Табиғат десе ішкен асын жерге қоятын экоодақ төрағасы Мэлс Елеусізовтің айтуынша, «Таңбалы тас» халықаралық фестивалін өткізу туралы идея қазақстандық табиғат қорғаушылардың ойына осыдан бірнеше жыл бұрын оралаған. Аса маңызды шараны өткізу үшін табиғат экоодағының мүшелері 12 жыл бойы табиғатты қорғау бағытында алуан түрлі экологиялық форумдардан бастап, «Іле – Балқаш» регатасын және аймақтарда жыл сайын құзға өрмелеп шығу және бард әндері фестивалі тәрізді ауқымды іс-шараларды ұйымдастырып, едәуір тәжірибе жинақтапты.
– Фестивальді өткізудегі басты мақсатымыз – еліміздің әрбір тұрғынын тамаша да көрікті туған табиғатымызды аялап, онда жайқалып өсіп тұрған әрбір тал-дарақ пен жануаралар әлемін қорғауға, табиғатты сүйе білуге бейімдеу. Сондықтан да ел тарихында алғаш рет өткізілгелі отырған «Таңбалы тас» халықаралық фестивалі аясында «Көкпар», «Іле – Балқаш регатасы», «Дала кәуабы мен палауы», құзға өрмелеп шығу бойынша және «Тосын сыйлықтар жартасы», «Atash» алау тәрізді жарыстар ұйымдастырып, жиналған жұртшылықты табиғатқа анғаұрлым жақындата түспекпіз. Бұған қоса, жағажайда футболдан, волейболдан, пейнтболдан жарыс өткізіп, жүзден жүйрік шыққандарды арнайы жүлде-сыйлықтармен марапаттамақпыз. Сондай-ақ фестивальге келген қонақтар үшін арнайы «Игі тілектер қорғаны» ашылып, мұндағы жартасқа әрбір адам өзінің жүрек түкпіріндегі ой-тілегін жазып, қалдыра алады. Екі күнге жоспарланған «Таңбалы тас» фестивалі барысында жиналған жұртшылық үшін арнайы тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, әрбір адамды табиғатты таза ұстауға шақырмақпыз. Фестивальге келген әрбір тұрғынға немесе мейманға халықаралық «Таңбалы тас» фестивалін ұйымдастырушылар тарапынан арнайы ескерткіш сыйлықтар табыс етілмек, – дейді «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов. Іс-шараның тағы бір ерекшелігі, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы студент-жастарының көмегімен «Таңбалы тас» шатқалында халқымыздың киіз үй қалашығы бой көтереді. Мұнда келушілер қол өнер шеберлерінің үздік туындыларымен танысады. Қазақстандықтарды туған табиғатты аялауға шақыру бағытында өткізілгелі отырған «Таңбалы тас» халықаралық фестиваліне келген әрбір адам мерекеден ұмытылмастай әсер алып қайтатыны даусыз. Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ |