Ғаламдық жылыну құбылысы қазіргі қолтырауындар, кесірткелер мен тасбақалар өлшемінің әлденеше есе үлкеюіне әкеліп соғады. Калифорния және Небраска университеттерінің ғалымдары «динозаврлар дәуірі қайтып келеді» деп отыр.
Utro.ru-дың хабарлауынша, ғалым Патрисия Хиллард жылы террариумда өсімдік жегіш кесірткелердің іріленетінін анықтаған. Хиллардтың айтуынша, жоғары температураның салдарынан бауырымен жорғалаушылар денесі алты есе үлкеюі мүмкін. Осы зерттеудің негізінде америкалық ғалымдар тобы егер ғаламдық жылыну құбылысы тоқтамаса, Жер бетінде алып рептилиялар қаптап, сүтқоректілердің басымдығы жойылуы мүмкін деген жаңа теорияны ұсынды. Олар бір дәуірлерде динозаврлардың көп болу себебін де осы тұжырыммен түсіндіргісі келеді.