Абай ОМАРОВ (коллаж)
Орыстың көрнекті философы Николай Бердяев «Ресейдің тағдыры» атты кітабында: «Ресей үнемі қалыңдықтың күйін кешіп, сырттан келетін күйеуді күтумен болады» деген ой айтады. Жаратушы адамды ер мен әйел деген екі жынысқа бөлсе, әр заман, әр дәуірде қоғамдағы осы екі жыныс иелерінің үстемдігіне байланысты мәдениеттер де «еркек», «әйел» болып бөлінсе керек. Олай болса, қазақ мәдениетінің «жынысы» қандай, бұрын қалай болып келді, бүгін қандай кескін-келбетте деген сауал өздігінен сұранып тұрғаны анық.
Әлімсақтан бастасақ…
Неміс этнографы Лео Фробениус сонау ерте кезеңдердегі әлем мәдениетін матриархалды және патриархалды деп екіге бөліп, соның біріншісіне орыс, неміс халықтары мен Африка тайпаларын жатқызса, ағылшындар мен арабтардың түп атасын әке әміріне бағынушылар деп тапқан. Патриархалды, яғни ер мінезді мәдениет иелерін «үңгірлік» таным иелері деп атап, оларға қай заманда да күресу, жеңу, қирату тән, ал матриархалды мәдениетке табиғатпен біте қайнасып, өсіп-өрбу тән деген баға береді. Әрине, әйелдің нәзік жандылығы, оның аналық қамқорлығы адамзат үшін ауадай қажет, алайда жалпы қоғамның жалпақшешейлігі деген де жақсы нәрсе емес.
Жоғарыда айтқандай, Ресей – әйел мәдениеттілердің қатарында, оны олардың «Матушка Россия» деп шыға келетін бір-ақ ауыз сөзінен аңғаруға болады. Себебі ол жай сөз емес, тұрмыстық мәні бар шындық. Мәселен, қай заманнан орыс қызын ұзатып, келін түсірмейді, керісінше, ұлын ұзатып, қызын «үйлендіреді». Яғни орыс әйелі күйеуіне билігін жүргізіп, күйеубала енесінің қолында тұрады. Бұл қалыпты жағдай. Орыста күйеубала мен енеден өткен қас дұшпандар жоқ шығар, сірә. Былай қарап тұрсақ, тұрмыстық мәселе ғана сияқты, алайда теңіз суының ащылығын сезу үшін оның бүкіл суын ішу шарт емес, бір тамшысын татып көрсе жеткілікті болғанындай, бүтін халықтың менталитетін де осындай бір отбасындағы ахуалдан-ақ байқауға болады. Міне, орыс халқының тұрмыс-салт, мәдениеті тізгінінің әйел қолында екеніне осындай жайттар да дәлел бола алады.
Ал біз қазақ ежелден ел-жұртын атамекен деп дәріптеп, атадан бата атып, аталы сөзге тоқтап, текті атадан тарататын халық едік, бірақ бүгін біздің де көбеміз сөгіліп, тұрмыс-салт, мәдениетіміз еркектік сипатын жоғалтып, әйелдене бастаған сыңайлы…
Әбдуәлі Мамәділ, психолог:
– Қазір біздің қоғамда гендерлік саясат деп аталатын бір саясат жүріп жатыр. Оның мақсаты – біздің қоғамдағы ер мен әйел мәселесін батыстық көзқарас тұрғысынан реттеу, былайша айтқанда, батысқа бұру ғой. Мәселен, қай кезде де, мейлі сотта, атап айтқанда ері мен әйелінің арасында түсініспеушілік туындай қалса, іс міндетті түрде әйел адамның пайдасына шешіледі. Қоғам мұны мойындайды, біледі. Екіншіден, соңғы жылдарда балабақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орындарының барлығында дәріс берушілердің басым көпшілігі әйел адамдар. Сол себептен біздің өскелең ұрпақ әйел тәрбиесін ғана алып келе жатыр, бұл – факт. Ал ол неден бастау алды? Кеңестік идеологияның «әйел теңдігі» деп аталатын ұғымды ойлап табуынан. «Қалың мал, көп әйел алушылық пен әмеңгерлік – ескілік, жабайылық» деп, сол арқылы олар біздің ғасырлар бойына қалыптасқан ұлттық болмысымыз бен отбасы деп аталатын институтымызды қиратты. Нәтижесінде бүгін қандай жағдайға жеттік?
Психолог сауалына өзімізше жауап іздеп көрсек…
Тұрмыстық деңгейден бастасақ, бұрын ешқашан қайын жұртының қолында тұрмайтын, одан гөрі өлімді артық көретін қазақ жігіттері арасында (бәрі бірдей емес) бүгінде «күшік күйеу» дегенді ар санау тұрмақ, ол сөздің мәнін түсінбейтіндер де табылып жүр.Тіпті қалыңдығының әке-шешесі әперген үйді көздеп үйленетін есепшіл жігіттер де жетіп-артылатын күнге жеткеніміз өтірік емес. Өйткені өзі әлі баспана алмақ түгіл, тұрақты жұмыс та таба алмаған, сондықтан болашағына қорқынышпен қарайды. Ал оның ар жағында еркек тұлғасының, қала берді, қазақтың ұлттық қасиеттерінің жойылуына апарып соғатын қорқынышты себептер жатыр. Қарапайым ғана мысал, еркек боп отбасын алға тартпаған адамнан ұрпаққа жақсы әке болып, ел көшін алға сүйрейтін азамат шығады деп күту қояннан ерлік күтумен барабар екендігі айтпай-ақ түсінікті. Олай болса, бүгінде «үйде кім би?» дегеннің жауабы да өздігінен түсінікті болатын секілді. «Бөрі арықтығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтар да» дегендей, «әрине, еркек би» дегенімізбен, шындап келгенде, көп әйелдердің ерін ерттеп мініп алғанын басқа емес, ерлердің өзі де мойындауға мәжбүр. Біз мұны ашып айтуымыз керек, себебі ауруын жасырған өлетінін бәріміз жақсы білеміз. Батыста, мейлі шығыста, соның ішінде қазақ отбасында да еркек «отағасы» деген құрметті лауазым иесінен гөрі «асыраушы» мәніне ие. Яғни қызмет істеп, ақша табуын табады-ақ, бірақ жалақысын әйелінің қолына әкеліп береді. Былайша айтқанда, ер-азамат – арыстан, бірақ баяғыдай «түз тағысы» емес, «тордағы арыстан». Тордың кілті әйелдің қолында. Бұл пайымды психолог Әбдуәлі Мамәділ де растайды.
