АЛТЫНОРДА
Новости

АҚЫННЫҢ МӘҢГІЛІК МҰҢЫ

Қазақ әдебиетінің барлық жанрларында арынды ақын, алдас­пан жырдың дарабозы әрі батыр, әрі ту ұстаған қолбасшы Махамбет Өтемісұлы туралы шығармалар аз жазылған жоқ. Сонау ақын Ығылман Шөрековтен бастап бүгінгі суреткер қаламгер Зейнолла Қабдоловқа дейінгі қалам ұстаған дарындардың барлығы бұл қасиетті тақырыпқа ат басын бұрмай өте алмаған.
Айталық, жазушы Зейнолла Қабдоловтың көп жылдар бойын­да іштей дайындалып, ойына алған, осы мақсатта деректер жинас­тырып, жүрек түкпірінде сақтап жүрген, жанына жақын тақырыбы қазақтың алдаспан ақыны Махамбет бейнесін сомдау болатын.
«Менің Әуезовім» роман-эссесінен кейінгі күрделі туындысы – Махамбет бейнесіне қалам тартқан қаламгер бұл романын толық аяқтап үлгермеді. Оу бастан Махамбет тағдыр кешкен тұтас дәуірді толықтай қамтып, сол кезеңнің тарихи шындығы мен тарихи тұлғаларды қатар ала отырып, бүгінгі заман биігінен ой толғағысы келген қаламгердің аяқ алысы, қалам сілтесі бірден сезіледі.
Ой ауқымын кеңге салған, суреткерлік, көркемдік жинақтаудың эпикалық биігіне қол артқан автордың суреттеулерінен болашақ туындының терең тынысы, көп қырлы болмысы бірден көзге түседі.
Бұл туындының алғашқы тараулары З.Қабдоловтың өзі дүниеден өткеннен кейін жарық көрген бес томдық таңдамалы шығармаларының бесінші бөлімінде «Мұз үстінде от жаққан» атты тақырыппен жарық көрді. Болашақ романның алғашқы беттеріндегі оқиғалардан-ақ оқырманға терең әсер тастайтын «Арыстан еді-ау Исатай», «Қаһарман ақынның тағдыры мен тағылымы», «Айбын мен айдын», «Ақын өлімі» (роман эскиздері) деп аталатын атаулар бір-бірімен іштей сабақтасып, тұтас дүниенің енді көтеріле бастаған қабырғаларын көзге елестетеді.
«Ақын өлімі» тарауында тұтаса бастаған басты идея, тартысқа толы сюжет шырғалаңдары қылаң бергендей. Махамбет қазасына байланысты өрбитін оқиғалар суретінің алғашқы арналарын Зекең өзіне тән құнарлы тілмен, суреткерлікпен, өзіне тән стильде қағазға түсіріп үлгерген екен. Өте әсерлі, тартымды оқылады.

Жазушы бірден Бөкей ордасына байланысты тарихи оқиғаларға баға беріп, тарихи ретроспектива аясында бірнеше шегіністер жасайды. Еділ, Жайық арасын бейбіт жайлаған қалың қазақтың тарихи тағдыры қалайша замана көшінде сан қайтара сынға түскені де жазушы жинақтауларында суреткерлікпен көрініс табады. Жазушы ой ауқымын кеңге салады. Тарихи деректер шығарма тініне әдемі кірігіп, болашақ Махамбет тұлғасына барар жолды саралай түседі.
«Жәңгір туатын жылы патша ағзамның жарлығымен Бөкей сұлтанның қашаннан бергі арманы орындалып, Еділ, Жайық – екі өзен арасы түгелімен Бөкей Нұралыұлына мәңгі бақи меншіктеліп берілді. Бұл бұған дейін ешбір қазаққа жасалмаған мырзалық еді.
Еділ, Жайық арасын бұдан бұрын жоңғарлар таптап, қалмақтар жайлап бұларды патша жасауылдары казактар қуып шыққан соң көп уақыт бос жатқан қызыл шағыл боз дала болатын. Сол дала енді күтпеген жерден Бөкей сұлтанға берілді. Бұған жұрт таңғалды:
– Япырм-ай, тас сараң патша қалай қиып беріп жүр? – десті. Оны біреулер түзетіп:
– Бос жатқан жер, ұстап тұратын адам керек, неге бермесін?! – деді.
– Жоқ-ау, қазаққа қалай қиды деймін ғой.
– Бөкей де жарты қазақ, жарты орыс емес пе? Берген содан соң.
– Қалай орыс болады Бөкей?
– Көк көз ғой, орыстан несі кем?
