Астана. 17 шілде. Baq.kz – Мемлекеттік қызметке орналасу кезінде жастарға жан-жақты бағыт-бағдар беру керек. Өйткені жас мамандарда білім бар, тәжірибе аз. Бұл мәселе жуырда күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» Заңында егжей-тегжейлі көрсетілген.
Бүгін Алматыда бас қосқан мемлекеттік мекемелердің басшылары осы бағытта атқарылатын жұмыстарды пысықтап алды. Құжатта көрсетілген жаңа принциптерге жеке-жеке тоқталды.
Жалпы, Алматы қаласы бойынша 76 мемлекеттік мекеме болса, ондағы мемлекеттік қызметкерлердің саны — 5 мыңға жуық. Олардың біліктілігін жетілдіру жолға қойылса, мемлекеттік қызметтің сапасы арта түспек.
Әбікен Тоқтыбеков, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының ректоры:
Мемлекеттік қызметкерлерді оқыту жүйесінде біраз шаралар қолданылайын деп жатыр. Ол, біріншіден, мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау курстарынан өткізу. Бәрімізге мәлім, біздің осы оқыту жүйелерінде біраз проблема болған. Басшылардың өздері қайта даярлау курсына қатыспайды. Мамандарын жібереді. Ал барлықтарыныңыз білесіздер мемлекеттік органдарда шешімді қабылдайтын, қол қоятын басшы. Сол себепті біз осы мәселеге мән бердік.