Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында кеше Кентау қала әкімі Бақытбек Байсалов «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасының орындалу барысы туралы мәжіліс өткізді. Төрт бағытта жүзеге асырылып жатқан моноқала бағдарламасының бірінші бағытының талабы — қаладағы тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығына қарай моноқаланы оңтайландыру.
Осыған орай, Кентау қаласында ұзақ мерзімді перспективасы бар өнеркәсіптік және тау-кен өндірісін дамыту қажет. Бұған «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Экскаватор» АҚ, «Оңтүстіктүстіметалл» ӨК» АҚ-ның Кентау филиалында жаңа өнімдер түрлерін игеру, шығару, қала кәсіпкерлері тарапынан құрылыс материалдарын, азық-түлік тауарларын өндіру бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Сонымен қатар, «Ансай» кен орны, «Қызылата» мыс кен орнын, «Сарбас» кенсіз қазбалар орнын, Шерт антигидрит және гипс кен орнын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал екінші бағыт бойынша жоспарланған қаланың «тұйықтық» проблемасын шешу және теміржол көліктік әлеуетін дамыту мақсатындағы сұраныс әзірше жүзеге аспай тұр. Соған қарамастан, ОҚО әкімінің орынбасары Е. Садырға «Кентау-Түркістан» теміржол торабын мемлекет меншігіне алу жолы тиімді болуына сәйкес, қаржы мәселесінің шешілуіне ықпал жасау туралы ұсыныс хат жолданған. Үшінші бағыт — қаланың еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мәселесі. Бұл бойынша бағдарлама талабына сәйкес, қала өнеркәсіптеріне сұранысы жоғары мамандар даярлау және қайта даярлау жоспарланған. Барлығы — 875 адам, оның ішінде: кәсіптік даярлауға – 775 адам, 2013 ж. – 240, 2014 жылға – 265, 2015 жылға — 270 адам қамтылуы тиіс. Кәсіптік қайта даярлауға – 100 адам. Мамандарды жергілікті көпсалалы және политехникалық колледждер мен №7 кәсіптік лицей даярлап береді. Төртінші бағыт — қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Бүгінгі таңға қала бюджетіне республикалық бюджеттен бөлінген қаржы – 291 092,0 мың теңге. Бөлінбеген қаржы – 844 369,0 мың теңге. Себебі, Өңірлік даму министрлігіне жобалық сметалық құжаттамалар ұсынылмаған. Аталған жобаға қалалық бюджет есебінен – 10 млн. теңге қарастырылып отыр.
Жебе-ақпарат