АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақтың баспанасын қашанғы өзбек салады?!

fbd86e75b89f0e42593ae5c2ec020115Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

17 жылдан кейін Қазақ елі ми­грант­тарға әбден тәуелді, сырттан келген жұ­­мыс күшіне кіріптар мемлекет атануы мүм­кін. Бұған қоса, елдегі «екі қолға бір кү­­рек іздеген» жастарымыздың да сырт ел­дер­ге нәпақа іздеп кету үрдісі жиілейді. Се­­бебі қазірдің өзінде елде жұ­мыс­сыз­дар­дың шынайы дерегі ресми деректе көр­се­тіл­­геннен екі есе жоғары. «Нақ қазір елі­міз­­де екі адамның біреуі жұмыссыз екені есеп­­теліп отыр. Бұл бір жұмысшыға, бір жұ­­мыс­сыз­дың барын айғақтаса, бес-ал­ты жылда жұмыссыздықпен күрестің ба­ғытын өзгертпесек, үш адамның екеуі жұ­мыс­сыз қа­лып яғни халықтың үштен екі­сі жұ­мыс­сыз­дық синдромына ұшырауы мүм­кін» дейді мамандар.

Мұндай мәлімдемені кеше еліміздің бас са­рап­шысы Талғат Мұсабеков жа­рия етті. Мұса­беков мырзаның пайым­дауын­ша, қазір бізде шетелдік тех­но­ло­гияға, шетелдің мамандарына, сырттан келген мигранттардың қара күшіне жүгі­ну тенденциясы өсім беріп отыр. Ат­қарушы биліктің бұл үрдіспен күр­е­су­дегі бағыттары әлі де толыққанды же­тілмеген. Сондықтан бола­шақта қазақ­ты нәпақасыз қалдырмауымыз үшін мемлекеттік маңызды шешімдер қа­былдануы керек. Ал ол қандай ше­шім­дер болуы қажет? Мәселені шешу­дің тетігін алдымен қай саладан бас­та­ға­нымыз жөн? Енді осыны сарапталық.

Алдымен денсаулықты түзеу керек

Болашақта біз жұмыссыздық фено­ме­нінен шығар жолды айшықтаймыз десек, алдымен денсаулығымызды түзе­геніміз абзал. Бұған қатысты дерек­терді келтірсек, мәселен, елімізде 2000 жылдан бері денсаулық саласына бө­лін­ген қаржы 10 есеге өскен. Бірақ Қазақ­стан әлем бойынша дімкәс елдер­дің алдыңғы сапын әлі де құрап тұр. Туберкулез ауруы бойынша 2011 жылы әлемдік тізімде 102 орында болсақ, 2012 жылы 104-орынды ме­же­леппіз. Ал ТМД елдері бойынша, қа­тер­лі ісік, қант диабеті, жүрек ауруы тәрізді дерттерді ауыздықтауда Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан бізден оқ бойы озып тұр.

Мұндай деректерді алға тарт­қан сарапшыларымыз дертті ха­лықтың жұмысқа қабілетсіздігі де басым болатынын ұмытпауды баса айтып отыр.

Талғат МҰСАБЕКОВ, сарапшы маман:

– Денсаулық саласына қатысты жағым­сыз жайттарды екшелеп, сол мәселені ше­шіп алмай, халықтың жұмысқа қабілетін арт­тыра алма­сы­мыз анық. Осы салаға бө­лініп жат­қан қаржы жыл сайын өсім беріп отырады. Демек, халықтың ден­сау­лы­ғына салынған қаржы өзін-өзі ақтауы тиіс. Егер біз алдымен ден­сау­лықты түзеуден баста­ма­сақ, халықтың өсімі жайлы да ауыз аша алмай қаламыз. Соңғы жылдары елімізде демографиялық көрсеткіш анағұрлым өсім бермей отыр. Бұл күні ертең өсім болмаса, еңбекке қабі­летті адамдардың да қартая бе­ре­­тінін көрсетеді. Қазірде бейресми де­ректер елдегі жұмыссыздық са­ны­ның көрсетіліп жүрген дерек­тер­ден екі есе жоғары екенін ай­қын­дай­ды. Болашақта бұған қатысты салмақты шешімдер қабыл­дануы керек. Халыққа қызмет көрсететін ме­дициналық мекемелердің қыз­ме­тінің сапасы артуы қажет. Әлеу­мет­тік қызмет түрлерін жетіл­дір­ге­німіз жөн. Өзіңіз білесіз, біздегі нақ осы салалардың жұмысы ақсап жат­қа­ны белгілі. Ендеше, алдымен ха­лық­­қа әлеуметтік қызмет көрсету са­ла­сының жүйесін жетілдірген аб­зал.

Кәсіби жұмысшылар қайда?

Бұдан соң мамандардың байып­тауын­ша, елде ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға күш салған жөн.

Мысалы, бізде қазір гастар­бай­тер­лерге қа­тыс­ты «арзан жұмыс күші» деген ұғым бар. Осыған бай­ла­нысты болар, елге енетін миг­рант­тардың саны күн санап өсіп отыр. Мамандар осы гастарбайтерлердің жұмысына қатысты «жұмыстары арзан болса, олар несіне біздің елді жағалай­ды? Олар­дың дені құрылыста жүретіндіктен, істейтін жұмыстарының құны да қомақты» деседі.

Жалпы, бұған қатысты деректерге жү­гін­сек, 2010 жылы біздің елімізді 800 мың­ға тарта мигрантты қабылдап алға­ны үшін халықаралық көші-қон ұйымы әлем­дегі «мигрантқа мейірім таныт­қан» ел­дер­дің алдыңғы сапына қосып жібергені бел­гілі. Ал сырттан ағылған жұмыс күшінің дүм­пуі осындай болғанда біз қалайша ұлттық кәсіби жұмысшы күшін қалып­тас­ты­ра аламыз?

Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист сарапшы:

– Қазір бізде қарапайым ғана құры­лыс мамандары тапшы. Кәсіби құ­ры­лыс­шы, дәнекерлеуші, сылақшы деген­дер мүлде жоқ десе де болады. Біздің қазақ үй сал­дыр­са, отандық жұ­мыс күшіне жүгінбейді. Бірден Өзбек­стан жұмысшыларына қолқа сала­ды. Сонда қазақтың құрылысын қа­шан­ғы өзбек салуы керек? Бір ескеретіні, сол өзбек ағайындарға үй салдыртқың келіп, арзан баға ұсынсаң да дереу келісім береді. Өйткені олар құрылыс материал­дарын үнемдеп, сапасыз қызмет көрсетіп, қажет болса, үйге қа­жет­ті деп алынған құрылыс мате­риа­лының 80 пайызын сатып жіберіп, бір көргенге жап-жақсы баспана тұрғызып береді. Ірі құрылыс орындарында да жүрген сол оқымаған, білімі жоқ құры­лысшылар. Осыдан барып са­лын­ған құры­лыс қайдан сапасыз болмайды? Қай­дан сапа болады? Ал аңқау қазақ құры­лысының тез біткеніне қуанып, артынан сапасыз құрылысты қайта жөндеп, екі-үш есеге шығындалып жатады. Сырттан келген жұмыс күшінің мақсаты – сапалы қызмет көрсету емес, қалтаңызды қақшу. Бізге осыны ескеретін кез жетті. Олардың елімізге келіп тауып жатқан табысы қомақты. Сон­дықтан заңды қатайту керек. Қол­даныстағы заңды қатайтпасақ, миг­рант­тардан тазара алмаймыз. Негі­зін­де, қазақты жұмыссыздықтан алып шы­ғудың ең төте жолы – кәсіби-техни­калық ұлттық жұмыс күшін пайдалану. Ол үшін бұрынғы кәсіптік-техникалық училищелерде жас­тар­­ды оқытуды қолға алып, қазаққа орта кәсіпті мең­гер­туге мемлекеттік тұрғыда күш са­лынуы керек. 

Абзалында, мамандардың байып­тауын­ша, бүгінде ресми дерек бойынша елде жұмыссыз азаматтар саны 1,5 млн-ға жетті. Өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтып отырған отандық азамат­тардың көрсеткіші де аса жо­ғары емес. Сондықтан болашақта бұл мә­селені ба­йыппен шешіп, бейқамдық та­нытпағаны­мыз жөн.

Қазақты «жалқау халық» дегенмен ке­лі­суге болмайды

Негізінде, жұмыссыздық туралы сөз еткенде, қайсыбір қауымның «қазақтың өзі жалқау, халық өзі тырбанып еңбек еткісі келмейді. Халық нарыққа бейімделе ал­май отыр» дескен пікірлерді өрбітеді. Де­генмен «бұл жерде халықтың алдындағы мемлекеттің борышы ұмыт қалмауы керек» деседі мамандар.

Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы, ғалым:

– Біздің елімізде халық­тың өмір сүретін аймақтары қолайлы және қо­лай­сыз ай­мақ­тар болып бөлінеді. Оның бірі егіні бітік, сулы-нулы жерлер болса, енді бір аймақ – қуарған, шөл және шөлейт жер­лер. Ол жерлер – жатқан бір қу дала. Осы ай­мақтарда халық тұрып жатыр. Сол халық­тың ішерге суы жоқ, малы­ның жейтін азығы жоқ, азы­ғы өз алдына, малдың ба­сын көбей­тейін десе, оны өрістетіп жаятын жайы­лы­мы жоқ. Міне, жағдай қандай! АҚШ-та, Канадада, басқаны қой­ғанда, «бізден дамуы артта қалды, ғылымы жетіл­меді» деп, біз мұрын шүйіріп, менсінбейтін Оңтүстік Африкада құ­нар­сыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұра­тын жан­дар­ға жала­қы­сына қоса, үстеме төлем­ақы төленіп тұ­ра­ды. Бұл үрдіс жағ­дайы төмен деңгейдегі Үндіс­тан­ның өзінде жүзеге асып отыр. Бұл – бізге сабақ болатын дүние. Қа­зір қазаққа қойылатын басты айыптардың бірі – қазақ­ты «жалқау халық» дейді. Мұ­нымен келісуге болмайды. Өмір сүруі­не қолайсыз аймақта тұрып жат­қан халықты жалқау деуге бол­майды. Құзырлы орындар бұл мә­се­лені мықтап ойла­нып, халықтың алдын­дағы боры­шын ұмытпауы керек. Ішкі миграция мәселесін оңтайлы ойластырып, шөл және шөлейт аймақта тұра­тын, қолай­сыз ауыл­дарды мекен еткен халыққа жұ­мыс істейтін орындар, өндірістер ашылуы керек. Бола­шақта халықты болашағы бар елді мекен­дер­ге ауыс­ты­ру ісін жеделдеткен жөн. Олай ет­пе­сек, 5-6 жылдан соң, шынымен де, бұ­қа­раның жұмыссыз қалуы үдейді. Мем­­лекеттің нақ қазір алаңдауы тиіс дү­ниесі осы болуы керек. 

Міне, осылайша, қазір жері­міздің 67 пайызы – шөл және шөлейтті аймақтар. Бұлар­ды ғылым тілін­де «адам­ның күн көрісіне мейлінше қолайсыз ай­мақ­тар» дейді. «Өнеркәсіп дамытпақ түгіл, ол ау­дан­дарда күн көру – тауқымет» деп есеп­тей­тінін алға тартқан мамандар, келешекте атқарушы биліктің бас ауыртар мәселесінің бірі – осы ішкі миграцияны жүйелеу екенін баса айтуда.

 

Түйін

Қазірде елде жұмыссыздықпен күрестің арнайы жоспары бар. Халықты әлеуметтік қорғауы тиіс министрлік өткенде ғана жұмыспен қам­туға қатысты тиісті бағдарламаны қабылдатты. Халық қалаулылары тара­пынан бұл бағдарлама бойынша бөлінген орасан зор қаржының орын­­сыз жұмсалу фактілері кездескені айтылып, осыған орай, бағдар­ла­ма­ны уақытша тоқтата тұру керектігі сөз болғанымен, бағдарлама ма­құл­дан­ды. Ендігі кезекте сарапшылар тарапынан айтылған ұсыныстар ескеріліп, ең­серілуі тиіс. Әрине, ол үшін атқарушы орган мәселені шешудің ең төте жо­­­лын таңдауы тиіс. Олай етпесек, онсыз да жұмыссыздық қамыты қос өк­­педен қысып жүрген ауылдағы ағайынның ахуалы ауырлап кетері тағы анық.

Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

 

Алаш айнасы