– Солай екен-ау!
– Солай болғанда қандай? Биыл туған ұлы Жәһәнгердің де көзі көкпеңбек. Бұл да орыс, әкесінен аумайды, аузынан түскендей…
Бұлардың бәрі қаңқу. Өсек.
Тумыстан асыл жаралған ақылды, парасатты Бөкей не істеп жүргенін өзі біледі. Хан тұқымы, төлеңгіт емес, төре Бөкей сонау Шыңғыстан бергі ата-бабаларының орыстан шылбыры үзілмей келе жатқан тағдыр үрдісін бұл да бұза алмады. Қазақтар орыссыз өз алдына дербес ел бола алмайды деп білетін. Ойда – орыс, қырда – қытай. Шылбырдың бұрышын қара қытай ұстаған жөн бе, әлде қазақтың көзі үйренген сары орысы дұрыс па?
Әрине, отаршылар аяққа тұсау салмақ түгіл шідер салса да, қытайдан орыс дұрыс деп білді.
Әрине, Бөкейдің мойнына ілінген үзбелі түйме жай түйме емес, оның өзіне, өзі басқаратын халыққа салынған отаршылдықтың қылбұрауы да еді. Бұл бұғалыққа көнбеуге Бөкей ханның да, оның қай заманда да құлдықтан, азап пен бейнеттен арылмаған бодан халқының ешқандай лажы жоқ еді».
Осылайша тарихи шындықты ой елегінен өткізген қаламгер Махамбет бейнесіне барардың алдында Әбілқайыр, Бөкей сұлтан Нұралыұлы, Жәңгір хан сияқты тарихи тұлғалардың тағдырына да соғып өтеді. Болашақта Махамбет, Исатай бастаған ұлт-азаттық көтерілістің әлеуметтік себептеріне, тарихи тамырларына ой, парасат көзімен үңіледі.
Жалпы романда көп сөз болатын тарихи мекен Қараой, Қараойдағы Махамбет тағдыры, ақын ойын тұйыққа тірейтін шытырман түстің күдігі, осы тұстағы жазушы суреттемелері бүкіл романның идеялық жүгін ұстап тұрған бел омыртқадай көрінеді. Яғни «Түс», «Шер» деп аталатын тараулардағы сөз болатын оқиғалар сарыны, кең тынысты авторлық баяндаулар болашақ романның көп қатпарлы, көп кезеңдерді қамтитын күрделі шығарма ретінде жоспарланғанын анық аңғартып тұр.
Қазақ тағдырының ең бір күрделі, алмағайып кезеңін Жәңгір хан, Өтеміс, Исатай, Махамбеттей тарихи тұлғалар арқылы бейнелеуді мұрат тұтқан қаламгердің осынау шығармасының аяқталған нұсқасының қолымызда қалмағаны, әрине, өкінтеді. Солай бола тұра, Махамбет тұлғасына, Махамбет тағдырына арналған барлық шығармалардың ішінде З.Қабдоловтың осынау романының соңғы жылдары жарық көрген туындылардың арасында дара, шоқтығы биік көрінетіні сөзсіз.
Жалпы осы орайда кішкене шегініс жасасақ, тұтас қазақ әдебиетінде Махамбет тұлғасына қалам тартқан қазақ қаламгерлері аз болған жоқ. Барлық жанрда, үлкенді-кішілі туындыларда Махамбет тағдыры шығарма өзегіне айналды. Алдымен қазақ поэзиясындағы Ы.Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастаны, Ж.Молдағалиевтің «Кек», Ж.Нәжімеденовтің «Жаңғырық», Ә.Кекілбаевтың «Махамбет», М.Шахановтың «Нарынқұм трагедиясы», Ф.Оңғарсынованың «Алмас қылыш немесе Махамбетпен қалай кездестім», М.Неталиевтің «Арыстан еді-ау Исатай» поэмалары, Қ.Бекқожиннің «Махамбет қабірінің басындағы тебіреніс» атты толғауы, ақындар Х.Ерғалиев, О.Сүлейменов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Әбдіраш, Т.Медетбек, Р.Ниязбек, И.Оразбаев, Ұ.Есдәулет, т.б. әр жылдары жарық көрген туындылары Махамбет тұлғасын әр қырынан сомдауға арналды.
