АЛТЫНОРДА
Новости

ТҮРІК ӘЛЕМІ КӨСЕМІНІҢ АРМАНЫ

шакаримКеңес заманында есімін ауызға алуға тыйым салынды, ұрпақтар жадынан мәңгі өшуге тиіс болды. Туған халқының ғана азаттығы емес, исі түрік баласының қамын жеген қайран ер, аса көрнекті қайраткер Мұстафа Шоқай бәрібір ұрпақтар жадында, сананың түкпірінде екен. Еліміз тәуелсіздік алған бетте Туған елі, халқы оны кеңестік саясат жаққан бәле-жаладан ресми арылту, саяси ақтау дейтін сөзбұйданы күтпестен, Мұстафа рухын тірілтіп жіберді. Оның есімі, рухы Отанына ол аңсаған тәуелсіздікпен бірге келді. Мұстафа Шоқай қазақ халқының ғана емес, күллі түрік тектес халықтардың ортақ рухани қазынасына айналып жүре берді.

 

Осынау тарихи тұлғаның қызметі, қалдырған еңбектері, қайшылықты көрінер өмір жолы қай кезде де өзіне айрықша назар аударып отырған. Бұның мәнісі – Кеңес өкіметі өз билігінің бас кезінде-ақ отызыншы жылдары қазақтың ұлттық мүддедегі қайраткерлерін түгелдей дерлік жойып, халықты басегесіз қалдырған жағдайда, М. Шо­қай шетелге сытылып шығып кетуінің арқасында кеңестерге қарсы саяси күресін өршелене тоқтатпаған, большевизмнің бітіспес жауына айналған бірден бір аса ірі қайраткер болғандығында. Қолға түспеген Шоқай кеңес өкіметінің өңешіне кептелген сүйек болып қала берді. «Мұстафа Шоқай гитлершілермен ауыз жаласқан, азиялық тұтқындарды Кеңес өкіметіне қарсы соғысуға үгіттеп, олардан «Түркістан легионы» деген жасақ құруға қатысқан, Ота­нын сатқан опасыз дұшпан» деген айып тағылды.

 

Енді Мұстафа аңсаған, күрескен тәуелсіз заман келді. Қазір еліміздегі және шет елдердегі бұрын қол жетпеген құжаттарды саралау, мәселенің ақ-қарасын ашу мүмкіндігі туды. Мұстафатанушы тарихшы ғалымдар, қаламгерлер М. Шо­қайды «фашистерді қолдаған опасыз» деген айыптан арашалап, оның өз Отанын мейлінше сүйген кіршіксіз тұлғасын қалпына келтіруде үлкен еңбек сіңіріп отыр.

 

Ол 1910 жылы Ташкент ерлер гимназиясын алтын медальмен бітірген, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түскенде «Қазақ» газеті бұл туралы Ақмешіт уезінен Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне түскен тұңғыш қазақ баласы деп, зор үмітпен қуанышты хабар басыпты сол кезде. Мұстафа Санкт-Петербург университетіне Қазан татарларына бөлінген стипендиямен оқуға барады. Зерттеушілер М. Шо­қайдың Ташкентте жүрген кезінде туысқан түрік халықтарының мәдениетіне, салт-дәстүріне зейін қойып, туысқандықпен етене қабылдауына екі адам айрықша әсер еткен, бірі – татар генерал Сақыпкерей Еникеев, екіншісі – әйгілі этнограф башқұрт Әбубәкір Диваев деген пікір айтады. Кейін Түркістан кеңестік автономиясының үкіметіне басшылық жасаған Тұрар Рысқұловтың та түрікшілдік идеяны ұстануына Ә.Диваевтың ықпалы болған көрінеді. Түрікшілдік көзқарас Мұстафа мен Тұрардың тағдырына айналады. Исі түрік халықтарының қамын жеп, кең ауқымда ойлаған бұл көрнекті қайраткерлер сол жолда опат болды.

