Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырыс барысында Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі тұжырымдамалық тәсілдер, сондай-ақ оның активтерін орналастыру бағыттары қаралды.
Мемлекет басшысы бүгінде еліміздің экономикалық саясатындағы ұзақ мерзімдегі перспективаға арналған Ұлттық қордың одан арғы рөлі мен орнын нақты айқындау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Ұлттық қор, бұл – болашақ ұрпақтың ақшасы, соған байланысты оның тек ең айрықша жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін екенін атап көрсетті. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы мәселелерді шешудің көзі ретінде қарастырмауды, ал оның орнына тиімсіз бюджет шығысын қысқарту, қаржы тәртібін күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу және салық салынатын базаны арттыру қажеттігін қадап айтты.
Мемлекет басшысы отырыс барысында маңызды мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілгеніне тоқталды.
– Біріншіден, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп 1 маусымға дейін қаржы-кредит қатынастарының жаңа жүйесі аясында Үкімет пен Ұлттық банктің үйлестірілген шарасы есебінен тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі толық есеп жөнінде бірлескен ұсыныстар енгізсін. Екіншіден, Ұлттық қордың республикалық бюджетке мақсатты трансферттер бөлу бөлімінде ұсынылған өзгерістер мақұлдансын. Бұл ретте мен Үкіметке өзге мүмкіндіктерді мейлінше пайдалану туралы тапсырма беремін. Ұлттық қор тек егер стратегиялық маңызы бар жобаларды қаржыландырудың басқа көздері болмаған жағдайда ғана пайдаланылуы тиіс. Сондықтан бірінші кезеңде жоба, оның техникалық-экономикалық негізі әзірленіп, сондай-ақ қаражат қайтарымы есептеліп болғаннан кейін ғана біз аса маңызды автомобиль жолдарын қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін қаржы бөлетін боламыз. Белсенді талқыланып жатқан тағы бір мәселе – Ұлттық қордың екінші деңгейдегі банктерді қорландыру үшін қаражат бөлуі. Мен бұған үзілді-кесілді тыйым саламын, бұл мәселе жөнінде нақты шешім қабылданды. Екінші деңгейдегі банктерде қаражат тарту үшін көптеген түрлі мүмкіндік және құралдар, сондай-ақ өзге де резервтер бар. Және оларды пайдалану керек, біреу тегін ақша береді деп сенбеу керек. Жұмыс жүргізіп, бәсекеге түсу қажет,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз тілшімізден