Бурабайдағы туризмді дамыту – бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі. Өйткені бұл жоба ел бюджетіне қомақты қаржы салуға қауқары бар көрікті аймақтар қатарында. Алайда күмістей көлді – Бурабай баурайының бүгінгі жағдайы адам шошырлық. Бірақ біздің қалам тартуымызға түрткі болған мәселе демалыс аймағы емес, тіптен басқа да болып тұр. Нақтырақ айтқанда, айтуға ауыз бармайтын анайы жарнама жайы…
Жазбасқа амал да қалмады. «Мұндайды көріп, туризмді жарнамалайтын басқа әдіс-тәсіл табылмады ма екен?» деген ой келді бізге. Нақтырақ айтсақ, Бурабайда дәл қазір суға түсу маусымы қызып тұр. Алайда бұл маусым басталуымен қатар өзімен бірге бір сұмдықты да ала келді. «Көрмейін десем көзім бар» демекші, өмір сүрген соң мұндай сұмдықты да көреді екенсің. Қысқасын айтқанда, соңғы аптада Бурабайдың жағасында «Нудистер» фестивалі өтіп жатыр.
Тырдай жалаңаштанған фестивальге қатысушылардың арасында жасы бар, жасамысы бар бірі қалмай суға күмпілдеп түсіп жатыр. Олар суға қарай жапа-тармағай жүгіріп, қуаласпақ ойнап, ара-тұра қарқ-қарқ күлісіп те қояды. Сөйтсек, Ресейде пайда болған бұл қауымдастық осылайша аймаққа туристерді тартпақ екен. Бүгінде өздерін «нудистер» деп атаған топтың жиіркенішті фестивалі көптің назарында. Ар-ұятты бірінші қоятын қазақ жерінде осындай бассыздыққа қалайша жол берілгенін көргенде көңілің құлазып кетеді.
Киелі Бурабай жерінде осындай жөнсіздікке кім жол берді? Жергілікті билік қайда қарап отыр? Бұл сұрақтардың көпті мазалайтыны сөзсіз. Әлде қазақ жеріне Ресейден келген «заманауи» туристердің анайы тірлігі біз үшін заман жаңалығы болып па?!. Бұл мәселеге келгенде, жайшылықта жүгенсіздікті жай оғындай жайратып салатын биліктің назарынан тыс қалғанына біз тіксініп қалдық. Олай дейтініміз, жергілікті туристік саланы басқарып отырған Ақмола облыстық туризм басқармасы бұл жайттан бейхабар екен.
Шынарбек БАТЫРХАНОВ, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы:
– Мұндай фестиваль туралы естімеппін. Облыс аумағында кез келген іс-шараны ұйымдастырушылар жергілікті биліктен рұқсат алуы керек. Ал «нудистер фестивалі» болып жатқандығын қазір естіп отырмын. Ол туралы еш хабарым жоқ.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бурабай төрінде нудистер сайран салып жатқанда, ал жергілікті биліктің үнсіз отырғаны бізге түсініксіздеу көрінгені рас. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Бейресми мәліметтерге қарағанда, нудистердің сайраны осыдан 10 күндей бұрын басталған және бұл фестиваль әлі бір айға созылады деген хабар бар.
Қазір жұрттың нағыз демалатын шағы. Бурабайға туристер жер-жерден, тіпті шетелдерден де келіп жатыр. Олар мұндағы топырлаған нудистердің ісін көргенде Қазақ елі туралы не ойламақ? Оны қойып, өзіміздің сол маңдарда тұратын бала-шағамызға не тәрбие бермекпіз?
Анар БЕРДІҚҰЛОВА, Бурабай селосының тұрғыны (есімі өзгертіліп алынды):
– Біз көлдің жағасында тұрамыз. Нудистер фестивалі мұнда жыл сайын өткізіледі. Қызық көрген балалар үлкендердің тыйым салғанына қарамастан, таң атпастан сол маңды айналшықтап жүреді. Қанша тыйым салсақ та, оларды байлап ұстай алмаймыз ғой. Бүгінде көргенсіздік пен жүгенсіздікті көрген ұрпақтың санасы уланып бітті.
Біз олардың мұнда не себеппен келгенін білу мақсатында нудистердің өзінен сұрамақ болдық.