 

Мұстафа Петербугте оқыған 1910 – 1917 жылдар Ресейде революциялық ахуал ширығып, түрлі саяси ағымдар гулеп тұрған кезең еді. Алғыр жас осындай өзгерістердің қайнаған ортасында жүріп, пісіп-жетілді. Сол кезде Санкт-Петербургте сан ұлттың оқығандары, оның ішінде қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Сәлімгерей Жантөрин, Серәлі Лапиндер болды. Мақсаты зор Мұстафаны қатарға тартып, ұлт-азаттық қозғалысына, үлкен саясатқа баулыған Әлихан Бөкейханов еді. 1914 жыл шамасында Мемлекеттік дума Мұсылман фракциясының қызметіне тартылды. Сая­си жұмыстарға белсене араласудың арқасында 1917 жылға қарай М.Шоқай танымал саясаткерге айналып үлгереді. Қазақ еліне, Түркістанға қатысты түрлі жиындарға, құрылтайларға қатысып, оларға жетекшілік жасайды. Уақытша үкіметтің басшысы А.Керенский министр қызметін ұсыныпты, бірақ одан бас тартып, Түркістан жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы болып сайланады. Автономия құру жоспарын ойластыра бас­тайды. Елін азаттыққа жеткізу, іргелі мемлекет құруға ұмтылыс күллі қазақ зиялыларының ортақ мақсаты еді. Тек оны жүзеге асыру мәселесіне келгенде олар екі жарылды.

 

М.Шоқай күллі түрік халықтарының басын біріктірген тұтас Түркістан автономиясын құруды ұсынды, оны жақтаушылар орыстың отаршылдығынан құтылу үшін Орта Азия елдері бірыңғай бірігуіміз керек деп түсінді.  «М.Шоқай өзінің туған елі қазақ халқының тәуелсіздігін Түркістанда көне замандардан бері қатар тұрып келе жатқан туыстас өзбек, қырғыз, түркімен және басқа халықтардың тәуелсіздігінен бөліп алып қараған емес. М.Шоқай үшін Түркістан халықтарының тұтастығы мен Түркістан халықтарының еркіндігі – бірінсіз бірі жоқ егіз ұғымдар» болған дейді тарихшы ғалым М.Қойгелді. Ол Түркістандағы бауырлас халықтар бір болғанда ғана ірі боларын, ірі болғанда ғана тірі қаларын ойлаған еді. Мұсекең Түркістан деп шырылдағанда қандай халықтарды, қандай өлкелерді айтқан дейтін болсақ, ол 1936 жылы Берлин қаласында Еуропада жүрген Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде былай дейді:

 

«Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Қара­қалпақстан, Түркіменстан һәм Тәжікстан деп, жат үкімет күшін алты жұмхұриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айнымас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір. …Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат… Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. «Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға аузының аласы». Міне, оның ел-жұрты туралы көкірекжарды ойы.

 

Сол кезде тек қазақ даласы, Түркістан ғана емес, Ресей шет аймақтарының барлығы большевиктердің өкімет билігін өздеріне алғанға дейін мәлімдеген: «Ресейдің құрамына кірген барлық ұлттың емін-еркін бөлінуге және дербес мемлекет құруға деген құқы танылуға тиіс. Мұндай құқықты жоққа шығару және оны іс жүзінде жүзеге асыруға кепілдік беретін шаралар қолданбау – басып алу немесе жаулап алу саясатына барабар» деген ұстанымына сенді.

 

Большевиктердің уәдесін пайдаланып, 1917 жылғы 10 желтоқсанда Мұхамеджан Тынышпаев пен Мұстафа Шоқайдың бас болуымен Түркістанның ұлттық саяси күштері мен қозғалыстары Қоқан қаласына жиналып ІV ұлттық құрылтайды өткізді, құрылтай Түркістан мұхтарияты, яғни, автономиясы құрылғанын жариялады. Бұл мемлекет кеңестік тарихта мәні кемітіліп, бір қаланың деңгейіндегі ғана құрылым сияқты көрсетіліп, «Қоқан автономиясы» деп аталды. Ол кезде Түркістан қаласы да, Ташкент те большевиктер қолында еді. Олардың қолында күш, әскер болды. Сөйтіп, Түркістанда қос өкімет – Ташкентте кеңестік, Қоқанда ұлттық автономия (мұхтарият) жарияланды. Түркістан (Қоқан) автономиясы Үкіметін басқаруға Мұхамеджан Тынышпаев сайланды, М. Шоқай сыртқы істер министрі болды. Бірақ көп ұзамай Мұхамеджан Тынышпаев қызметтен бас тартады да, 1918 жылғы 2 қаңтардан бастап Премьер-министр Мұстафа Шоқай болды. Білікті адамдар аз, әскері жоқ, мүмкіндік шектеулі, айнала анталаған дұшпан жағдайында мемлекет құру, көрші елдермен келіссөздер жүргізе отырып, ынтымақтаса өмір сүру қарекетіне М.Шоқай беріле кірісіп кетті.

 

Сол кезде Ташкент пен Түркістанда, Марғұлан мен Таразда, тіпті Ырғызда Түркістан ұлттық автономиясын қолдаған жиындар өткен. Түркістан ағартушылық, жаңартушылық сипаттағы жәдидшілері жетекшілерінің бірі Абдурауф Фитрат «Хуррият» газетінде «Мұхтарият» деген мақаласында былай деп жазыпты: «…түркістандық түріктер арасында бұдан асқан құтты, бұдан асқан қасиетті, бұдан асқан сүйінішті сөздің бар екеніне сенбеймін. Түркістан түрігінің қанын қайнататын, иманын арттыратын бір қуат болса, жалғыз осы сөзде бар: Түркістан мұхтарияты. Елу жылдан бері езіліп келдік, қор болдық, қолымыз байланды, тіліміз кесілді, аузымызға қақпақ қойылды, жеріміз тоналып, малымыз таланға түсті, қасиетіміз кірленді, намысымыз ұрланды, құқығымызға қол сұғылды, адами қалпымыз аяқ асты болды – төзімді болдық, сабыр сақтадық. Күшке сүйенген әр бұйрыққа бас изедік, бойсұндық, бүтін байлық – барлығымызды қолдан бердік. Жалғыз ғана бір пікірді бермедік, жасырып ұстап, орап ұстап, сақтап келдік: Түркістан мұхтарияты! Соттың есігінен жылап қайтқанда, жарықсыз түрмелерде жатқанда, жыртқыш жандармның тепкісіне түсіп, жығылып құлағанда, үйлеріміз өртенгенде, діндестеріміз дарға асылғанда өңіміз қуарып, көзіміз суалып, есімізден танып дүние бұлдыр тартты. Сол кезде түскен рухымызды, езілген еңсемізді көтермек үшін қап-қараңғы соқыр дүниенің жырақ бұрышында бір жарық жұлдыз үміт сәулесін шашып тұрар еді. Түкті көрмейтін көзіміз соны көрер еді. Ол немене еді? Түркістан мұхтарияты!». Тәуелсіздікке деген қандай құштарлық, ынтығу! Түркістан мемлекеттілігін М.Шоқай бастаған зиялылар осылай қарсы алған-ды.

 

Бірақ Қоқан автономиясы (мұхтарияты) екі жарым айдай ғана уақыт өмір сүрді. Түркістан кеңестік үкіметі оған тұтқиылдан шабуыл жасап, озбырлықпен құлатты. Қоқан қаласының 200 мың тұрғынының төрттен бірі ғана аман қалды. Большевиктердің ұлттардың өзін-өзі билеу құқығына кепілдік беру уәдесі бос сөз болып шықты. Қоқан автономиясын құлатып қана қойған жоқ, өздері 1917 жылғы 16 қарашада құрған Түркістан кеңестік үкіметінің құрамына бірде-бір түркістандықты тартпаған еді. Кезінде мұны Тұрар Рысқұлов большевиктердің бетіне басты, жағдайды біршама түзеді. Қазіргі кезде мұсылмандарды жоғары өлкелік, төңкерісшіл өкімет органдарына енгізуге мүлде болмайды деп, большевиктер жергілікті халықтар өкілдерін билік маңына жуытпай қойған-ды. Шет аймақтардың Ресейден бөлінуін талап ету социалистік төңкеріске қарсылық деп бағаланды.

 

Қоқанды құлатты екен деп, мұқалған Мұсекең болмады. 1918 жылы тамыздың аяғы және қыркүйектің басында әуелі Орынборда, одан кейін Самарада Түркістаннан М.Шоқай мен Ұбайдолла Қожа, Алаш көсемдерінен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышпаев және Башқұрт үкіметінің басшысы З.Уәлиди, басқа да қайраткерлер қатысқан бірқатар маңызды саяси жиналыстар өтеді. Міне, осы жиналыстарда олар Алаш, Башқұрт және Түркістан үш өкіметінің «Оңтүстік-Шығыс автономиялық мұсылман өлкелері одағы» федерациясын құру, қазақ және башқұрт әскерлерін бір қолға топтастыру туралы саяси шешім қабылдайды. Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан идеясы осылай күні кеше әртүрлі пікірде болған ұлт қайраткерлерінің басын түйістіреді. Аталған федерация жоспары шамамен қазіргі Башқұртстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанды қамтитын еді.

