АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Алла тағала ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады

mechettt1000Бұл мақала көп уақыт бұрын жарық көрген. «Қазақ» газетінде. Түпнұсқадағы тақыбыры:  «Рамазан айы жақындау тақырыпты» Алаш  көсемі Әлихан Бөкейханның мақаласы бұл. 1916 жылы  жарық көрген. Содан бері 100 жылға таяу уақыт өтіпті. Бірақ,  өзгере қойған ештеңе жоқ. Әлихан Бөкейханның айтқандарын  қазір де жүзеге асырсақ артықтық етпейді. Біз тек тақырыбын өзгертіп қойдық. Онда да Әлекеңнің өзі сөзі. «Алла тағала Құран кәрімде пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады» депті Әлихан Бөкейхан

 

Жыл он екі айдың ішіндегі ең қадірлі, ең артық һәм ең құрметті айы болған рамазан айы жақындау себепті әр кімнің аузына «Ораза болып қалды» деген сөздер кіре бастады. Бұл айдағы қылған құлшылық, істелген істердің «О дүниедегі сауабы сондай боладыны» қоя тұрып біз мұның артықшылығын өзімізше һәм замана, адамшылық, ұлтшылдық істері жағынан қарап біраз тексеріп өтейік.
Ораза деген атынан-ақ басқа жақтары халықтың өзіне де белгілі болар. Біз бұл орында ол ретінде жазбай-ақ өтуді лайық көрдік. Жалғыз-ақ, рамазан айы әр жердегі халықтардың бастарын қосып, бір-бірінің халдерімен танысуға, пақырлардың халдерін ескеріп, оларға жәрдем беруге, жұртқа теңдік-құрдастық, ынтымақ-бірлік, саулық-тазалық һәм құлшылық-құдайшылық сияқты істерді үйретуде басқа айлардан көрі көп артық. Сондықтан халық қасында басқа айларға қарағанда мұның қадір, құрметі де зор. Тек біз бұл орында, біздің халық осындай қадірлі, қымбат айды немен өткізбек? Құдайшылық, құрдастық, істерінде нендей іс көрсетпек болғанда ондай көңілдің жіңішке жерінен шыққан қадірлі қызметтерін кімге көрсетпек һәм кімге бермек деген сауалды шешеумен ғана тоқтаймыз. Мұны бізге баяндаудан мақсұт: рамазан айы кіргенде бүтін ислам дініндегі халық, оның ішінде әсіресе біздің қазақ, бұл айды артықша шат көңілмен өткізуге тырсады.
Маңдайының терін сыпырып тапқан малдары зекетке толса, зекетке шығарған малдарын, пітір-уәжіп садақаларын молдаға беріп, жарықтықтардың батасын алу, оларды басқа айлардағы істерінен гөрі артықша қызмет ету һәм өздерінше пақырлардың халдерін қайғырып олардың тұрмыстарына өздерінің садақаларымен жеңілдік беру бар. оның үстіне опат болған жақынын, туғандарын осы айда ескеру бар. Бұлары қарындастық ретімен қарағанда өте қолайлы істерден. Бірақ түптеп тесе қарап тексеріп келсек зекет, пітір һәм басқада уәжіп садақалардың берілетін кісілері жалғыз молдалар ғана болмаса, тақсыр, қойшы-қолаң көрші яки бірер шәкірт мұғалімдер ғана болып шықпайды. Пақыр, мұқтаж жалғыз бұлар ғана емес, өзіне-өзі жетпей, қысқа жіп күрмеуіне келмей мұң-мұқтажы көп, ұлттығын сақтау үшін тіршілік ретіндегі ғылымға сусаған халық пақыр, мұқтаж. Пақырлық, мұқтаждық деген нәрселер шаруа мінез, күн көру турасындағы адам баласының ділгерлікке түсіп дағдарып тұруынан ғибрат. Бұл дағдарыс бір кісінің, бұрып айтқанда бірер молданың басында ғана емес, бүтін халықтың – ұлттың басында. Әсіресе, біздің қазақ сияқты білім-өнерден құралақан, оны берерлік білім жұрттарынан да бос тұрған, оқушылары аз, болғандарының қалтасы жоқ болған халық нағыз мұқтаждықтағы пақыр халық болады. Мұндай пақыр халықтың оқу-білім жұрттарын көбейтуге тырысып, оқушыларын арттырып мұқтаждығын шығаруға қызмет еткен кісілер, байлар құдайшылық, адамшылық істерін екі дүниеде де өтеген зор сауапты болады.
Құран кәрімдегі баян етілген садақа орындары да осы негіздерге құрылып айтылған:
1) Құрандағы айтылған «пақыр» деген сөздің мағынасы бір кісінің, болмаса көптің мұқтаждығын шығару деген сөз. Бұған ұлт мұқтаждығы да кіреді. Мұны шығарам  деген ұлтқа не керек? Сол керегін жетілдіру үшін Алла тағала «садақаларында мұқтаж болған адамдарға беріңдер» деп көптің қамын ойға салып айтқан
2)  «Ибн ассубилге» беріңдер деген. Бізше жол баласы. Бұған мұқтаждық  халдегі жолаушылар мен нақақсыз туылған балалар (бұл бізде жоқ), шаһарлы жерлерде  көп болады, анасы асыраушысы болмағандықтан тапқан баласын көшеге тастап кету реті кіреді. Бұлай туған балаларды да тәрбие етуді жұрт үстіне міндетті қылып артқан. Бұл ұлттың мұқтаждығын көздеуде ақылды негізбен құрылған бір жол. Сондықтан бұл реттен қарағанда да садақалардың ұлт мұқтаждығын шығару үшін қойылған жұрттарға ұсталынатындығын көрсетеді.
3) «Фи субил-аллаға» беріңдер деген. Бұған оқу жолындағы  барша шәкірттер мен ұлт мұқтаждығын өтейтін орындар кіреді.
4) «Уа алғараминге» беріңдер деген. Бұл бұрыш басып сасып тұрған адам. Бұған садақа беріп көтеріп жіберуде де зор мағына бар. Қысқасы, қалай ойласақ та садақаларды Алла тағала адам баласын ділгерліктен шығару үшін беруге бұйырған. Халық та сол ділгерліктегінің бірі. Бесінші реттен көрсетіп, мұны да айтып өтейік. Алла тағала Құран кәрімде пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уәжіп һәм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малдарыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді. Мұнан көрініп тұр, сүйген малдарынан садақа шығару бір кісіге ғана емес, бүтін ұлт ісіне екендігі. Әр нешік мұндай парыз, уәжіп-садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медрессе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады.
Енді біздің халықтағы құдайы садақалардың көбі осы құрметті рамазан айында өтелінілуге ыждиһат етілінетін болғандықтан біз рамазан айы жақындау тақырыпты мұндай реттерді баяндап халқымызға ұсынуды өзімізге лайық көрдік. Міне, халық, садақа берілетін орындар осы айтылған негізді жолмен болады. Ендігі іс өздеріңде. Әшірдікі де осы айтылған орындар. Менің бұл жазған сөздерім 176 нөмір «Қазақтағы» жазылған Жиенғали мырзаның өтінішіне де жауап болса керек.
Әлихан

http://zhebe.com