Бұлардың арасында жаңа жанрлық форма өлең-роман да ұшырасады. Айталық, «Арыс» баспасынан жарыққа шыққан ақын Р.Ниязбектің «Махамбет майданы» атты туындысын осы қатарға жатқызуға болады. Екі жүз өлеңнен тұтастырылған поэзиялық шығарма Махамбет тағдырының барлық кезеңдерін қамтып қана қоймай, сол тарихи тұстағы қоғамдық-әлеуметтік сахнаға шыққан қазаққа белгілі тұлғалардың барлығының халық санасындағы орны да айшықталып шығады. Өлең-романның басты құндылығы – бүгінгі заман рухымен терең сабақтасып жатқандығы.
Бұл қатарға сонымен бірге І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет», Б.Аманшиннің «Жақия», Ғ.Слановтың «Махамбет», М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет», соңғы кезеңде жарық көрген С.Жүнісовтің, Ә.Таразидің, И.Оразбаевтың «Махамбет» атты туындыларын, т.б. қаламгерлердің драмалық шығармаларын қосуға болады.
Әсіресе І.Жансүгіровтің отызыншы жылдары дүниеге келген «Исатай-Махамбет» атты трагедиясы сол тұстағы әдебиетіміздің шоқтықты туындыларының бірі болды десек, қателеспейміз. Бұл драмалық шығарма сол заманның талабына сай жазылса да ішкі көркемдік қуаты, тілі, жазылу стилі тұрғысынан ақынның сәтті шығармаларының бірі болды. Әсіресе Исатай батырдың қан майданда мерт болатын тұстарын бейнелейтін сахна көріністері, соғыстың тұтас суреті, осы арадағы Махамбет аузымен айтылатын астарлы толғаулар, қазақ елі мен жерінің тағдырына қатысты сол кездің өзінде көтерілген өткір ойлардың шығарма ішіне енуі Ілияс Жансүгіровтің қайталанбас қалам қуатын танытты.
Ал енді проза жанрында тарлан қаламгерлер Тәкен Әлімқұловтың атақты «Қараой» әңгімесі, Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» атты романы, кейінірек дүниеге келген Берқайыр Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры», Қажығали Мұханбетқалиевтің «Бас жұтқан бас», Ә.Сарайдың «Исатай-Махамбет», Нәбиден Әбуталиевтің «Қайран Нарын», Марат Мәжитовтың «Барлыбай түбіндегі ән», тағы басқа да қаламгерлердің прозалық туындылары алдымен ойға оралады.
Бұл туындылар несімен қымбат, несімен қадірлі? Авторлары қандай көркемдік ізденістерге қол жеткізе алды? Махамбеттің күрделі тұлғасын көркемдік тұрғыдан жинақтауда, сол тұстаға қазақ басына түскен бодандық, патшалық Ресей империясының қазақ даласында жүргізген отарлау саясатының қанқұйлы көрінісі, сонымен бірге ел ішіндегі, ағайын арасындағы зұлымдық пен сатқындық үстемдік құрған заман шындығын шынайы жеткізуде қай қаламгер қандай суреткерлік әдіс-тәсілдерге қол артқан екен.
Соған бір сәт назар тоқтатсақ, алдымен Махамбеттің өмірі мен заманы туралы көркем шығармалардың ішінде Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» атты туын­дысы айрықша дара тұрады. Бұл туынды көтеретін, арқау ететін көп қатпарлы әлеуметтік-қоғамдық шындық, осы арнадағы суреттелетін оқиғалар ағымының ауқымдылығы тұрғысынан келсек, осы шығарманың бір өзі Махамбет тағдырының барлық кезеңін қамтып өтеді.
Қараой – жер атауы. Махамбетке жасалған соңғы қастандықтың да осы жерде өткендігіне автор айрықша мән береді. Сондықтан да осы қасіретке бастаған қаралы оқиға тарихы жазушы суреттеуінің басты көркемдік нысанасына алынған.
Әңгімеде Махамбет өмірінің соңғы сәттері сөз болады. Ең бастысы, мұнда қайсар ақынның ешкімге бас имеген асыл рухы асқақ көрінеді. Ешқашан, керек болса хан, сұлтан алдында да төмендемеген, аласармаған ар-намысы соңына түскен көп тобырдың қолы жетпес биікте қалады.
Ал енді суреткер жазушы Зейнолла Қабдолов өз романының барлық тарауларында дерлік Махамбет тұлғасына, оның болмыс-бітіміне, қайсар мінезіне қайта-қайта айналып соғып отырады. Романның ішінде ерекше көзге түсетін бір ерекшелік – Махамбет, Исатай тағдыр кешкен табиғи орта, атамекен суреті кең ауқымда суреттеледі. Табиғат көріністеріне автор айрықша мән береді.