 

«Бұл мәселеде Алаш тарихында көп айтыла бермейтін маңызды бір оқиға тағы бар, – деп сабақтайды Түркияда Мимар Синан атындағы университеттің профессоры, тарихшы ғалым Әбдіуақап Қара. – Олар осы федерация құру туралы шешіммен тоқтап қалмайды, большевиктерге қарсы Ресейдің саяси қозғалыстары Уфада жиналған мемлекеттік кеңес конгресіне де қатысады. Конгрестің мақсаты демократиялық жалпы Ресей өкіметін құру еді. Конгресс өзінің атқарушы Комитетін құрады. Бұл Ресей демократиялық ұйымдары өкілдерінің, жергілікті құрылтай жиналыс­тары депутаттарының уақытша Үкіметі іспетті орган еді. М.Шоқай осы Комитет төрағасының орынбасарлығына сайланады. Осы жиналыстың шешімі бойынша М.Шоқай және үш адам АҚШ-қа барып, президент Вильсоннан қолдау көмек сұрауға тиіс болды. Бұл күллі Ресей саяси қозғалыстары серкелерінің арасында Мұсекең танымал, беделді қайраткер болғандығын көрсетеді.

 

Сапарға дайындалып жатқан кезде өзін Ресейдің жоғарғы билеушісімін деп жариялаған адмирал Колчак өзіне бәсеке орган мүшелерін қамауға алады. Көзден тасалау жерге алып барып бәрін атып тастау үшін пойызға мінгізіп әкетіп бара жатқанда, тұтқындар Челябинск вокзалында көтеріліс ұйымдастырып, қашып кетудің сәті түседі. Алла сәтін салып, қайран ер осылай Қоқаннан кейін екінші рет төніп тұрған өлімнен аман қалады. Осылайша бір жағы орыс демократиясын пайдаланып, екінші жағы күллі түрік мұсылман зиялылары тізе қосып, Швейцария үлгісіндегі «Оңтүстік-Шығыс автономиялық мұсылман өлкелері одағы» федерациясын – Ұлы Түркістанды құру мүмкіндігі тағы да уыстан шығып кеткен еді.

 

1919 жылғы ақпанда Мұстафа Шоқай Маңғыстауда Форт-Шевченко қаласында кемеге отырып Әзірбайжанға өтті. Бұл оның туған жерден біржолата кетуі екен. Еуропа халықтарының да тілін білген Мұстафаны шетелге кетіп, күресті идеологиялық тұрғыдан жүргізуіне кеңес берген ұстазы Әлихан Бөкейханов көрінеді. Азаттық қозғалысының бұрын жабық болған құжаттарымен танысқан тарихшылар қазір осылай дейді. Әлекеңнің көрегендігі де сонда, елде қалғандар кеңес өкіметін мойындағандарымен, бұрынғы қарсыластарын кеңес өкіметі тірі қойған жоқ, тірі қалғандарының күресерге дәрмені қалған жоқ. Күресті жалғастырған қазақтан шыққан жалғыз саяси елауған Мұстафа Шоқай еді.

 

1921 жылы көктемде Мұстафа мен зайыбы Мәрия Грузия, Түркия арқылы Парижге келеді. Париж түбіндегі шағын Ножан-Сюр-Марн қаласында тұрақтайды. Мұсекең қай елге барғанда да бас сауғалап, жан бағып жүрмейді, саяси күрестің мүмкін жолдарын іздестірді, мақалалар жазып баспасөзге белсене аралас­ты, газет, журналдар шығарды. Еуропадағы 20 жылда түрік-мұсылман халықтарының ұлт азаттығы жолындағы қозғалыстары оның төңірегіне топтасты.

