Ресейдің Сочи қаласында өтетін XXII қысқы Олимпиадаға қатысатын ұлттық құрамамыз киетін бірыңғай форманың дизайнын қарапайым халық анықтайды. Бұл туралы кеше арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттіктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді.
2014 жылғы қысқы олимпиалық ойындарға қатысатын ұлттық құрама үшін спорттық киімнің үлгісіне бұдан он күн бұрын байқау жарияланған болатын. Осы аралықта еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден әртүрлі дизайндық үлгілер ұсынылған. Барлығы 19 жұмысты сараптап, үздіктерді анықтау оңай болмағанын айтқан Д.Ахметшәріп: «Осы мақсатта арнайы құрылған комиссия келіп түскен еңбектердің ішінен үздік үштікті анықтады. Жеті адамнан тұрған комиссия құрамында олимпиада чемпиондары, сала мамандары және біздің агенттіктің өкілдері қатысты», – деді.
Алғаш болып түркістандық Мұрат Мәлікұлы өзінің еңбегін жолдаған. Бұдан кейін арысы Америка Құрама Штаттарынан, берісі Бейжіңнен кәсіби деңгейі жоғары жұмыстар келіп түскен екен.
Жасыратыны жоқ, халықаралық жарыстарда біздің ұлттық құраманың бірыңғай формасы, мемлекеттік байрағы біздікі сияқты сары, көк түспен безендірілген Украина, Швеция сынды мемлекеттердің спортшыларының киім үлгісімен ұқсас шығып жүр. Соның кесірінен көп жағдайда шетелдіктер біздің спортшыларымызды украиндармен немесе шведтермен шатастырып жатады. Осындай олқылықтарға жол бермес үшін ұсақ-түйек сияқты көрінетін мәселелерден бастап, мамандардың кәсіби біліктілігіне дейінгі жоғары талаптар қойылған. Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттіктің ресми өкілі журналистерге іріктеліп, ақтық сынға өткен үздік үш жұмысты кеңінен таныстырды.
Бірінші Бейжіңнен жолданған дизайндық үлгі ұсынылды. Авторы – Доу Гуан Чжоу Таис Петровна. Қытай астанасында дизайндық технология бойынша білім алып жатқан маман – Қазақстан азаматы, Талдықорған қаласының тұрғыны. Спорттық киімдердің неғұрлым икемді болуын басты назарға алған Доу Гуан Чжоу Таис Петровна парадтық форманың шағын, әрі өте жеңіл болуын қалайды екен. «Сочиде күн жылы болатынын және ашылу, жабылу салтанаты стадионда өтетінін ескерсек +5, +7 градусқа осындай шағын формалар қажет-ақ», – дейді Диас Ахметшәріп.
Ақтық бәсекеге жолдама алған екінші дизайнер – атыраулық Айжан Бокаева. «Айоко Бо» компаниясы қазақтың бөрігіне ерекше мән берген. Мемлекеттік рәміздерді әсем бейнелеуді естен шығармаған маман өзге елдің спортшыларының киім үлгісі тәрізді «Kazakhstan» деген жазуды форманың алдына безендіруді ұсынған.
Үшінші жұмыс алматылық «Zibroo» компаниясына тиесілі. Аталған дизайн орталығы таныстыруды аса қажет етпейді десек те болады. Себебі 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен VII қысқы Азия ойындары кезінде биатлоншыларға, алау ұстаушыларға арнайы киім үлгісін ұсынған болатын.
Ресми өкіл «бұған дейін ірі халықаралық жарыстарға бірыңғай спорттық киім тігіп келген Құралай Нұрқаділованың «Құралай» сән үйі де қатысты. Иә, кәсіби шеберлігіне шүбә келтірмейміз. Алайда комиссия құрамындағы мамандар жаңашылдықты байқамағандықтарын айтып, ақтық сынға өткізбеді» деді.
Оның айтуынша, Ванкуверде өткен олимпиада кезінде бір спортшының киім жабдықтарына 370 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалған екен. Ал бұл жолы бір формаға 500 мың теңге мен 5 мың АҚШ доллары арасында қаржы қарастырылатын болады. «Әрине, оның ішіне 30-ға жуық киім кіреді. Және бұған мемлекеттің ғана қаржысы емес, жекелеген демеушілер де тартылып отыр», – деді Д. Ахметшәріп.
Айта кетейік, үздік деп танылған үш дизайндық еңбекке дауыс беру www.sport.gov.kz сайтында үш күн бойы жүргізіледі. Оған әрбір азамат өз үлесін қоса алады. 30 мамыр күні агенттік жеңімпазды анықтап, оларға арнайы сый ұсынады. Бірінші орын иегеріне Сочи-2014 ойындарына екі жолдама берілсе, екінші, үшінші орын алған дизайнерлерге олимпиадалық экипировка бұйырады.
Автор: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