«Тайсойған да аумаған Нарын, Ойыл мен Жем арасын тұтастыра жалғап көсіле көлбеген жалпақ шағыл. Бұл да шағыл болғанда сусып төгіліп жатқан жалаңаш құм емес, қызғылт топырағы сұрғылт шүйгінмен, кей тұстары жасыл шалғынмен қымталған көгілдір қоңырлықтар мен кең қолтықтар, белес-белес белдер, қырқа-қыраттар, қалың елге сая, мал мен жанға пана Нарын ханжайлау болса, бұл – саржайлау. Оңтүстік шалғайы Жем суынан басталатын Тайсойған солтүстігінде Бүйрекқұмға ұласып, Ойыл өзеніне тіреледі. Ойылдың дәл осы аралығында Сырым бөгеті, бөгет жиегінде даланың жалындай жалбырап тұрған бір шоқ терек бар. Мұны да Ақкөл мен Кезауызға қарай өткен жолаушыға көлеңке болсын дегендей Сырым батыр өз қолымен егіп кеткен көрінеді». Осылайша суреткер жазушы әрі тұста, әрі қысқа, әрі әсерлі пейзажға орын беріп отырады.
Ары қарай: «Кезауыз – кезауыз десе кезауыз, оңтүстікке қыртыс-қыртыс қызыл шағылды қақ айырып ағып жатқан Жарыпшыққан өзенінің солтүстіктегі Ойыл суынан жырылған жіңішке жылғаның толқыны терең Тайкеткен арнасына келіп тоғысатын құйылысы – табаны тастақ, жиегі қайраң құмды өткел еді» деп кеше ғана өзі желөкпе жалаңаяқ бала кезінде армансыз кешіп өткен сол өткелін енді келіп жүрегі сыздап аңсайды.
«Бұл араның суы – жайылма, саяз, тізеден аз-ақ асады. Жағасы жайпақ. Сырым бөгетінен арғы Қарамеңнен Қаракөлге, одан әрі Қарабайға қарай сапар шеккен жолаушы арбадан түсіп, балағын түрініп, білегін сыбанып, бой сергітіп, ұйқы ашар салқын сумен бетін бір сипайды да, көлігін қылт етпеден ат емес өзі сүйреп өткендей арғы бетке шыға бере жайланып суын ішеді.
Содан соң пар аттың қамытын алып, делбелерін шұбатып, жағада жайқалған көк құраққа тұсаусыз қоя береді. Аттар шашасын салқын су шайған жерден тапжылып табан аудармастан қысқа дейін бояуын өзгертіп, буынын қатырмайтын балдырған бала құрақты бас салып шалғыша қияды да оқта-текте пысқырып қойып күрт-күрт, кірш-кірш шайнайды. Содан мінер жағынан иесі оралғанша орнынан қозғалмайды.
Ал иесі жағадан жоғары көтеріліп, шағыл шетіндегі шоқыға шығады, шешінеді. Шоқының іргесіне ырп-ырп соғып Жарыпшыққан ағып жатады. Нәрі тап-таза, жағасы – құмайт, түбі – тегіс ақ қайраң. Суының мөлдірлігі сондай ағыспен ығып, жүзіп келе жатқан шоршыма, сойқан балық шортан жағадағы адам қараны көріп кенет шошиды да толқынды құйрығымен бір ұрып кері бұрылып қашып кетеді. Соған бағып, бетінен түбі көрінген мөлдір су саяз шығар деп секіріп түсе қалсаң, үш кісі бойы тереңге шым батасың да кетесің.
Жарыпшыққан – сондай алдамшы өзен, тереңі тентек, тек беті ғана күледі.
Өтеміс пен Махамбет – әкелі-балалы екі салт атты Тайсойғанды екі күн аралап, бүгін үшінші күн дегенде Кезауыздан өтіп, күн шыға Сырым бөгетіне қарай бет түзеді. Бірақ бұлар жағаға шешінген жоқ, Жарыпшыққанға шомылған жоқ; күз салқын, күн желкем еді». Осылай төгіліп түсетін табиғат суреттері романның өне бойына айрықша құнар дарытып, қаламгердің тіл кестесін айшықтап көрсетеді. Зейнолла Қабдоловқа тән суреткерлік тіл, көркемдік бояу, оқырманға терең әсер тастайтын теңеулер үрдісі ой мен парасатқа суарылған.
Осындай суреттеулер Тәкен Әлімқұловтың «Қараойында» да сан қайталанады. Екі суреткер де ақын тағдырына, ақын трагедиясына жақындай түскен сайын табиғат көріністерінің ­бояуын қалыңдата баяндайды. Салқын күздің, желкемді күннің суреті екі шығармада да ұқсас қайталанады. Табиғаттың сұсты суреті Махамбетке қатысты өрбитін қанды оқиғаға астарлы мән береді. Осы арқылы Махамбет трагедиясына алып келетін күллі іс-әрекеттің динамикасы ширатыла, ширыға түседі.
