмапты. Жақында медальмен марапаталған. Жуырда өткен аттестация барысында жақсы нәтиже көрсеткен. Тіпті, 2011 жылы жол-көлік апаты салдарынан  ауыр жарақат алған Мұрат Әбіровтың жұбайы мен кішкене баласының ауыр хәлде екені де судьяның жүрегін жібітпеді. Жұбайының бас сүйегі трепанацияланған. Бүлдіршіннің де денсаулығы көңіл алаңдатады. Енді оларға қамқор, сүйеніш болатын жалғыз адам — полицейдің егде анасы.

– Жалпы, айыпталушының тұлғасын зерделеу, ол туралы пікірді және мінездемелерді зерттеу — тергеудің міндеті. Егер осы мәселелер зерттелгенде, Әбіровтың қасақана кісі өлтіруге қабілетті емес екені анық болушы еді, – дейді сөзін тәмәмдаған адвокат.

СЕНІМНЕН АЙЫРЫЛҒАН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ…

Мұрат Әбіровке қарсы қозғалған істің тергеуі, одан кейін шығарылған үкім қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ең алдымен сотталған полицейдің әріптестерінің арасында.

– Біз енді қызметке шыққанда көпшілік түгіл өзімізді қорғауға да құқығымыз жоқ екендігін түсіндік, – дейді Алматы қалалық  ІІД патруль полициясы полкінің қызметкерлері.  – Қаруды ескертусіз қолдануға мүмкіндік беретін заңға енгізілген түзетулердің қажеті қанша? Ол нені өзгертеді? Мұратпен болған жағдай сондай ахуалдың біздің әрқайсымыздың басымызға түсуі мүмкін екендігін  көрсетті. Сен кінәлісің бе, жоқ па? Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Қажет болса, кез келгенімізді темір тордың аржағына тоғытып жібереді.

Сот үкімі Алматы қаласы ІІД-нің бұрынғы қызметкері, аты аңызға айналған жедел өкілеті уәкіл, көп жылдар қарақшылықтар мен тонаушылықтарды ашу жөніндегі басқарманы басқарған   Олег Махровты да таң қалдырды.

– Шынымды айтайын, қазір жас кезімде дәл осындай оқиға кезінде қару қолданбағаныма өкінемін. Ол кезде мен кеудемнен жарақат алып, адам сенбес жағдайда аман қалдым, – дейді ол. – А қазір органнан кеткен кезде, мен кімге керекпін? ІшкіІсминге ме? Жоқ. Ауруханаларға ма? Тағы жоқ. Ең қорқыныштысы осы. Қазір ол сержантан барлығы бас тартты: достары, басшылық, ІшкіІсмин, ең бастысы Заң теріс айналды.

Қазір адвокаттың атуы бойынша, Мұрат Әбіров өмірден түңілген депрессиялық жағдайда, ешкімге сенбейді. Алайда заңгер тәртіп сақшысын бұдан ары да барлық инстанцияларда  қорғауға дайын, қажет болса, оныме бірге соңына дейін баруға белін бекем буған.

Ал әзірше, қоғамды «сенімнен айырылған полицейлер қаладағы қоғамдық тәртіпті қалай қамтамасыз етеді?» деген сұрақ мазалайды.

Қайрат Матреков,

Алматы