Астана. 25 шілде. Baq.kz – Астанадағы «Благодать» протестанттық шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашкымбаев психиатриялық сараптамаға жіберілді. Бұған қоса, ол шіркеуге келушілердің біріне рухани қиянат жасаған көрінеді.
Кеше Tengrinews.kz порталы хабарлағандай, Бақытжан Қашкымбаев Алматыда тексеруден өтеді. Сараптама қорытындылары бір айдан кейін белгілі болады.
Пастордың қорғаушысы Риза Нұрбаеваның айтуынша, Қашкымбаев өзінің наразылық белгісі ретінде аштық жарияламақшы.
67 жасар пастор Ләззат Әлменованың денсаулығына қасақана зиян келтірген. Шіркеудегі кезекті жиналыстардың бірінен кейін азаматша психиатриялық ауруханаға жеткізілді. Оған өзіне өзі қол жұмсау қаупі бар параноидалды шиофрения диагнозы қойылды.
Полицейлердің мәліметіне сәйкес, діни бірлестіктің пасторы шіркеуге келушілерге қызыл түсті сусын берген. Кейіннен зерттеу орталығы шығарған қорытындыда, бұл сусынға фенол тобындағы зат қосылған, сондай-ақ эйфория тудыратын және әлсірететін галлюциногенді қоспалары бар дәрілік зат екендігі анықталды.