АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

БАТЫР ҚЫЗДЫҢ СҮЙЕГІН ЕЛГЕ ӘКЕЛЕДІ

алияКеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың жерленген жерін іздеу үшін қазақстандық екі іздеушілер отряды Ресейдегі Псков жеріне аттанды. Бірінші топ – Алматыдан, ал екіншісі – атақты сұрмергеннің отаны – Ақтөбе қаласынан шықты

Әлия Молдағұлованың зиратын іздеу үшін экспедиция жасақтауға ресейлік өлке­танушылардың сенсациялық мәлімдемесі себеп болды. Псков облысындағы ме­мориал­дық тақтаға Әлия Молдағұлованың есімі қате жазылған болып шықты. Ұзақ уақыт бойы батыр қыздың жерленген жері деп жүрген Монаковтағы мемориалдық кешенде оның сүйегі жоқ екен. Архив құ­жаттарын қайтадан ақтарып, зерттеген ресейлік өлкетанушылар Әлия Молда­ғұло­ваның мәйіті қазірге дейін қалың орманның ішіндегі бауырластар моласында жатқанын анықтаған. Кезінде осындай келеңсіздікке жол берілген екен. Бұдан бірнеше ай бұрын осындай хабарды естіген қазақстандық іздеушілер тобы Әлия Молдағұлованың сүйегін қайта жерлеу үшін арнайы сапарға дайындала бастады. Қазір 26 адамнан тұратын қазақстандық экспедиция жолда кетіп барады.
Қазақстандық іздеушілер тобын Псков облысындағы бауырластар қорымына Ал­маты әкімшілігі бөлген арнайы құралдармен жабдықталған құтқару қызметінің КамАЗ автокөлігі жеткізеді. Мұндай жүк көлігімен Ресейдің қалың ормандарында, батпақ­та­рында жүруге ыңғайлы. Іздеушілердің ара­сында байланысты қамтамасыз ету үшін көлікке радиостанса орнатылған. Көлікте экспедиция мүшелеріне арналған жатын орын да бар. Іздеу жұмысына экспедиция­ның дайындалып жатқанын естіген қазақ­стандықтар қаржылай көмек көрсетті.
Қазақстандық экспедиция мүшелерінің көпшілігі мұндай жұмыспен бірінші рет шығып отыр. Сондықтан оларды сол жақта ресейлік іздеушілер қарсы алып, көмек­те­сетін болады. Ресейліктердің бұл жағынан тәжірибесі жеткілікті. Олар тек Псков жерінде қаза тапқан он мың жауынгердің мәйіттерін анықтап, қайта жерлеген. Қайта жерленгендердің ішінде Қазақстаннан бар­ған жауынгерлер де көп. Қазақстандық-ресейлік экспедиция үш аптаның ішінде батпақты жерге жерленген 32 жауынгердің (оның ішінде Әлия Молдағұлованың және тағы төрт қазақстандық жауынгердің мәйіт­тері де бар) сүйегін қазып алып, діни ғұ­рыппен құрметтеп, қайта жерлеуді жос­парлап отыр. Отан үшін басын оққа тіккен батырлардың басына белгі орнату кейінгі ұрпақтың қасиетті борышы болып табы­лады.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

http://www.aikyn.kz