АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ораза ұстаушыға берілетін бес қасиет

кажыҚазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы хазрет қасиетті жұма намазында Алматы қаласы «Орбита» мешітінде жамағатпен жүздесіп, мінберде уағыз айтты.

Бас мүфти мешітке жиналған жұртты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ауыз бекітіп, Алланың мейіріміне бөленуді үміт еткен жамағатқа Жаратқаннан жақсылық тіледі. Мүфти хазрет жұма уағызында ораза ұстаушыға берілетін бес қасиетті тәптіштеп түсіндіріп берді.
– Біріншіден, – деді Бас мүфти, – ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың алдында сөзсіз хош иісті мисктен де артық болады. Екіншіден, ауыз бекіткен пенде ауыз ашқанша періштелер олар үшін Алладан кешірім тілеп отырады. Үшіншіден, Жаратушы Ие періштелерге ораза ұстаған адамдардың жәннатқа кіретін күні жақын қалғанын хабарлайды. Төртіншіден, бұл айда жын-шайтандар кісенделіп, адамдарды азғырудан мақұрым қалады. Бесіншіден, Рамазанның соңғы түні болғанда аузы берік мұсылмандардың күнәсі кешіріледі.
Жұма уағызынан кейін: «Алла тағала баршамызға осы бес қасиетті нәсіп етіп, өзінің шексіз болған мейіріміне бөлегей! Жаратушы Иеміз елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың, мұсылмандардың ауызбіршілігін нығайтып, ел қамында жүрген Елбасымызға амандық, күш-қайрат, жігер нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!» деп дұға жасады Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Жамағатпен жүздесуде Бас мүфти халықтың сауалдарына жауап беріп, емен-жарқын әңгімелесті.

http://anatili.kz/