АЛТЫНОРДА
Новости

Бұл – Фейсбук. Бірақ…

Фейсбук – әлемдегі ең ірі әлеуметтік желі. Оны 1 миллиардтан астам адам қол­данады. Қазақстандағы әлеуметтік  желілердің арасында «Facebook» «Мail.ru-дың» «Мой Мирынан» кейінгі екінші орында. Осы мақала арқылы «Фейсбук­тың» мысалында әлеуметтік желілер жай­лы көпшіліктен жасырын және шы­найы ақпараттар мен зерттеулерді бе­ріп отырмыз.


Сіз бәрін жасырын деп ойлайсыз ба?

Фейсбуктағы өзіміз жайлы мәлі­меттерді жүктеп алу мүмкіндігін бі­ріміз білсек, біріміз білмейміз. Оны жүктеу үшін жеке беттегі «Аккаунт бартаулары – Жалпы – Сіздің Фейс­буктағы ақпараттарыңызды көшіріп алу – Архивтеуді бастау» команда­сын орындасаңыз жеткі­лікті. Архив 48 сағатта дайын болып, аталған беттен көшіріп алуға бо­ла­ды.
Зерттеу мақсатында мен өз ар­хивімді жіберуді сұрадым. Маған екі архивтен тұратын файл жіберілді. Оның көлемі өте үлкен екен (Micro­soft Word бағдарламасына салғанда 630 бет шықты). Фейсбуктың біз жай­лы мәліметтеріне жеке-жеке тоқ­талайық.
1. Өзіміз енгізген кез келген мә­лімет (профиль туралы ақпарат, қызығушылықтар, оқу орны, жұмыс орны, топтар, өзіңіз жайлы ақпарат енгізілген, өзгертілген уақыт, орын, хроникамызда жариялаған жаз­балар, суреттер);
2. «Ұнады» батырмасы басылған беттер, кітаптар, мерекелер, ста­тус­тар, ойындар, бағдарламалар, жарна­малар;
3. Уақыты мен қатысушыларына байланысты категорияларға бөлін­ген жеке және қауымдастықтағы хабарламалар, пікірлер;
4. Достардың толық тізімі (соның ішінде қабылданбаған, өшірілген достардың да тізімі);
5. Фейсбуктағы аккаунт арқылы кірген сайттар, олардағы әрекеттер.
Жарайды, бұл мәліметтер жеке парақшада жұмыс жасау үшін керек делік. Ал мына мәліметтердің Фейс­буктің толыққанды қызметі үшін мүлде қажеті жоқ:
1. IР-адрес, уақыт, браузер, опе­рациялық жүйе көрсетілген Фейс­букқа кірген және шыққан жайлы ақпараттар;
2. Фейсбуктан өшірілуі тиіс жо­йыл­ған мәліметтер («скрыто» деген категорияда);
3. Бет-бейнені тануға арналған мәліметтер;
4. Электронды поштадағы дос­тар;
Мұның барлығы ештеңе емес. Бір-екі рет ұялы телефонмен кір­генім бар еді. Фейсбук менің ұялы те­лефонымдағы нөмірлердің бар­-лығын есімдерімен қоса жүктеп алып­ты.
Мамандардың пікірінше, бұл мүмкіндік жалғыз Фейсбук емес, барлық әлеуметтік желілерде бар.

Бақылаудың жаңа әдістері

Фейсбук енді тек кіргенде және шыққанда ғана емес, ұялы телефон ар­қылы адамдардың әр қозғалы­-
сын бақылап отыратын жаңа мүм­кіндік қоспақ. Бұл туралы Блумберг агенттігі мәлімдеді. Енді ұялы теле­фонда Фейсбук бағдарламасы өші­рулі тұрса да, орын ауыстырғаны­ңыз көрініп тұратын болады. Бұдан бұлай «Фейсбуктан қашып құтылу мүмкін емес». Оның үстіне Iphone немесе Android жүйесіндегі теле­фондарда mail.ru агент, Фейсбук бағдарламаларына кірген адам сым­тетік өшіп қалса да, онлайн боп тұра беретінін байқағансыз ба?