Александр БЕРЕЗНЯКОВ, нудист:
– Бұл елді ешқандай да арандату емес. Біздіңше, бұл – кәдімгі мәдениеттің бір түрі. Яғни әрбір адам табиғатпен етене жақын болуы тиіс секілді. Тек сонда ғана табиғат бізге солай тіл қатады. Бурабайға келгендегі мақсатымыз – мұндағы туристерді өзіміздің қатарымызға қосу.
Нудистер ұғымы бізге жаңадан келгенімен, шетелде мұндай фестиваль бұрыннан өтеді. Тіпті Еуропаның жалаңаштанудан әбден мезі болған бірқатар елі ондай фестивальдың өтуіне тыйым да салып үлгерген екен. Ресми деректерге сүйенсек, Италиядағы нудистер саны бүгінде 2 миллионнан асады. Мәселен, Италияның заңы нудистердің жиналуына тыйым салынғандықтан, олар жабық түрде жиналады екен. «Табиғатпен етене жақындасуымыз қажет» деп түйетін олар жалаңаш күйде жұрт көзіне түсуден еш қымсынбайды. Мәселен, ұлыбританиялық нудистер суға түсуден рекорд орнату үшін өткен жылдары Уельс қаласындағы Россини жағажайына жиналыпты. «Жалаңаш суға түсушілер» саны сол жолы 400-ден асқан екен. Ал «еркін қала» атанған Сан-Францискода нудистерді жазалауға арналған қатаң талаптарды жүзеге асыруда. Яғни жалаңаш адамдардың көшелерде, тротуарда жүруіне заңмен тыйым салыныпты.
Бірақ әзірге «жалаңаш адамдарды» тоқтату еш мүмкін болмай тұр. Өйткені кейбір елдер ондайларды жазалаудың орнына қолдау көрсетумен келеді. Тіпті Германия секілді елде нудистерге арналған арнайы қонақүйлер де жұмыс істейді.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Нудистер деген ұғым біздің менталитетімізге мүлде жат дүние. Сондықтан бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қаралуы керек. Еліміздің ең сұлу да көркем Бурабай баурайындағы бұл сұмдықтың алдын алып, жолатпағанымыз жөн деп санаймын.
Ал біздегі жағдай қалай болар екен? Көргенсіздіктің алғашқы белгілері Бурабайда пайда болды. Оның одан әрі жайылып, етек алып кетпеуіне кім кепіл? Туризмді дамытамыз деген, бәлкім, сылтау да болар. Ішке осылай енген «нудизм» ертең ұрпағымызға у тимесе деңіз. Ол жағын ойлаудың өзі қорқынышты. Заманның күн өткен сайын құбылып, теріс арнаға қарай ойысып жатқанын қайтсек тоқтата аламыз?
Қанат ҚЫДЫРМИН, «Науан Хазірет» атындағы мешіттің бас имамы:
– Ислам діні мұндай дінсіздікке жол бермейді. Бұл кәпірлік, кесапаттық саналады. Әлем елдерін алаңдатқан нудистерге қарсы баршамыз жұмылып әрекет етпесек, іс насырға шабуы мүмкін.
Сонымен, нудистердің қазақтың жеріне келіп фестиваль өткізуі заңды ма? Оларға тыйым салудың жолы қайсы? Тыйым салудың қандай амалы бар? Құқық қорғау органдарының тарапынан неліктен қадағаланбайды? Осы сауалдармен заңгерге жүгінген едік.
Жанар ӘБІЛҚАСЫМОВА, заңгер:
– Нудистердің бұл әрекеті заңсыз болып табылады. Біріншіден, олар жергілікті әкімдіктің рұқсаты, сонымен қатар фестиваль өткізуге рұқсат беретін лицензиялары болуы шарт. Бұл өз кезегінде жергілікті биліктің қарауында болуы тиіс. Алайда бұл нудистер жергілікті облыс әкімінің де, Бурабай ауданы әкімінің де рұқсатын алмаған екен. Сондықтан құқық қорғау органдары аталған жайды толықтай бақылауға алуы керек.
Ресми емес мәліметтерге қарағанда, Бурабай баурайына келген нудистер саны жүзге жуықтайды. Олардың нақты қанша екендігі тек бір Құдайға аян. Ресейдің Омбы өңірінен келген нудистер енді қандай сұмдықты бастайтыны белгісіз күйінде қалып отыр.
Түйін
«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, елімізге жаңадан кіріп жатқан нудистерге қазір тосқауыл қоймасақ, ертең кеш болуы да әбден мүмкін.
Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау