Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты кеше «террористік актілерді жүзеге асырмақ болды» деп айып тағылған күдіктілердің ісін қарауға кірісті. Алты адамнан тұратын топқа тағылған басты айып: қоғамға қауіп төндіріп, халықтың үрейін алу мақсатында жарылғыш заттар мен қару қолдана отырып жарылыстар әзірлеп, басқа да әрекеттерді жоспарлау. Күдіктілер террорлық топтарға қатысып, дүркін-дүркін лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыру арқылы Қазақстанды халифатқа айналдыруды да көксегенге ұқсайды.
Ақпарат агенттіктерінің жазуынан байқағанымыз, кіл қаракөздерден тұратын күдіктілер лаңкестік әрекетке бастан-аяқ әзірленген сыңайлы. Мәселен, жарылыс жасауға бел буған топ елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайының, Астана опера және балет театрының сызбаларын қолға түсірген. Мемлекеттік айыптаушы Мәлика Шашдәулетованың айтуынша, Қошалақов басқарған лаңкестік топ елдің жоғары лауазымды тұлғаларына қастандық ойластырып, Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына шабуылдауды жоспарлаған. «Бұл мақсатта айыпталушы Шәріпов өзінің кәмелетке толмаған әйелі – Нұрғалиеваны үгіттеп, оны Астанадағы Опера және балет театрында жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен өтетін театрдың ашылуында шахид ретінде өзін-өзі жарып жіберуге дайындаған», – деп келтіреді прокурордың сөзін ақпарат агенттіктері.
Ал айыптау қорытындыларына сүйенсек, лаңкестік топ мүшелері бастапқыда «кәпірлерге» қарсы күш қолдана қылмыс жасап, олардың көзін жоя отырып, мүліктерін иеленуді де ойластырған. Сосын қылмыстық жолмен табылған қаражаттың бір бөлігін Ресейдің Кавказ аймағына, сондағы террористік топтарға материалдық көмек ретінде жіберіп отыру жоспарланған. Қаражаттың қалған бөлігіне қару-жарақ сатып алып, оны лаңкестік әрекеттер үшін қолдануға жоспарлапты. Сөйтіп, тергеу нәтижелері айыпталушы Қошалақов, Е.Кәдірсізов, А.Қасқабаев, С.Жүнісов пен Шәріповтердің әңгімелерінен, пікірлерінен қарулы жиһад түріндегі лаңкестікті насихаттау, сондай-ақ террорлық әрекетке шақыруларды анықтаған. Мәселен, айыптау қорытындысы бойынша Қошалақов пен Шәріпов 2012 жылдың қыркүйегінде Астанадағы Р.Қошқарбаев көшесіндегі мешіт жанынан дөнерхана ашып, соған келімді-кетімді жұртшылықты әңгімеге тарта жүріп, Қазақстан аумағында лаңкестік әрекеттер жасау үшін өздеріне қосыла алатын адамдарды да іздестірген көрінеді. Осылайша, 2012 жылы олар Астана тұрғындары Е.Кәдірсізов, А.Қасқабаев, С.Жүнісов деген азаматтарды іріктеп алады. Біртіндеп лаңкестік әрекеттерге бой ұрған топ мүшелері жарылыс ұйымдастыру мақсатында Бейбітшілік және келісім сарайының сұлбасын қолға түсірген. Тергеу барысында топ мүшелері 19 желтоқсанда қолдан жасалатын жарылғыш қондырғы мәселесін талқылағаны да белгілі болыпты. Ал мұндай мәліметтерді олар «Лаңкестік әліппесі» атты кітапшадан алғанға ұқсайды. Күдіктілер қопарғыш қондырғы жасау үшін қажетті керек-жарақты да сатып алған. Әлгі кітапша да, жарылғыш затқа қажетті керек-жарақ та күдіктілердің пәтерін тінту барысында тәркіленген.
Бұдан басқа, күдіктілер «Астаналық базар» сауда үйінен әшекей бұйымдар ұрлауды жоспарлаған. Олар сауда үйінің жұмыс кестесін зерттеп, бейне-бақылау камераларын анықтап, із суыту жолдарын да алдын ала пысықтаған. «Топ мүшелерінің біреуі сауда үйі жабылғанда сонда жалға алынған бутикте тығылып қалуы тиіс болатын. Одан соң дәнекерлеуші аппаратпен, шыны кескішпен, бұрандағышпен сейфтен зергерлік бұйымдарды ұрлау көзделеді. Сосын қайтадан бутикке жасырынып, таңертең күзетшінің киімімен сауда үйінен сытылып кетуі тиіс болған», – деді прокурор. Оның айтуынша, 2012 жылдың желтоқсанында қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында топ мүшелері аталған сауда үйінің екінші қабатынан бутик жалдаған. Орталық базардан «Күзет» киімінің екі формасын, екі жолқапшық пен тағы басқа қажетті аспаптар сатып алынған. Террористік топ мүшелері қылмысты 2012 жылы 31 желтоқсаннан 2013 жылғы 1 қаңтарына қараған түні жүзеге асырмақ болып уағдаласады. Соған орай, 31 желтоқсанда Әбдікеров пен Шәріпов «Астаналық базар» сауда үйіне келеді де, Әбдікерімов дүңгіршектің сөрелерінің астына жасырынып, Шәріпов бутикті жауып кетеді. 1 қаңтарда түнгі 1-лер шамасында Әбдікеровті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тұтқындаған.
Сот отырысы әлі де жалғасатын болады.
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана