АЛТЫНОРДА
Новости

Коко Шанель (Coco Chanel) жөнінде қызықты фактілер

Бүгін сіздерді адамзат тарихындағы ең ықпалды 100 адамның қатарына кірген Coco Chanel (Коко Шанель) туралы қызықты фактілермен таныстырмақпыз. Осы бір нәзік жанды әйелдің қолынан шыққан дүниелер адамзаттың сән әлеміне үлкен бір жаңалық боп енгені анық.

Көбісі оны әйелдердің күнделікті киіміне айналған қара көйлегін өмірге келтіруші деп біледі. Алайда, бұл қате пікір. Себебі ол одан бөлек, біз біле бермейтін бірнеше киімдердің үлгісін жасап шықты.

Сонымен оларға толығырақ тоқталып өтейік:

• Коко Шанель қалталарды өте қатты жақсы көрді. Ол ерлерге арналған костюмдердегі қалталар әйел киімдерінде жетіспейді деп ойлады. Сондай-ақ, ол қалталарды тек әйел киімдеріне ғана емес, сонымен бірге аксессуарларға да тікті. Мысалы, Chanel сумкасындағы ең басты деталь ол — қалталар!

• Басында Коко үшін барлығы жай хобби ретінде басталған еді. Ол басында қалпақтарды тігумен айналысты. Ал ол кейін париждік ақсүйек әйелдердің жүрегін бірден жаулап алды. Осылайша, өз хоббиінен шабыт алған Коконың шынайы даңқ жолы басталып кетті.

• Коко ең алғаш сауда жолын трикотаж сатудан бастады. Ол басында трикотаж сату дүкенінде қарапайым сатушы болып істеді.

• Коко алғашқылардың бірі болып тамаша маркетингтік әдісті іске қосты. Ол өз киімдерін сату жолында атақты адамдардың есімдерін пайдаланды. Ол оларға өзінің тіккен киімдерін кигізіп, кейін түскен суреттерін жарнама беттеріне орналастыра бастады. Сол кезден бастап атақты әртістер ол дүниеге әкелген киімдер маркаларының символына айналды. Қазіргі кезде кез-келген модель Chanel-дің жарнамасына түсуді армандайды. Себебі бұл — сән әлемінде жетістік пен жеңістің белгісі. Кейін оны миллиондық шарттармен жалатын келісім-шарттар күтетін болады.

• Коко Шанель алғаш болып күнге күюді сәнге әкелді. Күнге күйген тері Шанель кезінен бастап сәнге айналды. Бір қызығы бұл жаңалықты ол кездейсоқ ойлап тапты. 1923 жылы Коко бір круиздық саяхат кезінде денесін тым күйдіріп жіберген екен. Ал одан сәл уақыт бұрын, оны Канн қаласына бір көрсетілімге шақырып қойған еді. Бірақ ол өзінің осындай күйген терісіне қарамастан, ол жерге баруды шешеді. Ал оны көрген адамдарға оның осындай түрі бірден ұнап, кейін осындай күнге күю жаппай сәнге айналады.

• Коко Шанель өмірінің соңына дейін отельде тұрып келді. Ол Ritz отелін өзінің үйіндей көрді. Ал Ritz отелі қазір Париждегі алдыңғы қатардағы қонақ үй саналады.

• «5» санын Коко Шанель «ең сүйікті саным» деп есептеді. Себебі оның өміріндегі көптеген жетістіктер осы 5 санымен байланысты. Chanel №5 хошиісі де тегіннен осылай аталған жоқ. Бұл Шанельге қатты ұнаған осы хошиістің бесінші нұсқасы болатын. Бір қызығы, Chanel №5 1921 жылдың 5-мамырында көпшілікке ұсынылды. Ал қазір әлемде 30 секунд сайын оның бір данасы сатылып жатады.

• Коко Шанельдің өмірінде бірнеше рет махаббат оқиғалары болса да, ол ешқашан тұрмысқа шыққан жоқ.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

 сурет: myshulka.ru

 

http://massaget.kz/bastangy/sn/10200