Шымкентте биыл ораза ұстаушылар жылдағыдан көбірек болды. Бүкіл Рамазан айында Ханафи мазһабы мен оның жай-жапсары туралы облыс аумағындағы барлық мешіттерде, тиісті мемлекеттік органдарда халыққа тұшымды әңгімелер айтылды.
30 күн ораза ұстаған мұсылман қауымды облыс әкімі Асқар Мырзахметов оразаның соңғы күні-арапада Шымкенттің қақ ортасындағы Арман тойханасына соңғы ауызашарға шақырды. Оған барлық аудан мен қалалардан ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері жиналды. Жамағатты аудан, қала әкімдері мен аудандық мәслихат хатшыларының өздері бастап келді. Облыстық басқармалар мен Шымкент қаласындағы мекемелердегі ораза ұстаған ұлдар мен қыздар да дастархан басына жайғасты.
Ауызашарда имандылық, оразаның адам ағзасына пайдасы, Ислам дінінің тәрбиелік маңызы туралы әңгімелерге көбірек мән берілді. Тойханадағы үлкен экраннан Құрандағы қасиетті, ғибратты сөздер үздіксіз жазылып отырды. Әртістер тәрбиелік мәні зор діни әңдерді орындады.
Облыс әкімінің атынан ауызашарға жиналған жамағатқа әдемі, жинақы қалтаға салынған үш сыйлық ұсынылды. Оның біріншісі Алау Әділбаев пен Шәмшат Әділбаеваның «Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы» деген кітабы. Екіншісі дінтанушы лектор Тұрсынбай Нұржан Арыстанбекұлының «Менің таңдауым-ханафи мәзһабы» деген лекциясының дискіге жазылған нұсқасы. Үшіншісі бір-бір қорап емдік қасиеті мол құрма.
Сауабы көп осы басқосудың соңғы сөзіне шыққан облыс әкімі жиналған жамағатқа оразаларының қабыл болуына тілектестік білдірді. Рамазаннан – рамазанға, ораза айттан-ораза айтына дейін аман-есен жете берейік, деген тілегін жеткізді. Ораза айтымен құттықтады.
-Ынтымағымыз жарасып, еліміздің игілігін арттыруға бәріміз бірге атсалысайық. Алла-тағала елімізге тыныштық пен бақ-береке, Елбасымызға амандық, мықты денсаулық берсін!-деді сөзінің соңында.
Орайы келгенде айта кетейік. Рамазан айында тағы да бір жаңалық болды. Облыста дін істері басқармасы құрылды. Оған жаңа бастық тағайындалды. Оңтүстік Қазақстан облыстық дін істері басқармасының бастықтығын алдағы уақытта ұзақ жылдардан бері облыстық әкімдік аппаратында әртүрлі қызметтер атқарып келе жатқан Батырбек Жалмұрзаев мырза атқаратын болды.
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы