АЛТЫНОРДА
Новости

Аса мәртебелі «Астана Опера» шақыру қағазын мойындамайды

722bdd4036cea6c64e50afdf15224277Мансұр ХАМИТ (фото)

Үкіметтің кешегі мәжілісінде Астанадағы ірі құрылыс нысандарының бірі «Астана Опера» театры бойынша мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің баяндамасы тыңдалды. Министр Үкімет мүшелерінің барлығын маусымның 21-і күні өтетін театрдың салтанатты ашылу рәсіміне шақырды. Алайда билеттердің бәрін тек кассада ғана алуға болатынын жеткізді. Премьер-министр Серік Ахметов те бұл бастаманы қолдап отыр. Ал журналистерге берген сұхбатында М.Құл-Мұхаммед билеттің бағасын айтып, әртістерді іріктеуге қатысты болған дау-дамайға нақты түсініктеме берді.

 

«Астана Операның» декорациясына қыруар қаржы қажет 

Негізі, «Астана Опера» сияқты сәулетті сарайдың са­лынуы Қазақстанның әлемдік мәдениет пен өнер сахнасындағы мәртебесін көтеретіні хақ. Себебі ағымдағы ғасырда Еуропаның өзінде небәрі екі опера театры ашылды. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ай­туынша, «Астана Опера» – бұл опера және балет сияқ­ты өте күрделі қойылымдарды қазіргі заманға сай етіп сахналауға мүмкіндік беретін театр. «Өйткені опера және балет театрының қойылымдарына жүзден астам адам қатысып, хор, оркестр және балет труп­пасы сияқты ұжымдар атсалысады. Операда музыка мен сурет, драматургия мен вокал, актерлік шеберлік сияқты қайталанбас өнер түрлері бір сахнада тоғысып, біре­гей мәдениет туындылары жасалады», – дейді М.Құл-Мұхаммед. Осыған орай, жоба авторлары театр­ды барынша жабдықтаған. Театрда үш бөліктен тұ­ратын және 120 музыкантқа есептелген оркестрдің ар­найы орны бар. Мұнда сегіз қосымша зал, 11 ре­пе­ти­циялық бөлме, камералық музыкаға арналған 250 орындық зал, баспасөз залы және қосымша орындар қарастырылған. Италияның ең үздік мамандары жасаған театрдың акустикасы да ерекше. Соның нәтижесінде дыбыс залдың кез келген жерінен анық естіледі. Ал ғимаратта орнатылған осы заманғы сту­диялық қондырғы театрда өтетін барлық спек­такльдер мен концерттерді HD форматында жазуға мүм­кіндік береді. «Дәл осы жаңалықтардың театр үшін пайдасы аса зор болмақ. Енді кез келген спек­такльді бес камерамен бір мезгілде жазып, сол сәтте-ақ оны отандық телеарналардан көрсетуге болады», – деп атап көрсетті министр. Көрермен залы 1250 адам­ға есептеліп, таға үлгісінде ұлттық нақышта әсем бе­зендірілген. Партерге 450 адам сыяды. Ал сахнаның тө­менгі жағында тереңдігі 12 метрлік көтеріп-түсіретін ав­томатты қондырғылардан тұратын машиналар за­лы орналасқан.

                  www.primeminister.kz

Дайын декорацияны жылжытуға қо­лай­лы қос қапталы және бар. Бұл безен­дірілуі күрделі спектакльдерді қоюға өте ыңғайлы. Осы орайда министр маңызды бір мәселені көтерді. «Негізі, спектакль декорацияларының барлығы ескі театрдың сахнасына, яғни Теміржол­шылардың мәдениет үйіне (қазіргі Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры – авт.) есептелген болатын. Қазір ол жаңа театрға келмейді. Сол себеп­ті сандық технологиясы бар жаңа декора­циялар мен киім-кешекті алуға қыруар қаржы қажет болады. Мен ол сандарды бүгінгі отырыста жарияламай-ақ қояйын. Өйткені оның барлығы министрліктің бюджеттік өтінішінде көрсетілген. Үкімет мүшелерінен тек қолдау көрсетуді сұраймын», – деді М.Құл-Мұхаммед.