 

1924 жылы Түркістан ұлттық бірлігі ұйымы құрылып, оған мүше болады, кейін оны өзі басқарады. Ұйымның «Жаңа Түркістан» («Йени Түркістан»), «Жас Түркістан» («Яш Түркістан») журналдарын ұйымдастырды. Орыс елауғандарының «Дни», «Последние новости» газеттеріне, француз, ағылшын, поляк басылымдарына жүздеген мақала жазады, үш кітап шығарады. «Яш Түркістан» журналының 1931 – 1936 жылдарғы барлық нөмірінің түпнұсқасын да Қазақстан сатып алды, ал «Йени Түркістан» журналының 1927 – 1931 жылдарғы сандарының көшірмелерін Түркияда тұратын қазақ тарихшы ғалым Әбдіуақап Қара бауырымыз Отанына сыйға тартты.

 

М.Шоқайдың халықаралық байланыс­тары тек түркі халықтарының өкілдерімен шектеліп қалған жоқ. Ол Украина мен Кавказ халықтарының Еуропадағы өкілдері құраған Прометей одағына кірді. Бұдан басқа, Парижде Кавказ, Түркістан және Украина халықтары достық комитетін құрып, оның басшысының орынбасары болып сайланды. Ағылшын парламенті, жапон үкіметі мүшелерімен байланыс орнатты. Елдегі ахуалға құлақ түріп, кеңестік баспасөзді, кітаптарды саралап отырды, соларда айтылған фактілер негізінде кеңес өкіметі халық басына түсірген нәубетті, ашаршылық, қуғын-сүргін қырғыны туралы Еуропа елдеріне жария етті, большевиктердің қылмысын әшкереледі.

 

Жұмысшы-шаруа-солдат депутаттарының Кеңесі деп әдемі аталған жаңа биліктің сорақылығы аз болмағаны тарихта сайрап жатыр. «Кеңестер билеген Түркістан» және «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақалаларында ел жағдайын ашына баяндайды. «Мен большевик Сафаровтың айғақтарына сүйенемін. Ол – ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі. Сафаров былай деп жазады («Правда», №133, 20 маусым 1920 жыл»): «Перовскіде (Сырдария облысы) патша жендеті Гержот деген билік етуде. Ол тұтас бір халықты – қазақтарды қырғынға ұшыратты. Соның кесірінен бір миллиондай қазақ аштан өлді», – деп көрсетті қолында қайрат қылар дәрмен жоқ қайран ер Мұстафа Шоқай.

 

Оның сындары құр байбалам емес, өткір де өзекті шығып отырды. Тек Түркістан халықтары туралы ғана емес, Кавказ, Шығыс Түркістан, Түркия мәселелеріне қалам тартты. Бұрынғы тәуелсіз Украина халық республикасының сыртқы істер министрі, профессор А. Шульгин қайран ер Мұсекең қайтыс болғанда: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М. Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді» деп бағалаған екен дейді тарихшы ғалым К.Ес­мағамбетов.

 

М.Шоқайдың шетелдегі саяси қызметінің ең таласты кезеңі гитлерлік Германиямен байланысы. Немістер оны 1941 жылдың жазында өздері басып алған Франциядан Берлинге алып кетіп, өз мақсаттарына пайдалануды ұйғарған. Мұстафаны тұтқын түркістандықтардың тізімін жасауға, білімін, мамандығын анықтауға жұмсаған. Осы орайда айта кететін мәселе – орыс емес тұтқындардың санын анықтау, олардың көңіл ауанын барлау мақсатында немістер 25 комиссия құрған екен, оларға кеңестік шығыс халықтарының 600-ге жуық адамы – саяси елауған тартылыпты. Тұтқын кеңес жауынгерлерінен құрылған жасақ жалғыз «Түркістан легионы» болмаған және ол легион Мұстафа өлгеннен кейін 1942 жылы жазда құрылған.

 

М.Шоқай алғашқы екі-үш айдың ішінде қыруар жұмыс атқарады, жүздеген түр­кістандық тұтқынның жағдайын жақсартуға көмектеседі, сол үшін әпербақан менмен неміс офицерінен шапалақ та жейді. М.Шоқай лагерьлерден тұтқындарды босатып, шаруашылық жұмыстарға пайдалануды, мамандықтарға үйретуді, ақыр аяғында, олардан құрылған жасақтардан болашақта тәуелсіз Түркістанның қарулы күштерінің негізін құруды ұсынады. Мұстафа екі шарт қояды, біріншісі – немістердің көмегімен болашақ Түркістан мемлекетінің кадрларын дайындау; екіншісі – тұтқынға түскен жауынгерлерден әскери бөлімшелер ұйымдастыру, оларды немістер Орта Азия республикаларының шекарасына жеткенше Қызыл Армияға қарсы салмау. М.Шоқай «Түркістан легионын» өз мақсатында пайдалануды ойлаған. Түркістан, Алаш автономияларының нақ осындай дайындалған мамандары, әскері жоқтығынан, құрылмай жатып құлаған сабағынан түйген ойы болса керек.

