АСТАНА. 13 шілде. Baq.kz — Бүгін Алматыда «Көшпенділер мұрасы» халықаралық қоғамдық қорының құрылғанына 2 жыл толуына арналған құрылтай-конференция өтіп жатыр.
Қор қағаны (президенті) Сейдомар Батыржанның айтуынша, олардың басты мақсаты — қазақ халқының мәдениетін, тілін дамытуға атсалысу. «11-12 шілде күндері атап өтетін ұлттық мейрамын Моңғолия елі биыл Ғұн империясының құрылғанының 2222 жылдығына арнады. Эдуард Паркер деген ағылшын түркологының: «скифтер, ғұндар және түркілер бір ғана тайпаның әр замандағы әртүрлі атауы» деген сөзі бар. Сондықтан қазақ мемлекеттігінің тарихын Қазақ хандығымен шектеуге болмайды», — дейді С.Батыржан. Оның айтуынша, қазақ хандығының құрамындағы арғын, керей, найман, қыпшақ, үйсін сияқты тағы басқа да тайпалардың сонау ерте заманда өз алдына жеке мемлекеттері болған. Еркіндіктің атауындай болған «Қазақ» сөзінің тарихы Қазақ хандығының құрылуынан бұрын пайда болған. Қазақ жеріндегі мемлекеттіктің тарихы өте тереңде жатыр. Ол әлі толық ашылған жоқ.