Бірде-бір әртіс жұмыссыз қалмайды 

Отырыс барысында министр «Астана Опе­ра» театрында жұмыс істейтін шығар­машылық ұжымды іріктеу мәселесіне де тоқталды. Бүгінде осы мақсатта арнайы конкурстық комиссия құрылған болатын. Сәуірдің 3-і және мамырдың 31-і аралы­ғында конкурстың алдын ала кезеңі өткен екен. Негізгі кезең қыркүйек айына белгі­леніп отыр. Оған дейін барлық мәлімет бұ­қара­лық ақпарат құралдарында жария­ла­нады. Ал өтініштер екі ай бойы қабыл­данады. «Жалпы, біз әлемдік санаттағы театр құруды көздейміз. Осыған байланыс­ты театр өнерінің белгілі топ-менеджерлері мен сахна жұлдыздары шақырылады. Олар келісімшарт негізінде еңбек етпек. Қа­зір­дің өзінде Еуропаның жетекші театр­ларымен нақты келісім де жоқ емес. Әл­бетте, театрдың мәртебесі оның қазіргі заман­ғы ғимаратымен өлшенбейді. Басты мә­селе – шығармашылық ұжымның жағ­дайы. Астанадағы Күләш Байсейітова атын­дағы опера және балет театры ашыл­ғалы бері ол жерде мықты әрі үлкен шы­ғар­машылық ұжым қалыптасты. Осыдан 10 жыл бұрын біз кейбір қойылымдарға Алматыдан әртістерді шақыртсақ, бүгінде әрбір спектакльдің басты рөліне 3-4 әртіс таласады. Осы іспетті бәсекенің арқасында біздің дарынды әртістеріміз өсе түседі. Олардың көбісін әлемнің жетекші театрла­рына шақырады. Алайда өз жеріндегі театрға, оның ішінде «Астана Операға» не жетсін. Содан болар, іріктеудің бірінші кезеңіне еліміздің үш опера театрының әртістері қатысты. Олардың ішінде алыс-жақын шетелдің өнерпаздары бар», – дейді М.Құл-Мұхаммед. Отырыс бары­сын­да министр шығармашылық ұжымның жағдайына қатысты тағы бір мәселені алға тартты. Ол – әртістердің жалақы мәселесі. Себебі Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының ұлттық дәрежесі бар болса да, онда жалақының көлемі мардымсыз. Оған қоса, келесі жылдан бастап «Астана Опера» театры жалақы төлеу­дің келісімшарт жүйесіне көшетін бола­ды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ол да қыр­уар қаражатты қажет етеді. Ал әртіс­терді іріктеуге қатысты болған дау-дамайға түсініктеме берген М.Құл-Мұхаммед бірде-бір әртістің жұмыссыз қалмайтынына сендірді.

Енді тегін шақыру таратылмайды, билет тек кассада

Бұдан басқа, гастрольдік сапарларға да біраз ақша қажет болады. Театр басшы­лы­ғы осы мәселеге ерекше басымдық беріп отыр. Себебі кез келген театрдың аты гастроль кезінде шығады. Ал «Астана Опе­ра» барлық спектакльдерді тұпнұсқа үлгі­сінде, яғни итальян, француз, неміс және тағы басқа тілдерде сахналамақ. Осының барлығын алға тартқан М.Құл-Мұхаммед: «Құрметті әріптестер, мен өз баяндамамды проблемалармен аяқтамай-ақ, сіздердің барлықтарыңызды театрға шақырамын. Мен білемін, «Астана Опера» менің әріптестерімнің сүйікті театрына айналады. Билеттер…билеттер болса, кассада. Айт­пақшы, енді ондай тәртіп барлығы үшін бірдей болады», – деп түйіндеді. Осы кезде министрлер күліп жіберді. Алайда Премьер-министр Серік Ахметов те бұл бастаманы қолдап: «Дұрыс, бұл – өте дұ­рыс бастама. Шақыру билеттерін оңды-сол­ды таратуды қою қажет. Билеттер тек кассада ғана сатылуы тиіс», – деді. Отырыс аяқталған соң, министр М.Құл-Мұхаммед билет бағасын да айтып берді. Оның айтуынша, «Астана Опера» театрындағы билеттер студенттер үшін – 500 теңге, ал қатардағы көрермендер үшін 1500 теңге болмақ. Ал алдыңғы орындардың бағасы қымбаттау болады.

«Астана-Опера» шымылдығын «Біржан-Сара» ашады

Сонымен, алдағы жұма, маусымның 21-і күні «Астана Опера» театры ұлттық му­зы­ка өнерінің классигі Мұқан Төлебаевтың «Біржан–Сара» операсымен ашылады. Астана күні қарсаңында П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеті көрсетіледі. Ал театрдың бүкіләлемдік премьерасы қазан айында Вердидің «Аттила» операсымен жүзеге асатын болады. Жоспар бойынша театрда жыл сайын жаңадан екі опера жә­не балет қойылымдары шығарылады. «Мә­дениет» арнасы арқылы барлық спек­такль­дерді еліміздің түкпір-түкпірінде көр­сету көзделіп отыр.

 

Алаш-анықтама

2008 жылы желтоқсан айында жаңа театр жобасына халықаралық кон­курс жарияланған болатын. Оған отандық және әлемдік деңгейдегі үздік архи­текторлар қатысты. Конкурста IT Engineering Эс.Эй. компаниясы жеңім­паз атанды. Ал 2010 жылы сәуірдің 1-і күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев «Астана Опера» театрының алғашқы капсуласын салды.

Автор: Арман АСҚАР

 

Алаш Айнасы