Мартин Скорсезе мен Miramax компаниясы «Нью-Йорк бандалары» («Gangs of New York») фильміне негізделген телесериал түсірмек.
Түпнұсқа картинада ХІХ ғасырда өмір сүрген Нью-Йорктың қылмыстық топтары туралы баяндалған еді. Сериалдағы оқиғалар ХХ ғасырдың басында өрбиді. Жобаны жасаушылар тележобада Нью-Йорктың ғана емес, Чикаго секілді Американың басқа да қалаларында әрекет еткен осындай топтарға көңіл бөлуді жоспарлап отыр.
«Америка тарихындағы осы кезең кейіпкерлер мен оқиғаларға толы. Олар туралы екі сағаттық фильмде айтып шығу мүмкін емес. Телевизия форматы осы бір ерекше әлемді қайта жандандыру үшін, оның өткенін және біздің қазіргі қоғамымызға берген әсерін көрсету үшін қажетті уақыт пен шығармашылық еркіндік береді», — депті Скорсезе.
«Нью-Йорк бандаларының» кеңейтілген теленұсқасы көрермендерге қашан ұсынылатыны әзірге белгісіз.
Мартин Скорсезе түсірген толықметражды «Нью-Йорк бандалары» прокатқа 2002 жылы шыққан болатын. Онда басты рөлдерді Леонардо ДиКаприо, Дэниэл Дэй-Льюис, Кэмерон Диаз сомдады. 2003 жылы «Оскардың» 10 номинациясына үміткер болды, бірақ бір де біреуін алған жоқ.
Дереккөз: lenta.ru; kinonews.ru