– Қазір бізде ер-азамат өз мәртебесі мен өз құқығынан толықтай демесек те, 80 пайызға айырылды. Егер осы бағытпен кете берер болсақ, онда гомосексуализм, педофилия, (оған зоофилия қосылып жатыр) осы секілді небір адамшылыққа жат патологиялық құбылыстар батыстағы секілді бізге де жат болмай қалады. Оған дәлел бұрын шоши қарайтын екі ер адамның бір-біріне ғашық болуы дегенге біз бүгін қалыпты нәрсе секілді қараймыз, себебі жұрттың оған құлағы да, көзі де, санасы да үйрене бастады, бізде бар екенін ашық мойындайтын болды. Осы үйренудің соңы бізді құлдырауға, азғындауға апара ма деп қорқамын. Ендеше, біз бұған қарсы тұру үшін не істей аламыз? Біріншіден, шынында, қоғамның осындай дертке шалдыққанын, соның салдарынан өз болмысымыздан айырылып бара жатқанымызды мойындауымыз керек. Мойындасақ, онда заң орындары ер-азаматтардың екінші әйел алуын заңдастырар еді. Ал бізде керісінше, рационалды мәселені мысқылдап, жоққа шығаруда. Соның кесірінен біз мүлдем батыстық болмысты қабылдап алдық та, тобырлық мәдениетке белшемізден батып бара жатырмыз.
Ал енді осы ретте бір сауал өздігінен туындайды екен, яғни бұрын от басы, ошақ қасынан ұзап шығуды әбестік санаған қазақ әйелі қашан түз адамына айналып үлгерді? Ерін сыйлап, ер адамның жүзіне тіктеп қарамайтын, сонау алыстан келе жатқан ер-азаматтың жолын кесе-көлденең қиып өтпейтін қазақ қызын «Раушан – коммунист» деп дәріптеп, келе-келе комбайн мен трактор тізгініне отырғызған кешегі Кеңес өкіметі екенін іштеріңіз біліп отырса керек. Заман жақсарып, қазақ әйелдері енді үйде бала туып отыра берейін деп еді, 90-жылдардың тоқырауы басталды да кетті. Асыраушысы – ер-азаматы жұмыссыз қалған соң, қарап отырып шиеттей бала-шағаны аштан өлтіре ме ана байғұс, иыққа ала қапты асып алды-дағы, Ұрым бар ма, Қырым бар ма, әйтеуір, аяғы жеткен жерге дейін сауда жасап кетті. Сол тұста үйден шыққан қазақ әйелі содан әлі отбасына оралған жоқ: қара сан болып мал тауып жүр, білімі мен білігі жеткендер жанталасып мансап қуып та кетті. Негізі, бұл жерде барлық кінә – жалғыз әйелде емес…
Тыныштық Қалдыбаева, саясаттанушы:
– Жалпы, отбасын кім асырап отырса, сол басымдық алады, ол – жазылмаған заңдылық. Бұл жағынан бізде қазір әйелі басымдық алып жатқан отбасылар баршылық. Бірақ жалпы қоғамда ер адамның билігі өз күшінен тая қойған жоқ. Әйел адамды ана, ұрпақ өрбітуші, тәрбиешісі деп құрметтеу жағынан да қала қойғамыз жоқ. Алайда батыстан келген түрлі ағымдар «азаматтық қоғам құрамыз» деген желеумен біздің болмысымызға айтарлықтай қауіп төндіріп жатқанын жасыруға болмайды. Алайда ер-азаматтардың тегеуріні әлсіреп бара жатса, оған олардың да кінәсі бар. Біз бір нәрсе болса қоғамға сілтей салуға дайынбыз. Әке мәселесінің белең алғаны шындық па, шындық?
«Байтал шауып, бәйге алмас»
Бұл байтал жүйрік болмайды, бәйге алмайды деген ойды білдірмейді, керісінше, ең жүйрік жылқы ұрғашы жынысты болатынын қазақ мәдениетіне зер сала қарағанда байқаймыз. Мәселе – байталдың жаратылыс мақсаты басқа екендігінде. «Байтал мінсең, құлын жоқ», яғни байталдың «бәйгесі» – құлындап, мал басын көбейтіп, ер жігіттің дәулеті мен сәулетін шалқытуға арналған. Тек ақымақтар ғана, обал мен сауапты білмейтін түйсіксіздер ғана бәйгеден алатын атақ пен жүлдеге қызығып, байталды бәйгеге қосады. Білетіндердің айтуы бойынша, өзі үшін де, құрсағындағы құлыны үшін де жанталасып, өмір мен өлімнің арасында барын салып, оқтай ұшып бәрінен озып, байтал бірінші болып келеді екен. Бірақ көп кешікпей ішіндегі төлді өлі күйінде сыртқа шығарып тастайды.
Осының өзі түсінгенге көп сабақ болмай ма?..
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР