Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Осы жиында Елбасы «Қазақстан бизнесін дамытудың жаңа кезеңінің басталғандығын» мәлімдеді. Оның басты мағынасы – «отандық кәсіпкерлердің ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне жауапкершілігін арттыру» болмақ. Жиналғандарға қайырылған Н.Назарбаев Кәсіпкерлер кеңесінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы жарияланғаннан кейін бірінші рет жиналып отырғандығын атап айтты.
– Біз өз алдымызға әлемнің ең озық дамыған экономикаларының «отыздығына» кіру жөнінде биік мақсат қойдық, – деді Қазақстан Көшбасшысы. – Күшті экономика дегеніміз – күшті кәсіпкерлік, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің зор болуы, олардың кооперациялануы. Отандық бизнесті қолдауды, мен қалыптасқан мемлекетіміздің жаңа саяси бағытының, маңыздылығы бойынша екінші бағыты ретінде белгіледім. Отырыста алдымен Үкімет жетекшісінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтың отандық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Президент тапсырмаларының орындалуы туралы баяндамасы тыңдалды. Мемлекет басшысы 31 тапсырма берген екен, оның 20-сы – орындалды, 11-інің жүзеге асырылуы «бақылауда» делінді. Б.Сағынтаев «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасына тіпті мемлекеттік органдардың бірқатар функциялары берілетіндігін мәлімдеді. Осы орайда, «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы» арнайы заңның жобасы әзірленгендігі белгілі болды. Бұл жоба, сондай-ақ барлық кәсіпкерлердің осы палатаға міндетті түрде мүше болуын бекітпек. «Қазір бұл заң жобасы меморгандардың келісімінен өтуде, жақын уақытта біз оны Парламентке енгіземіз» деді бірінші вице-премьер. Бақытжан Әбдірұлының айтуынша, Ұлттық экономикалық палатаға сол заң жобасымен 54 функция беріледі, олардың біразын қазіргі уақытта мемлекеттік органдар жүзеге асыратын көрінеді. Бұл функциялар арасында шағын және орта бизнеске сервистік қызметтер көрсету, экспортты қолдау бағдарламалары бойынша оператор болу, салықтық және кедендік дауларды реттеуге қатысу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бөлу, арнайы экономикалық, индустриялық аймақтарды басқару сияқты үлкен құзыреттер бар. Ол ол ма, Үкімет мұнымен тоқтап қалмай, осы палатаның құзыр-қоржынын ары қарай толтыруға ниетті. Кейін тіпті жаңа кәсіпорындарды тіркеуді де осы қоғамдық ұйымға беру ойластырылуда екен! Бизнес алдындағы кедергілерді жою және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін Қазақстанда барлық рұқсат берулердің толық және түбегейлі тізімі арнайы заңмен бекітілетін болыпты. «Биылғы жылы «Рұқсат берулер мен хабардар етулер туралы» заң әзірленеді, сонда бизнеске арналған қолданыстағы барлық рұқсат берулердің жалғыз тізімі және жаңаларын ендірудің тәртібі болады. Яғни егер қандайда бір меморган жаңа рұқсат беру түрін енгізгісі келсе, ол оның қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдеуге міндетті. Осылайша жаңа негізсіз рұқсат берулердің пайда болуына тосқауыл қойылады» деді Б.Сағынтаев. «Атамекен» одағы» ҰЭП төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкерлердің осы палатадағы міндетті мүшелігі институты енгізілгенде, жаңа ғана өз ісін бастаған шағын және орта кәсіпкерлерді бастапқы кезеңде жарна төлеуден босатуды қарастырып жатқандарын айтты. Ол Елбасыға жаңа заңдағы жаңалықтарды жеткізді. «Жолдауда «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы» заң жобасын бірінші тоқсанда әзірлеу жөнінде нақты міндеті қойылған» деді ол. – Серік Нығметұлы, ұлттық экономикалық палата туралы заңның жобасын өте мұқият қараңыз, – деп тапсырма берді Мемлекет басшысы Премьер С.Ахметовке. – Бүкіл әлемде солай: кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Үкіметтің әріптесіне айналады және бұл мемлекеттің мүддесі үшін жасалады. Мен «Атамекеннің» содан кейін жасайтын ісіне үлкен үміт артып отырмын. Ол «Нұр Отан» партиясы алдына қойылып отырған міндеттерге толығымен сәйкес келеді. Бұл – ортақ міндет. Қазақстан Көшбасшысының байламынша, кәсіпкерлердің ұлттық палатасы қазақстандықтарға өз ісін ашуда «бірінші жәрдем» көрсететін, оларды бизнес әлеміне жеткізетін бірегей, өзіндік бір орталыққа айналуға тиісті. «Адамдарды бизнесті қалай бастауға үйрету керек, – деп тапсырды Н.Назарбаев, – осы залда ендігі болып-толған бизнесмендер отыр. Біз кәсіпкерлер санын арттыруға, адамдарды көптеп тартуға тиіспіз. Біріншіден, бизнесмендердің, шағын компаниялардың барлығының бірдей тұтас бухгалтерия ұстап отыруға шамасы жете бермейді. Оларға палата орталықтандырылған түрде қаржылық салада, банктермен жұмыс істеуде көмек көрсетуі қажет» деген ол «алғашқы жәрдемге» не кіруі керектігін айқындады. – Бизнесті қалай жүргізу керек, мемлекет қандай шаралар қабылдауда, қандай салықтық жеңілдіктер бар, кәсіпкерді қандай заңнама қолдайды – осылар жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, сол бірінші жәрдем болар еді, – деді Президент. – Әйтпесе, 20 жыл бойы бизнесмендерге мемлекеттің көмектесуі керектігін айтумен келеміз. Бизнестің мемлекетке көмектесетін кезі жетті! Салықты толық көлемде төлеп, бизнесті дамытыңдар. Сөз басын құрылыс компаниясының басшысы мойындаудан бастады: Қазақстанда құрылыс сапасы барған сайын нашарлауда! Бірақ ол оның айыбын құрылыс материалдарынан үнемдейтін құрылыс компанияларына емес, біліктілігі төмен құрылысшыларға аударуға бейіл танытты. «Құрылыс саласында бүгінде 600 мыңнан астам адам немесе бүкіл еңбекке жарамды халықтың 19 пайызы еңбек етуде. Өкінішке қарай, жұмыс ауқымының зорлығына қарамастан, құрылыс сапасы жақсарып жатқан жоқ, керісінше, кейбір жұмыс түрлері бойынша құрдымға қарай қарқынды жылжып барады. Еңбек өнімділігі құлдырауда. Құрылыс құны өсуде» деген ол өздерінің саланың қазіргі күйін 30 жыл бұрынғы жағдайымен салыстырғандарын жеткізді. Қорытынды қандай? Бүгінде құрылыс компанияларының техникалық жарақтандырылуы, құрылыс материалдары, қондырғылар мен технологиялар бұрынғыға қарағанда, анағұрлым озық. Бірақ еңбек өнімділігі жақсармапты. «Білікті жұмыс күші қат! – деді А.Белович. – Тәжірибесі жоқ адамдарды алуға, бірақ оларға нағыз кәсіби маманға төленетін ақыны төлеуге тура келеді. Еңбек нарығында бәсекелестіктің жоқтығы «оқудың, біліктілікті жетілдіруге ұмтылудың қажеті жоқ, бәрібір жұмысқа алып, еңбекке сайма-сай емес жалақы төлейді» деген тоғышарлыққа әкеп соқтырды. Астанада жыл сайын жұмысшы мамандықтарды небәрі 150 адам бітіріп шығады. Елордадағы оларға деген қажеттілік 10 мың адамнан кем емес. Сол 150 түлектің жартысы ғана құрылысқа келеді, қалғаны әскерге кетеді, басқа мамандық табады» дей келе, құрылыс компаниясының басшысы мемлекетке осы мамандықтарды жастар арасында насихаттауды, жұмысшылар даярлайтын лицейлер санын еселеп арттыруды, жұмыскерлерді қайта даярлау оқу орындарын құруды ұсынды. – Сендердікі – бизнес, – деп оның сөзін бөлді Елбасы. – Неге біз сендер үшін кадр даярлап беруіміз керек? Кәсіпорындардың бәрі жекенің қолында. Сендердің бәрің жиналып, шетелдік компаниялар батысымызда жасап жатқандай, оқу комбинатын құруларың қажет. Қазіргі заманда мамандарды мүлде басқа, жаңа материалдармен жұмыс істеуге, жаңа технологияларға оқыту керек. – Қонақтар маған келіп, айтқаны бар: тіпті Rixos сияқты жеке қонақүйде қазір қапырық ыстық, сыртта күн жылыды, бірақ отты далада 40 градус аяз қысып тұрғандай жағуда. Пәтерлерде де солай. Жылуды, электр қуатын, суды үнемдеумен ешкім айналысып жатқан жоқ. Әкімдіктер де, Үкімет те ешқандай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ. Үнемдеуге шақырумен шектеледі. Тек сөз ғана, – деп кейіді ол. Бірақ мемлекет жылу, жарық бағасын жалаң көтеруге бой ұрмауы тиіс. Елбасы «халықтың табысын есепке алуды» ескертті. Оның орнына билік жарықдиодты шамдар, жылу шығармайтын құрылыс материалдары мен шыныпакеттер сияқты қуат үнемдеуші технологиялардың қолданылуына ықпал етуі қажет. Бұл ретте Президент 2017 жылға қарай қуат үнемдеуші технологиялардың барлық жаңа нысандар, әсіресе, ЕХРО-2017 нысандар құрылысында қолданылуын жақтады. Осы орайда ол құрылыс компанияларына қазірден жүзеге асыру жайын ойластыруды қажет ететін бір тың идея айтты: «ЕХРО-2017»-ге бет алып барамыз. Оған қуат үнемдеу тақырыбы таңдалған. Сондықтан әрбір құрылысшы, әрбір компания толығымен күн, жел, термальді, немесе кез келген «жасыл» энергетикамен жұмыс істейтін ең кемі бір тұрғын үй тұрғызуға тиіс» деген Нұрсұлтан Назарбаев Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровты орнынан көтеріп, оған «ЕХРО-2017»-ге жауапты басты тұлғалардың бірі ретінде осындай идеяларды қазірден ілгерілетуді жүктеді. Осыдан кейін мінберге белгілі бизнесмен, «Мега» ойын-сауық орталықтары желісінің қожайыны Н.Смағұлов шақырылды. Ол еліміздегі 90-жылдардан қалған «жабайы сауданы» жоюдың маңыздылығына тоқтала келе, мемлекетке ірі сауда кешендерінің құрылысын ел қазынасынан қаржылай қолдауды өтінді. Әйтпесе бизнесменге сенсек, олардың құрылысына салынған қаржы тек 15 жыл ішінде өтеледі екен. Бизнесмен мемлекеттің осы салаға салған әр теңгесін кейін кәсіпкерлердің салық түрінде 5 теңге етіп қайтаратындығын алға тартты.Айтқандай, өткен жылы ел Үкіметі өз отырысында базарларды ірі сауда кешендеріне айналдыру, осы істі субсидиялау мәселесін арнайы қараған болатын. Дегенмен бұл бағытта билік әлі қандай да бір бағдарлама қабылдамаған. Бұл ретте Мемлекет басшысы «барахолкаларға қарсы» екендігін, бірақ сауда орталықтарын бюджет есебінен субсидиялау болмайтындығын анық аңғартты. «Ақсүт» фермасының басшысы Нелля Салиханованы тыңдаған Елбасы АШМ басшысына «ескерту жасады»: «Асылжан, қара, ауылда сенің бәсекелестерің өсіп келеді. Егер сен қимылдамайтын болсаң, олар сенің алдыңды орайды». Мемлекет басшысына ұнағаны, «Ақсүт» фермасының төрайымы Еуропалық даму банкінен жеңіп алған грантына тек әлемдік озық тәжірибені игеріп қана қоймай, ол қаржыны бірқатар қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға да жеткізіпті. Жаңа білімдері арқасында ол өз ісін 1 сиырдан бастап, бірнеше жылда 75-ке жеткізген екен. Егер АШМ басшылығы осындай өнімділікпен жұмыс істесе, қазір қазақ жайлауында 50 миллион қой мен 15 миллион сиыр жайылып жүрер ме еді?! – Егер ауыл шаруашылығын ілгерілетіп, экспортты биік деңгейге шығарғымыз келсе, бізге ауылды өркендетумен айналысу қажет болады, – деп баса айтты Қазақстан Көшбасшысы. – Бүгінде біз осыған қажетті ресурстарды қордалап жатырмыз. Қазақстанда 7 мың 232 ауыл барлығын білемін. Оның негізгі бөлігі – 3мың 750-і – «мықты», 2 мың 500-і – орта. Егер осыларға көмектессе, олар көтеріледі. Ендеше, ауылды түлетудің арнайы бағдарламасын қабылдайтын кез келді. Онда мәдениет үйлерін дамыту, ауыл жастарының демалысын ұйымдастыру, жаңа баспана және басқа мәселелер қамтылуы керек. Осының барлығын біз жасай аламыз, – деген Н.Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне Өңірлік даму министрлігімен бірлесіп, орта ауылдарды қалай «ауқаттыға» дейін көтеру жайын ойластыруды жүктеді. Осы орайда Қазақстан Көшбасшысы кәсіпкерлерге Үндеу тастады: «ауылды түлету ісімен мемлекетпен бірге бизнестің де айналысуға тиістігін» нықтаған ол қалталы бизнесмендерді өздерінің туған, кіндік қаны тамған жерге барып, сол елді мекенде мектеп, балабақша, клуб сияқты жергілікті әлеумет үшін пайдалы нысандар салуға шақырды. Елбасының айтуынша, кәсіпкер азаматтың отансүйгіштігі осыдан көрінер еді. «Сендерді осы ел өсірді. Мемлекет өз заңдарымен, қолдауымен сендерге бай болуға мүмкіндік берді» деген ол ауқатты бизнесмендерге өз байлықтарынан елге де енші беруге шақырды. «Біз мұндай қызметті ынталандыруға тиіспіз!» деді Үкіметке Президент. Мәселен, Батыста демеушілікпен, қайырымдылық істермен айналысатын қалталы адамдар мен кәсіпкерлерге мемлекет салықтық жеңілдіктер береді. Өз сөзінде Н.Назарбаев кәсіпкерлерге, әсіресе, ірілеріне өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды. Сонда елде бақуатты, бақытты өмір сүретіндер қатары күрт артар еді. Ел Үкіметі жыл сайын ел басшылығы мен Парламент алдында есеп береді. Және сөз басын еліміздің жалпы ішкі өнімінің қаншаға өскендігінен бастайды. Бірақ бұқара халық үшін бұл дерек мүлдем қызықсыз. Қарапайым қазақстандықтар елдегі жағдайды өз ауқатына қарап, бағалайды. Оған сәйкес, Қазақстанда үй шаруашылықтардың (отбасылардың) 36 пайызы орташа алғанда айына, әр адамға шаққанда, 30 мыңнан жоғары табысқа өмір сүреді. «Бұлардың қатары шамамен 6 миллиондай адам. 55,6 пайызы 36 мың теңгеге дейінгі орташа айлық табысқа ие, мұндайлардың саны шамамен 9 миллион. Үй шаруашылықтарының 8 пайызының орташа айлық табысы әр адамға шаққанда 15 мың теңгеден кем! Бұлар – шамамен алғанда, 1,5 миллион адам» дей келе, Мемлекет басшысы Үкіметке осы тәжірибені зерттеу туралы тапсырма берді. «Қолды тектен-тек ербеңдетіп, сермей берудің керегі жоқ! – деп ескертті Елбасы, үлкен сандарды алға тартуды жаны сүйетін шенеуніктерге, – Экономика кім үшін жұмыс істеуде? Арнайы әлемдік рейтинг бар, білесіңдер ме? Джини индексі деп аталады. Бізде ол әзірге 6-ға тең. 10-ға жақындаса, қауіпті» деп сақтандырды Президент билікті. Түсіндіре кетер жайт, «Джини коэффициенті» дегеніміз,қандай да бір елдегі не аймақтағы қоғамның, зерттеліп отырған нышанына қарай жіктелуі дәрежесінің статистикалық көрсеткіші болып табылады. Экономистер көп жағдайда зерттелетін нышан ретінде адамдардың жылдық табысы деңгейін алады. Кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшыларын Н.Назарбаев өздерінің баюына үлес қосып отырған қол астындағы қызметкерлерінің әл-ауқатын көтеруге шақырды. «Бір жағынан, кімде мүмкіндік бар болса, әсіресе, ірі бизнесте, бірте-бірте, бизнеске нұқсан келтірмей, адамдардың жалақысын көтеруді қарастыру керек! – деді Қазақстан Көшбасшысы. – Бірақ жұмысшыларға жалақыны көтеріп, өздері шөгіп қалатын компаниялар бар, міне, дәл осы жерде мемлекет көмектесуге тиісті. Және көмектесіп те жатыр. Біз әлеуметтік жұмыс орындарын, жастар практикасын ашудамыз». Ресми мәлімет бойынша, 6 мың кәсіпорынмен әлеуметтік жұмыс орындары туралы өткен жылы келісім жасалған, яғни 28 мың адамның жалақысының бір бөлігін мемлекет бюджет есебінен өтеген көрінеді. Бұған мемлекет 3,4 миллиард теңге бағыттапты. Егер отандық бизнес мемлекетке көмекке келсе, өз кезегінде мемлекет те қарап қалмайды: қазақстандық кәсіпкерлер кең ауқымды қолдауға ие болады. Бұл ретте Үкімет сыртқы нарықтарда, атап айтқанда, Ресей мен Беларусь кіретін Кеден одағы аясында отандық бизнестің мүддесін ілгерілетіп, қадамын қорғауға, тіпті ашық лобби жүргізуге кірісетін болды. «Үштік одақ», Бірыңғай экономикалық кеңістік сияқты ұйымдарда жоғары деңгейлі келіссөздер жүргізетін Үкімет басшысының үш орынбасарына осы жүктелді. Мемлекет басшысының айтуынша, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына сәйкес, 3 мыңға жуық кәсіпкерлік жобасы бюджеттен субсидиялануда. Мемлекет 409 кәсіпкерлікке инженерлік инфрақұрылымын тартып берген.«Осының барлығы мемлекетке 78 миллиард теңгеге түсті, – деді Н.Назарбаев. – Кәсіпкерлікті жұмысының бірінші үш жылында тексеруге заң жүзінде тыйым салынды. Қазақстан бизнес ашу және жүргізу үшін қажетті жағдайларды жеңілдету бойынша реформалар жөнінен көшбасшы болып табылады» деген ол өзінің тапсырмасымен, бизнеске қысымды азайту бағытында құқық қорғау жүйесінде де жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Президент елімізде бүгінде кез келген адам бір күн ішінде, тіпті үйінен шықпай-ақ, он-лайн режимде өз бизнесін аша алатындығын мәлімдеді. «Солай ғой? Бұл жұмыс істей ме?» деп нақтылады ол. Залдағы бизнесмендер мен жауапты тұлғалар мұны растады. «Жеке кәсіпкерлер үшін салықтық есептілік тапсыру мерзімділігі қысқартылды, есеп жеңілдетілді. Заңнамаға өзгерістер енгізіліп, электронды есепшот-фактураларды ендіруге жол ашылуда. Солай емес пе?» деп сұрады Елбасы. Әлі ендірілу үстінде екен. «Жасалатын болады!» деп баяндады залдан Үкімет өкілі. «Тек осы жаңалықтың өзі қазақстандық бизнестің жыл сайын 5 миллиард теңгедей қаржысын үнемдейді» деді Н.Назарбаев. Оның мәліметінше, Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы қазақстандықтардың саны 2,5 миллион адамға жетті. «Бұл – тәуір көрсеткіш. Бірақ әлемдегі күрделі жағдай жаңа міндеттер қойып отыр, – деді Қазақстан Көшбасшысы. – Ең алдымен, өзіміздің ішкі инвестициялардың әлеуетін дамыту туралы сөз етуіміз қажет. Бұл – біздің ортақ стратегиялық міндетіміз! Бұл қазір Үкімет әзірлеп жатқан 2020 жылға дейінгі Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тұжырымдамасының негізіне айналуға тиіс». Президенттің дерегінше, тәуелсіздік жылдары Қазақстан 300 миллиард доллар инвестиция тартыпты, соның 124 миллиардын өзіміздің төл ұлттық инвесторлар құйыпты! – Мемлекет барлығын, бар жерді тегіс бақылауға ұмтылу секілді ескірген әдеттен арылуы керек! – деп жүктеді Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз командалық экономикадан құтыла алмай келеміз. Нарықтық экономика жағдайында мұндай бақылау бизнес үшін қосымша тоспа түзеді және коррупция үшін жағдай жасайды. Мемлекет тарапынан бақылау нысаны ретінде тек ақырғы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі, заңнамалық нормалардың сақталуы болуға тиіс. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сияқты бақылаусыз кетуі адам өмірі мен денсаулығына кері әсер етуі мүмкін салалар міндетті түрде бақылануға тиісті. Басқасы да бақылауда ұсталынуы қажет, бірақ оның тәртібі өзгеше болуы тиіс, – деген Елбасы Үкіметке «биылғы жылдың соңына дейін адамдардың қауіпсіздігіне тікелей ықпал етпейтін барлық рұқсат берулер мен лицензияларды тегіс жою туралы тапсырма бергендігін» хабарлады. Олар жай «құлағдар етумен» ауыстырылмақ. Ал мемлекеттің міндетінде «тауарлар мен қызметтер сапасы стандарттарын, қауіпсіздік индикаторларын, регламенттерді әзірлеп, орнату» қалмақ. Осы орайда Елбасы тағы да құрылыс саласын ауызға алды. «Қажетсіз рұқсат беру құжаттары мен процедуралары тұрақты түрде қысқартылып, ал мәнін жойған құқықтық актілер мен нормалардың күші уақытылы тоқтатылып отыруы керек, – деп міндеттеді Президент. – Мен көрнекілік үшін құрылыс саласын алайын. Қазақстанда құрылыс бизнесімен айналысу үшін жалпы саны 32 рұқсат беру алу қажет екен! Гонконгта, мысалға, небәрі 6 ғана. Сол 32 құжаттың бәрі маңызды ма? Сапаға әсер ете ме? Әрине, жоқ» деген ол бұлардың керісінше, бизнес жүргізу шартын күрделендіріп жатқандығын айтты. – Президент Әкімшілігіне адамдар жүгінеді, хаттар келеді, – деді Н.Назарбаев, – олар жаңа ғана тұрғызылған үйдің сапасына шағымданады. Тұрғындар құрылыс компаниясына қарсы жалғыз, өзімен-өзі қалады. Өздерінің сапалы баспанаға деген құқықтарын сотта қорғауға тырысады. Осы жерде сұрақ туады: сонда мемлекеттік қаптаған құрылымдар не үшін керек? Мемлекеттік сараптама, сәулет-құрылыс бақылауы, авторлық қадағалау? Бақылаушы-қадағалаушы органдардың тұтас полкі не істейді? – Қандай сорақылық! Қаншама мемлекет қаражаты шығын болған. Кім мұнымен айналысады? Нокин қайда? Сондай бір мектеп орнына үш мектеп немесе бірнеше балабақша салуға болар еді. Онсыз да қаржы қат болып жатқанда, мемлекеттік қаржы неге осылай шығындалады? – деп қынжылған Президент құрылыс саласындағы нормативтерді өзгертуді, құрылыста Қазақстан ерекшеліктерін ескеріп, еурокодтарды пайдалануға көшуді тапсырды. «Бақытжан Әбдірұлы, саған дербес «үй тапсырмасы»: қол астыңдағы құрылысқа жауапты басшыларыңмен бірге, осы істермен шұғыл түрде айналыса баста да, бір айдан соң маған баянда!» деп міндеттеді Мемлекет басшысы, Өңірлік даму министрін. Бұл ретте Үкімет басшылығы мектептерде енді бассейн салынбайтындығынан хабардар етті. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» одағына Үкіметпен бірлесіп, «Іскерлік климат» атты жаңа рейтинг түзуді жүктеді. Ол рейтинг орталық және жергілікті органдардың жұмысын бағалайды. «Оның нәтижелері БАҚ-та жариялансын. Президент Әкімшілігі осы рейтингті әртүрлі деңгейдегі әкімдіктердің жұмысын бағалау кезінде есепке алсын!» деді Президент. Өз сөзінде Қазақстан Көшбасшысы электрондық сауданы дамыту мәселесіне жеке тоқталып, тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ осы жиында кәсіпкерлер алда Қазақстанда меммүлікті жекешелендіру басталатындығынан құлақтандырылды. Үкімет ендігі жекешелендірілетін нысандар мен тетіктер тізбесін жасап жатқан көрінеді. Үшіншіден, әлеуметтік саланың жекешелендірілетін нысандары өз бағдарланушылығын өзгертпеуге тиіс. «Қарапайым тілмен айтқанда, мәдени клубты сырахана-барға айналдыруға жол берілмесін. Егер ол әлеуметтік сала нысаны болса, әлеуметтік болып қалуы керек» деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құру мәселесін жеке сөз етті. «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құру – жаңа шешім, – деді Мемлекет басшысы. – Ол біріншіден, барлық кәсіпкерлерді біріктіруге, оларды Үкіметтің әріптесі етуге және қорғауға бағытталған. Екіншіден, бұл мемлекет пен бизнестің өзара әрекеттесуінің жаңа формасы: бұл палата арнайы жаңа заң негізінде Үкіметпен бірге ережелерді әзірлейді. Онда палатаның міндеттері мен функцияларын нақты айқындау қажет. Осы палатаға міндетті мүше болу бірінші кезекте жекелеген кәсіпкер үшін пайдалы болуға тиісті. Ол өзінің қорғалғандығын сезінуге, осы құрылымнан демеу көруге тиіс». Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық бизнесті дамытудың жаңа кезеңі басталғандығын мәлім етті. «Неге жаңа кезең? Егер отандық кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырмасақ, жұмысымыздың сапасын көтермесек, біз ілгерілей алмаймыз. Біз экономикамыздың жартысын шағын және орта бизнес құрауы керек деп отырмыз, алайда егер осы жартысы кері тартып отырса, не болады? Оған жол беруге болмайды» деді ол. Қазақстан Көшбасшысы отандық кәсіпкерлерді жаһандық көрмені ұйымдастыруда мемлекетті қолдауға шақырды: «Ашылып отырған үлкен мүмкіндік – Қазақстанда «ЕХРО-2017» жаһандық көрмесін өткізу. Мемлекет осы іс-шараны өткізуде сіздердің белсенділіктеріңізден үміттенеді. Бұл дүниежүзілік форум Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктерін, қуатын және сапасын, оның артып келе жатқан әлеуетін паш етуге тиісті!» Жаңа мәртебесіне сәйкес, жаңа президенттік Кеңестің тұрақты жұмыс топтары құрылатын болады. Оларға мемлекеттік органдар басшылары мен бизнес өкілдері тең төрағалық етпек. Ұлттық инвесторлар кеңесінің Жұмыс органы ретінде Елбасы Өңірлік даму министрлігін бекітті. Айхан ШӘРІП |
Следующий