 

М.Шоқайдың бұл жоспары немістерге ұнай қоймаған. Оның өлімнен қорықпайтын бірбеткейлігінен де қауіптенген сияқты. М.Шоқайдың «Түркістан легионын» құруға немесе Кеңес Одағына қарсы бағыталған қандай да болсын барлаушылық-диверсиялық әрекеттерге қатысы жоқтығы соғыстан кейінгі жылдары оның қызметіне жүргізілген тексеру-тергеу барысында толық анықталады. 1948 жылдың маусымында КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі өзінің Берлиндегі бөліміне М.Шоқайға байланысты оның күнәсін айғақтайтын материалдар бар ма деген құпия сұрау салады. Бұл тапсырмаға жаңағы құрылым «Берлинде ондай мағлұматтар жоқ» деп жауап береді. Олай болса, М.Шоқайдың фашистік Германияның Шығыс министрлігімен қарым-қатынасын өз мүддесіне, Түркістанның тәуелсіздігі идеясына орай пайдаланғысы келгендігі жөніндегі уәждердің шындыққа толық сәйкес екендігін айтуымыз лазым. Кеңес өкіметі Берлиннен алынған бұл құжатты жасырып келген екен, тарихшы ғалым К.Есмағамбетов оны Ресей әскери мұ­рағатынан осы кейінгі жылдары ғана кездейсоқ тапқан.

 

Мұсекең тұтқындар лагерьлерін аралап, ондағы адам төзгісіз ауыр жағдайды көргеннен кейін және оны титтей де болса жеңілдете алар амалы шектеулі екендігіне күйзелген. Көп ұзамай 1941 жылғы 27 желтоқсанда Берлиндегі Виктория ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмады. «Сүзектен қайтыс болды» деген анықтама толтырылады. Қазір зерттеушілер ол кімнің тарапынан болса да – немістердің, әлде серігі өзбек Уәли Каюмның (легион басшысы болғысы келгендіктен не немістердің жұмсауымен), не кеңес жансызының қолынан қастандықтан өлген деген болжамға келіп отыр.

 

Бүгінде Түркістан халықтары өздерінің тәуелсіз мемлекеттерін құрып отыр. Қазақстан тәуелсіздігін жарияласымен іле-шала алғашқы сағатта-ақ ең алдымен таныған Түркия болды. Қазіргі түрік мемлекеттері басшыларының, парламенттерінің ынтымақтастығы, жан-жақты экономикалық-мәдени байланыс­тар сияқты жоғары деңгейдегі қарым-қатынастар – Мұстафа Шоқай арманының орындалғандығы.

 

Еуропада елауғанда жүріп, сол бір болашақ бұлыңғыр жылдарда халықтарының келешегі үшін бастарын қатерге тіккен, саяси күресте иықтас болып, бір-бірінің қадірін білген замандасы Украина халық республикасының сыртқы істер министрі, профессор А.Шульгин былай деп жазған екен: «Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін».

 

Иә, солай болды. 2010 жылы 28 қазанда елімізде жұмыс істеп келе жатқан «Мұстафа Шоқай қорының» қаражатына Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында Мұсекеңдер тұрған үйдің жанына оның ескерткіші орнатылды. Қор жетекшісі Базарбай Атабаев оның туған ауылы Сұлутөбеден бір уыс топырақ ала барып, ескерткіш түбіне қойды және елден апарған үш түп ағашты егіпті. Мария Шоқайдың да бейіті қамқорлыққа алынды. Елінің тәуелсіздігі үшін арпалысқан арысқа туған жер топырағы осылай бұйырды. Оның ерлік істеріне разы тәуелсіз Отаны, күллі Түркістан жұрты Астана, Ташкент, Бішкек, Ашғабад төрінде үлкен ескерткіштер қоятын болар әлі. Әзірге Мұстафа ескерткіші туған жері Қызылорда облысы Шиелі ауданының орталығында ғана.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

 

журналист-заңгер,

Қазақстан мәдениет қайраткері

Астана

http://www.turkystan.kz/articles/view/25043