АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Іштен шыққан жау

Тіпті атын атап, жарнама жасамай-ақ қоялық, бір қолданушы 31 мамыр  «Саяси қуғын сүргін  құрбандарынеске алу күнін» атап өтуді тоқтату  туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жазды.  Одан соң Қазақстанның Ресейге қосылғанын қалайтынын мәлімдеді.  Әрине, әркімнің  субьективті көзқарасы болатынын мойындаймыз. Өзімізше, «демократиялық елміз» деп  қоямыз ғой, сондықтан бұл пікірлерді құлаққа қыстырмасақ та болар еді. Алайда, әлгі отандасымыздың пікірін интернетте  әжептәуір беделі бар zonаkz.net сайты қолдап, автордың өзімен сұхбат алғаны күйдірді бізді.

    Тағы да сол  ақпараттық  майдан бұл. Тағы да сол қазақтың ақшасына күн көріп отырғанымен, Ресейдің пайдасына  жұмыс істеп жатқандардың арандату әрекеті бұл.  Қазақ қоғамын  бір идеяға топтастыра алмай жатқан кезде  қаймана қазақты жік-жікке бөлуді көздеушілердің  әрекеті. Елдегі ұлттық-патриоттық  рухты  сөндіру үшін жасалған іс бұл.  Ресейдің құрамына бодан болып енуді насихаттауды  елдің тәуелсіздігіне қол сұғу ретінде бағалаймыз. Олай бағалауға қақымыз да бар. Дегенмен,  алдымен бұл азаматтың  Президентке жазған хатынан үзінді келтірейік.
«Бұл күні 1997 жылдан бері аталып өтілуде. Меніңше енді  оны атап өтуді қойған дұрыс. Ол ешқандай да конструктивті дүние әкелмейді. Одан бөлек бұл күнді русофобияның элементі ретінде қолданып жүргендер бар және ол біздің тату-тәтті қоғамға сына қағады.
Қуғын-сүргін болған, қазір де бар және бола береді
1937 жыл адамзат тарихында ең алғашқы және  ең соңғы қуғын-сүргін кезеңі емес
Мен атамның, әкемнің әкесінің  сол жылдары шетте қалмай,  халық жауларын,  қаскөйлерді, сеператистерді және интеллигенцияны «тазалаудың»  ауқымды шарасына қатысқанына  қуанамын.
Саяси қуғын-сүргін  билік үшін  күрес» депті белсенді интернет  қолданушысы. Сөйтіп,  сталиндік  жүйенің  қуғын-сүргінін көріп, зұлмат жылдардың  азабын тартқан  қазақты кәдімгідей мазақ қылып отыр.  Автор мұнымен ғана шектелмейді. Әрмен қарай  былай деді: «Айтпақшы, Сізге 2014 жылды қоғамның мүддесі үшін және саяси жүйені сақтау мен күшейту үшін  жолдас Сталин 1937 жылды қалай өткізсе солай жасаған артықтық етпейді. Кең көлемді кадрлық тазалық өткізуді бастау қажет. Үлкен ағамыз Ресеймен интеграцияға кедергі жасап жүрген шенеуніктерді де, ірі кәсіпкерлерді де «тазалау» керек.  Сонымен  бірге ұлтараздық және әлеуметтік жік  тудырушы адамдарға қатысты да репрессия өткізу  қажет».
«Қазақстанда ашаршылық болған жоқ. Ешкім аштықты әдейі жасамады. Бұл большевик үкіметінің  азық-түлік саясатындағы қателіктер еді. Бұл тек Қазақстанды ғана емес, Украинаны да, Еділ жағалауын да, тіпті тұтас Ресейді шарпыды. Бұл біздің ортақ қасіретіміз еді».
Одан әрмен айтпай-ақ қоялық. Өзі «іштен шыққан шұбар жылан» екен. Алайда, әлеуметтік желілерді пайдаланып, ұлттық мүддеге қарсы насихат жасауын қоймай отыр. Таразда  тұратын  бұл азамат елдің тәуелсіздігін ашық түрде мойындамай, өз еркімізбен Ресейге қосылуды уағыздауда. Сөз жоқ, әлеуметтік желіде еркін пікір айтуға болады. Бірақ,  мұндай пікірлерді қолдап,  әдейі  көпшіліктің назарына ұсынып отырған  zonаkz.net сайтының әрекетін  түсінбедік. Сайттың студиясына арандатушы пікір айтқан азаматты әдейі шақырып, сұхбат алды. Қазақтың да ішінен ашық түрде Ресейге қосылуға шақырған адамның шыққанына қуанған тәрізді. Сөйтіп, ресейліктер бұрын өз баспасөзін,  өз саясаткерлерін Қазақстанды Ресейге қосу туралы идеялармен қаруландырып, бізге соны насихаттап келсе, енді өзіміздің ішімізден шыққан сатқындарды  пайдалана бастады. Соңғы  бір аптада интернет кеңістігінде қаптап кеткен Ресеге қосылу туралы пікірлер қазаққа егілген «вакцина»! Алаш баласының қарсылығының қаншалықты  деңгейде екендігін бағалау үшін керек. Сондықтан, ел тәуселсіздігіне қауіп төндіретін кез келген әрекетке  құқық қорғаушылар назар аударғаны жөн.   zonаkz.net  сайтын  елімізді  тұрақтылыққа қауіп  төндіруші, арандатушы һәм экстермистік сайт  ретінде бағалау керек. Бұл сайт та, оған сұхбат берген адам да қоғамда  түрлі  шиеленістер  тудыруды  көздеп отырса керек.  Демек, қазаққа бейғам қалуға болмайды.

