АЛТЫНОРДА
Новости

Құлай беретін құрылыс үшін кімді жазалаймыз?!

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Құрылысқа келгенде Қарағандыны ұлу жылы ұятқа қалдырды. Болары болып, бояуы сіңген дүниені айтып, Қарағандының қара қотыр жарасын қайта қасып қанатқалы отырған жоқпыз. Бірақ көптің көкейінде күмән қонақтап қалғанын айтпасқа болмас. Қазір құрылысқа жұрт күмәнмен көз салады. Ол күмән күтпеген жерден кеудені кеулеп алды. Былтырғы жылы қалпақтай ұшқан тұрғын үйден соң тұрғындар жаңа құрылыс атаулыға адырая, тосырқай қарай бастағаны рас. Күмән үміт секілді емес… Жылт ете қалатын. Күмән көкіректе талайға дейін тұрақтайды екен. Қанша қуаласаңыз да, қуғындасаңыз да, оңайлықпен шыға қоймайды.

Сол күмәнді қуалап, көңілден көшіре алмай жүр­генде, БАҚ-та бажылдаған тағы бір ақпарат жарыққа шықты. Ашылғанына бар-жоғы 2, 5 жыл ғана бол­ған Теміртаудағы «Ақ тілек» балабақшасының қабырғасы қара басып қақырап қалыпты. Гу-гу емес. Ше­неуніктердің шекесінен шып-шып тер шығарған шыжық – шындық. (Бұл туралы басылымымыздың өткен санында ақпарат бергенбіз). Салтанатты түрде «лен­тасы» қиылып, ашылар-ашылмастан дау-да­майы көп болған бұл балабақшаны салған фирма «Па­расат-сервис» «парасаттылық» танытып, қабыр­ғаны қайта қалпына келтіріп жатты. Құптарлық-ақ. Бірақ құрылыс «жаңылдым, қателестім» дегенді кө­тер­мейтінін ескерсек, бұл – мердігер жұмысының са­пасына уақыттың берген бағасы. Ал, өкінішке қарай, уа­қыт бүгінгі құрылыс пен құрылысшыға үлгерімі нашар оқушы секілді бадырай­тып 2 қойып отырса ше?

Бір өкініш

ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агенттігінің айтуынша, бүгін­де жемқорлар құрылыс саласына «ұя» салған. Мә­селен, былтырғы жылы құрылыс саласына қатыс­ты Қаржы полициясы еліміз бойынша 113 қылмысты анық­тапты. Тұрғын үй -коммуналдық шаруашылықта 46 қылмыс ашылған. Мұның барлығында дерлік шенеуніктердің пара алуы, пара сұрау дерегі бар. Сондай-ақ еліміздегі жемқорлыққа қатысты әрбір 5-қылмыс, жалпы, жемқорлық қылмыстардың 21 пайызы мемлекеттік сатып алу саласының үлесінде екен. Соңғы екі жылда мемлекеттік сатып алу сала­сын сүзгіден өткізген Қаржы полициясы барлығы 1159 жемқорлық заңбұзушылықты анықтапты. Агент­тік былтырғы жылдың өзінде басқа бағда­р­ла­маларды есепке алмағанда, «Тұрғын үй құрылысы» атанған мемлекеттік жобаны жүзеге асыруда 17 заң­бұзушылықты анықтаған. Еліміз бойынша осындай статис­тика сөйлеп тұрғанда, құрылысқа қалайша кү­мән­мен қарамайсыз?

Гүлнар ӘБДІРАСІЛОВА, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының проректоры, ҚР құрметті сәулетшісі, профессор:

– «Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер болсын, әлеуметтік нысандар болсын, ешқайсысына көңілім толмайды. Осы саланың маманы болғаннан кейін олардың қалай тұрғызылғанына назар аударып отырамын. Сапасыз материалдармен салынғандығы көзге көрініп тұрады. Германия, Қытайға барсаңыз, ондағы ғимараттарға таза табиғи материал­дарды пайдаланғанын көресіз. Күйдірілген тас, граниттен салады. Әрине, олар мықты болады. Мен шетке шыққанда міндетті түрде ол жақтың архитектурасына назар аударамын. Қолымнан келгенше жаңа салынған ғимараттарға барып, арнайы қолмен ұстап көремін. Тәнті боламын. Олар оған қалай жетті? Демек, онда бақылау күшті жүргізіледі. Ол жоба жасаған адамға байланысты емес. Тапсырыс берушінің қандай материалды қол­данып, сапалы жүргізгендігіне бай­ланысты. Бетон құйылмай жатып, ар­матуралар дұрыс байланды ма – оның барлығын бақылаушы мамандар жіті қадағалауы керек. Ал бізде сапа емес, ақшаны ертерек жинап, үйді тез сатуға асығып тұрады».

