АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Шығыста оралмандар шеруге шықты

Анығырақ айтсақ Өскемен қаласының іргесінде орналасқан оралмандар ауылының тұрғындары бүгін ашуға мінді, көшеге шеруге шықты. Әрине еріккеннен емес. Бұл ауылдың қордаланған мәселелері жөніндегі жыры көп.

Үй сапасыз салынған, аязды күндеріжылынбайды, қоғамдық көлік жүрмейді, жұмыс жоқ –дегендей! Бірақ бұл жолғы жырдың жөні басқа. Орталық жарық берушіден әр үйге кеше түбіртек келген, жай түбіртек емес әр отбасына 300-400 мың тенге жарық төлемі шыққаны туралы түбіртек. Ойлап отырған шығарсыз, «мына адамдардың бәрі жеке өндірістері бар шығар» деп. Дымы да жоқ, тек үйге пайдаланған жарықтың бағасы осыншама құнға татып отыр. Бұл үйлерге негізінен электрмен жылитын жылытқыштар орнатылған. Қысқы -45 градустық аязда жылынбаған, қабырғалары қопсып түсіп жатқан үйлерін жаңағы электр жылуы бар, өздері салып алған пештері бар жанталаса қосып әупірімдеп аман қалған. Енді оның құны 400 мың теңге.
Мұны көтере алмаған халық бүгін жергілікті жердің басшыларымен жолыққан. Бірақ ол басшылардан дұрыс жауап болмағасын 400 отбасының тұрғындары түгел тас жолдың бойымен облыс орталығына шерулетіп келе жатқан көрінеді. Соңғы ақпарат бойынша қазір оларды облыс әкімі жолдан күтіп алып, ауылға барып сөйлесуін өтініпті. Мәселенің бір шешімі сонда айтылар бәлкім.
Жанарбек Мағзамұлы

Жебе акпараттык порталы