Жандос Бәделұлы, журналист:

Бұл идеологиялық теракт! Біз көлеңкемізден қорқып айта бермейміз: Бүгіндері өздері «Үлкен Ресей» деп атайтын бұрынғы Кеңес Одағы секілді алпауыт империяны аңсаушы жаңа топ қалыптасып үлгерді. Олар шау тартқан коммунистер емес. Көптеген бизнесмендер әлемді шарлап жүріп табысты күреген үстіне күреп таба бергісі келеді. Мұндайда олар артымыздағы ел АҚШ, Қытай қатарлы алпауыт болса, білгенімізді істейміз, қоншымыздан басып тайраңдап жүретін боламыз деп түйсінеді. Сонымен қатар, бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі елдерді олар баяғыдай «өндіру цехі» есебінде пайдалануды армандайды. Оған қолтығына су бүркіп қалсаң танауы желпілдеп шыға келетін «қияли шовинистер» де қосыла кетуге әзір. Тайчибеков осындай топтың «жанкештісі» деп ойлаймын.  Меніңше, бұл Ресей Федерациясының мемлекеттік саясаты емес. Сондықтан біздің құзіретті органдар мұндай арам ниетті топтардың әрекетіне тиым салу туралы Ресейге талап қоя отырып күрес жүргізу керек.
Ал, «zonakz.net» сайтына келер болсақ, оның аталған топтар тарапынан қаржыландырылуы да, солардың иелігіндегі ақпарат құралы болуы да мүмкін. Бір нәрсе анық, олар мемлекетке қарсы қылмыс жасап отыр, жазасын алуға тиіс. Бірақ, бұл екеуінен қорқатын ештеңе жоқ. Олардың артында тұрған айтақтаушылар қауіпті. Әйтпесе екі қырттың қатын өсегі қфанден иттің көшкен керуенді жағалап үргені секілді ғана көрініс қой. Бұл сұхбат «Үлкен Ресейді» аңсаушылардың күш алып, енді ашық әрекетке бел буып отырғанын көрсетеді. Қазақ қоғамына алғашқы «укол» егілді. Әзірге «проба». Реакциямызды байқап көрмек. Әрі аз-маздап санамызға сіңе түссін дейді… Қауіпсіздік қызметі, прокуратура мұндайға жол бермеу керек еді. Осыдан кейін олардың ақадал азаттығымызды кірпік қақпай күзетіп тұрғанына қалай сенесің?!

Мұхтар Тайжан, саясаткер, Болатхан Тайжан атындағы қордың төрағасы

Жалпы «zonakz.net» сайтындағы Ермек Тойчыбековтың «Қазақстан Ресейдің бір губерниясы болуы керек» деген пікірі маған түрпідей тиді. Ол қандай фактіге сүйеніп бұлай айтып отыр? Ешқандай. Сондықтан да мен Тойчыбековтың бұл пікірін арнайы тапсырыспен айтылған, арадатушы ой дер едім. Өйткені соңғы кездері Ресейдің мүддесін көздейтін, керісінше Қазақ елінің азаттығына қайшы келетін мұндай пікірлер жиі айтылып кетті. Бұл нағыз арандатушылық. Ермек Тойчыбековтың «Қазақ халқы Ресейдің құрамында болғысы келеді» деген сөзі қып қызыл өтірік. Тәуелсіздіктің дәмін 21 жол бойы татып, азаттықтың не екенін ұғынған халық ешуақытта орыстың отары болғысы келмейді. Иә, жекелеген азаматтар кеңес заманымен бүгінгі күнді салыстырып, қазіргі билікке риза емес екендіктерін білдіріп жатады. Бірақ бұл олардың тәуелсіздікті тәрк етіп, орыс отары болғысы келеді дегенді білдірмейді ғой. «Орыс тілін білмейтін жастардың өзі Ресейді қолдайды» деген сөзді Тайчыбеков қайдан алды? Шыны керек ол «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп не болса соны айтып отыр.
Жалпы бұған дейін бар жоғы белгісіз болып келген Тайчыбеков деген кім? Ол Айдос Сарым немесе Қасым Аманжол сияқты аузы дуалы азамат па? Әрине ол бұған дейін бар жоғы белгісіз болып келген, өзі айтқандай дінсіз адам. Ал дінсіз адамда қайбір оңған пікір бола қойсын.
Жоғарыда айттым соңғы кездері мұндай мәселелер жиі көтерілетін болды деп. Ал, өз кезегімізде біз мұндай сандырақтарға жол бермеуіміз керек. Өйткені бұл сөздер арнайы бағдарлама бойынша дайындалып, жүйелі түрде іске асып отырғанын көз көріп отыр. Сондықтан да бұған біз мән бермей, жүре беруімізге болмайды. Маған бір жас жігіт хабарласып, Тойчыбековты сотқа беретінін айты. Мен ол азаматтың әрекетін жүз пайыз қолдаймын. Егер мүмкін болса барлығымыз бір ауыздан оған қарсы пікір білдіріп, оның сөзінің жалған екенін дәлелдеуіміз керек. Себебі оның бүкіл қазақ жұртының атынан сөйлеуге ешқандай қақысы жоқ.
«Жебе» газеті, 6 маусым 2013 жыл