АЛТЫНОРДА
Новости

Ең биікте орналасқан мейрамханалар

photo (5)Әлемдегі ең биікте орналасқан мейрамхана басқа да құрылыс рекордтарына бай БАӘ-де орын тепкен. At.mosphere аталған демалыс орны 2011 жылы ашылған әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж-Халифаның ашық алаңында орналасқан. Ғимараттың биіктігі 828 метрді құрайды. Ал At.mosphere оның 122-қабатында. Дәлірек айтсақ, ол жерден 495 метр биіктікте орналасқан. Оның астындағы 120-қабатта айналаны тамашалау алаңы бар. Мейрамхана 210 адамға арнап салынған. Онда үлкен зал және бірнеше шағын бөлмелер бар.

1

Бастапқыда мейрамханаларды жобалаушыларға оны «әуедегі яхта» түрінде жасау тапсырылған еді. Тапсырыс берушілердің ол ойы жүзеге асты да. Қазіргі At.mosphere мейрамханасындағы қызмет көрсету мен ас түрлері атақты мұхит лайнерлерінікінен еш кем түспейді. Тек терезеден көрінетін пейзаж мұхитқа емес, аспанға қарайды. Егер сіз әлемдегі ең биік ғимарат үстінен ас ішемін десеңіз міндетті түрде At.mosphere-ке кіріп шығыңыз. Оның үстіне соншалықты керемет қызмет көрсету түрлері мен ас мәзірлеріне қарамастан, мейрамхана баға жағынан ешқандай рекорд жасамайды. Ондағы баға қарапайым демалыс орындарынан қатты ауытқымайды.

Sirocco мейрамханасы Таиланд астанасы Бангкок қаласының State Tower ғимаратының 64-қабатында орналасқан. Sirocco мейрамханасы мен Sky Air бары ашық кеңістікке жайғасып, Lebua атты әлемдегі ең танымал отельдердің біріне тиесілі.  Бұл мейрамхана Таиландтың ең беделді көңіл көтеру орны болып табылады. Сондықтан да бұл жердегі баға да арзан емес. Оған қоса дресс-кодқа да қойылатын талап өте жоғары. Соған қарамастан онда бірде-бір бос орын болмайды. Тағамдарына келер болсақ, мейрамхана қонақтарына елдегі ең үздік аспаздардың дайындаған жерорта теңізінің ас мәзірін ұсынады. Ас ішу кезінде келушілер тірі джаз музыкасының да әуендерін тыңдай алады. Ал ол жерден Бангкок қаласына ашылатын көріністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл жер биіктіктен қорқатындар үшін нағыз адреналиннің құяр тұсы.

2

Мадрид. Reina Victoria отелінің шатыры. The Penthouse мейрамханасы жергілікті элита арасында үлкен сұранысқа ие жерлердің бірі. Үлкен баға мен фейс-бақылаудың болғанына қарамастан, мейрамханаға кіру оңай шаруа емес. Туристер орынды алдын-ала тапсырыспен беруі міндетті. Мұнда көпшілік Мадридтің шынайы көрінісін биіктен тамашалау үшін  келетіні рас.  Керемет панорамадан бөлек қонақтарға испан халқының дәмі тіл үйірер ас үй мәзірі ұсынылады.  Ал мейрамхананың коктейльдері тек Мадридте ғана емес, елдің әуежолдарында да аталған рецепт бойынша дайындалып, жолаушыларға ұсынылады.

3

Жапония. Токио. Mandarin Oriental мейрамханасы. Мейрамхана өзі аттас отельдің отыз сегізінші қабатынан орын тепкен. Ас мәзіріне көбіне жапон ұлттық тағамдары, оның ішінде сушилер ұсынылады. Тағамдарының көбі жаңа ауланған балық түрлерінен жасалынады. Еуропа асханасының тағамдары да жоқ емес. Сондай-ақ бұл жер Токионы алақанында көргісі келетіндер үшін табылған бірден-бір демалыс орны.

5

Лас-Вегас. Moon мейрамханасы. Palms ойын-сауық орталығының шатыры. Келушілерге қалаға ашылатын тамаша көрініс, керемет музыка мен ерекше атмосфера ұсынылады. Одан бөлек бұл мейрамхана көптеген туристердің бағалауымен әлемдегі ең дәмді пиццасымен де танымал. «Оның дәмін бір татқан жан міндетті түрде бұл жерге қайтып оралуға тырысады» дейді аспаздар. Ойын-сауық кешендерімен әлемгі әйгілі болған Лас-Вегастың сұлулығына тек осы жерде отырып қана көз жеткізе аласыз.

5

Егер сіз ең биікте орналасқан мейрамханада ас ішу үшін алысқа сапар шеккіңіз келмесе, онда көрші мемлекет Ресейден де бұл арманыңызды жүзеге асыра аласыз. Мәскеудегі «Федерация» мұнарасының алпыс екінші қабатында орналасқан SIXTY мейрамханасы — сіз іздеген жердің нақ өзі. Бұл мейрамхана Еуропадағы ең биікте орнласқандығымен де мақтана алады. Келушілерді Мәскеу қаласының панорамасынан бөлек, жұлдызды аспан мен күннің батар сәті қатты қызықтырады. Мейрамхана жаңа заманға сай, сәнді етіп жобаланып, сондай-ақ жеке және іскерлік кездесулерге де ыңғайлы болатындай етіп жасалынған.

7

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: venividi.ru

 

http://massaget.kz