Т.Әлімқұловтың шығармасында күтпеген жерден қызғыш құстың көрінуі, көң қарғаның ұшып жүруі, ботаның боздауы, сол кеште, апақ-сапақта айдың тұтылуы, барлығы ақын өлімін, оның ауыр қазасын шарықтау шегіне жеткізе суреттеу­ге жол ашады.
Зейнолла Қабдолов өз романында Махамбет қазасын суреттейтін эпизоттарды қағаз бетіне толық түсіріп, үлгеріп кете алмағанымен, бірақ ақын қазасына алып келетін барлық оқиғалардың дәлел-деректерін айна-қатесіз, нанымды, сенімді суреттеулер арқылы алып келеді.
Махамбет трагедиясына алып келетін оқиғалар тізбегі жазушы суреттеулерінде көп қырлы, полифониялық сипатымен есте қалады. Махамбеттің соңғы күндерде, жалғыз қалғанда, күллі өмір жолын көз алдынан өткізіп, ой тұңғиығына батқан сәттерін суреттеген беттермен роман нүктесі төмендегідей қойылады: «Сол баяғы жалғыз үй, сол баяғы екі құлынды бие, екі боталы түйе, бір ат. Қазір боталар босатылып, құлындар ағытылған. Бәрі қосылғанда тоғыз құрапты; кәдімгідей көз кідіртер бір табын мал. Және бәрі қосылып, топталып, бірге жайылып жүр; тоғызы да Қараойдың Дендер жақ беткейінде шідерлеулі кер арғымақтың төңірегіне шоғырланып, бір-бірінен қара үзбей жайы­лады.
Махамбет бірауық аспанға бұрқыраған будай яки түтілген түбіттей будақ-будақ әуеде ілініп тұрып қалған қызғылт бұлттарға қарады. Алып аспанға айшық-айшық сурет салған қызыл бұлттар шынында да әр нәрсеге бір ұқсап кетеді. Махамбеттің көзіне мына суреттер Жасқұстағы Орда шаһары секілденіп кетті. Хан ордасына Теке жақтан келіп төте кіретін айдау жол бар-ды; мынау орданың сол Теке беті сияқты. Хан сарайының әшекейлі биік қақпасы, сарайдың екі қанатын кере созып әкететін көше-көше көп үйлер, тіпті оң жақтағы айдын – Шалқар көл мен сол жақта қолдың саласындай тізіле самсап, жиекқұмды жағалай жосылып әрі асқан жал-жал жасыл теректер… Бәрі де қызғылт сары нұрға балқып, керемет көркем келбетпен Махамбеттің көзін арбап алды.
Махамбет аспандағы бұлтқа телміріп ұзақ тұрды; қызыға қарап, қатты толқып ойланып тұрды: «Япырм-ай, тіршілік түп-түгел жерден кетіп, аспанға көшкен бе, қалай!»… Жапан далада жалғыз қалған ақынның күллі ішкі жан әлемі, жүрек күйзелісі, атамекеніне, туған жеріне, туыс-бауырларына деген ұлы сағынышы, ұлы қайғысы, ұлы мұңы, барлығы ақынның осынау сана ағымы арқылы көз алдымыздан өтеді.
Осыдан кейін роман Махамбеттің басын шабуға келген бір топ жендеттердің, яғни «сау желіп, суыт келе жатқан тобырдың» оңаша отырған қараша үйге өңмеңдей кіріп, залым ойларын іске асыруға беттеген зымиян іс-әрекеттерін суреттеумен тәмамдалады.
Ары қарай Махамбеттің Ықылас бастаған опасыз ағайынның алдында алдаспандай арқырап сөйлеп, айыбын айтып, ат құйрығын кесісіп, шарт кетуі. Ызадан жарылардай болған жеті баскесердің қылыштарын ала ұмтылған қаскөйлігінен титтей де қаймықпаған, жаралы арыстандай жалғыз алысқан алып жүректі ақынның жан алысып, жан беріскен арпалысы.
Махамбеттің жантәсілім етер сәттегі Ұлы өкініші. Ұлы арманы. Осының барлығын жазушы ақ қағазға түсіріп үлгермеді.
Тағдырдың жазуы.

Қансейіт Әбдезұлы, 
әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ-дың 
профессоры,
филология ғылымдарының докторы

 

http://anatili.kz/?p=13447