Кейбіреулер әлеуметтік желі­лерді лақап атпен қолданып, өзіміз жайлы ақпаратты жасырып қаламыз деп ойлайды. Бұл әрекет те ұзаққа созылмайды. Мысалы, жуырда Гер­маниядағы Шлезвиг-Гольштейн жерінің соты Фейсбуктің қолда­ну­шылардың өз есімдерімен тіркелуді талап ету туралы арызын қана­ғаттандырды. Енді мұндағы ойдан шығарылған есімдермен тіркелген аккаунттар құлттанбақ. Мұндай талаптың ауылы бізден де алыс емес, сірә.

Дегенмен, әлеуметтік желілердің адамзатқа тигізіп жатқан орасан үлкен қызметін жоққа шығаруға  бол­майды. Жалпы, кез келген әлеу­меттік желі, әсіресе, Фейсбук тап­тырмас құрал, әртүрлі бағыттағы іс­терді оңай жүзеге асыруға болатын сервис, алып күшке ие ақпарат май­даны. Оның жақсы не жаман екендігі оны басқарып отырған адамның әрекетіне ғана тәуелді.

Дерек пен дәйек:
1. Әлеуметтік желілердегі әр аккаунттың – 40%, әр хабарламаның 8%-ы – спам.
2. Онлайндағы ересектердің 91%-ы әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады.
3. Адамдардың 24%-ы өміріндегі маңызды оқиғалары жайлы әлеуметтік желілерде жазамын деп жүріп сол оқиғадан ләззат алу бақытынан айырылған.
4. Қолданушылардың 24%-ы әлеуметтік желілерде отырғанда өздері куә болған оқиғалар жайлы асыра сілтеп жазатынын мойындаған.
5. Жер бетіндегі адамдардың 40%-ы бетпе-бет тілдескеннен гөрі әлеуметтік желілерде хабар алмасуды тиімді деп есептейді.
6. Әр минутта Facebook-та 684 478 ақпарат жарияланады.
7. Интернет қолданушылар виртуалды әлемдегі уақытының 22,5%-ын әлеуметтік желілерге жұмсайды.
8. Facebook-тағы комментарийлердің 55%-ы тек қана мақтау.
9. Facebook-ті қолданушылар бір тәулікте10,5 миллиард минутын (дерлік 20 000 жыл) онлайн байланысқа жұмсайды.
10. Facebook-тағы жарнама немесе ескертпелерді көрген қолданушылардың 20%-ы сол затқа қаржы жұмсаған.
11. Азияда Facebook-ті 219 миллион адам қолданады.
12. Қазақстанда 7,884,905 интернет пайдаланушы бар. Бұл көрсеткіш 2000 жылмен салыстырғанда 100 есеге өскен.
13. Қазақстанда Facebook-тің 700 020 пайдаланушысы бар (2011 жылы 239 940 болған).
14. Facebook-та әр жиырма минут сайын бір миллион сілтеме таратылады.
15. Әр минутта 100 000 адам facebook-та бір-бірімен дос болады.
16. Адамдардың 80%-ы шын өмірдегі достарына қарағанда виртуалды достарына көбірек сенеді.
17. Әлемдегі әр үшінші жұп әлеуметтік желілердің кесірінен ажырасады.
18. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлеуметтік желілердің кесірінен жасөспірімдердің жыныстық зорлыққа ұшырауы 26 есеге өскен.
19. Ата-аналардың 80%-ы балаларының интернетте немен айналысатындығын білеміз деп есептейді, дегенмен, балалардың 31%-ы ата-аналарының ештеңе білмейтіндігіне сенімді.
20. Әлеуметтік желілердегі танысулардың кесірінен сүйгеніне опасыздық жасау 3 есеге өскен.
21. Mail.ru күніне 2 500 000 000 рет қаралады.
22. Mail.ru-ға күніне орта есеппен 3,5 миллион қазақстандық кіреді. Ең көп кіретін алматылықтар (858 миллион), ең аз кіретін ақтөбеліктер (2 мыңдай)
23. Вконтакте тағы да әлемнің ең ірі пираттарының қатарынан табылды (13.02.13).

Айдос ӘРІПБАЕВ

http://www.aikyn.kz