Бір үміт

Құрылыс және ТКШ істері агенттігінің төрағасы С.Нокин осыдан тоғыз ай бұрын 2012 жылдан бастап жауапсыз құрылыс компанияларына нысан, үй салдырмақ түгіл, құрылыс алаңына аттап басқыз­байтындығын кіжініп тұрып, Үкімет сағатында айтқанынан хабардар едік. «Соңғы жылдары құрылыс сапасына байланысты көптеген ескертулер болды. Осыған байланысты біздің тарапымыздан қолданыстағы заңнама нормаларын қатаңдатуға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деген еді төраға. Үш категорияны қарастыратын лицензиялау­дың жаңа жүйесі енгізілгенін де айтқан сол мырза еді. Сөйтіп, тұрғын үйлерді екінші категориялы лицензиясы бар және бес­жылдық тәжірибе жинақтаған компа­ниялар ғана салуы тиістігін және салынған нысандар бойынша оңтайлы ұсыныстар алынбақ болған. «Ал ондай ұсыныстары жоқ құрылыс компанияларына лицен­зиялар берілмейді. Олар осыдан кейін көп қабатты үйлерді салмайтын болады», – деп ант-су ішкендей еді. Кім білген? Ендігі оның қаншалықты өміршеңдігін келешек көрсетер.

Бұдан аз ғана уақыт бұрын Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы жылжы­майтын мүлік нарығында елде жауапсыз «ойыншылардың» пайда болғанын жария еткені мәлім. Сондықтан да үлескерлік құрылыста Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы алаяқтықтың алдын алу үшін сенімді құрылыс компанияларының тізімін шығарды. Бұл тізімдегілер үлес­керлер алдындағы міндеттерін мүлтіксіз орындағандар деп есептеледі. Сондай-ақ бұл мәліметтер ай сайын жаңартылып отыратын болады дейді қауымдастық. Сенімділердің қатарында: «Базис-А», «BI Group», «Шар-Құрылыс», «Стройинвест СК», «Объединение – Сайран», «TS Ин­жи­ниринг», «Элитстрой», «Альянс­трой­инвест», «Ақмола Құрылыс Материал­дары (АҚМ)», «Найза құрылыс», «Строй­кон­тракт», «Бахус-Астана», «Құлагер», «Орда Строй Групп», «СК Әсем қала» ком­пания­лары бар. Ал сенімге селкеу түсіргендер «Mainstreet», «Астана Құрылыс», «Өркен», «Азбука жилья», Kaz Jordan Construction Company деп отыр бұл күнде.

Бір күдік

Бұл – шаһардағы, көптің көз алдындағы ахуал. Ал шет жатқан, шалғайдағы ауыл­дардағы бюджет қаржысына салынған әлеуметтік нысандардың жағдайы бір Аллаға ғана аян. Төрт қабырғасын қал­қайтып, «қатырдық» деп қомақты қар­жыны қалтаға басқан қанша шенеунік бары да беймәлім. Былтырғы жылы бір ауданның білім бөлімі мектептің төбесін жаптық деп, ақшасын қалтасына басып, күзде төбеден су сорғалағанда ғана ат­танға басқан атқамінерлерге ол да бір сабақ болған сияқты еді. Қайдам?.. Бәріне – мәртебелі уақыт қазы. Тек уақыт төрелігін айтқанша, жемқорлардың жейтінін жеп, табанын жалтырататыны жаман. Одан кейін тәртіпсіздік жасап алып, «байқамай қалдым» деп, басын сипай беретін нашар оқушы секілді болған шенеуніктің сүмірейген түрі құрысын…

Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды

http://alashainasy.kz/main/42002/