АЛТЫНОРДА
Новости

Абай даналығының шығыстық қайнарын қалайша ұмыттық?

691ab0e3ecbf0e26a627552e60489e55Ұлы Абай жөнінде қаншама ғылыми еңбектер, зерттеулер жазылды! Біз үшін ол – даналықтың сарқылмас қайнары іспетті.

 

Шын хакім, сөзің асыл – баға

жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі

кетпес.

Қарадан хакім болған сендей

жанның,

Әлемнің құлағынан әні кетпес!  – деп Мағжан ақын айтқандай,

 

Абай танымы, Абай ілімі туған хал­қы­мен бірге жасай берері анық. Осы орайда­ғы даусыз бір шындық – Абай дүниетаны­мын әлі толық аша алмай жүргендігіміз. Ал мұның себебі – осы бағыттағы ғылыми ұс­танымдар мен көзқарастың, методоло­гия­ның ұзақ жылдар бойы кеңестік идео­логия та­ла­бына қызмет етіп келгенді­гінде. Абай­танушы, көрнекті ғалым Мекем­тас Мыр­захметұлының пікірін­ше, тек ұлттық, шығыстық таныммен қа­раған­да ғана Абайға жақындай аламыз. Өкінішке қа­рай, күні кешеге дейінгі бү­кіл оқулықтарда бұл жағы ескеріл­меді. Абайдың қалыптасу ке­зеңі баян­далған ғылыми еңбектердің барлы­ғын­да ақынның сусындаған бұ­лағы, даналығының көзі ретінде – тек орыс және Батыс әдебиеті, мәде­ние­ті көрсе­тілді, біз Абайды солар ар­қылы адам болды, ақын болды деп ұқтық. Ал Аб­ай­тану ғылымының бір­ден-бір негізін салушы Мұхтар Әуезов дейтін болсақ, ғұлама жазушы Абай дү­ние­танымы­ның үш рухани бұлақтан құра­латынын және оның қазақ хал­қы­ның руха­ни әлемі мен шығыстың рухани қазынасы және батыстың әде­би әлемі екендігін айт­қан. Біз осы ара­дан шығыс әлемін мүлде жұлып тастадық.

Абайтану ғылымының Әуезов ұсын­ған бағыттан тайқуына, әрине, сол кездегі ке­ңес­тік саясаттың ықпалы болды. Шын негі­зінде, Абай даналы­ғы­ның бірінші көзі – әжесі Зере ар­қылы бойына сіңген туған халқының бай ауыз әдебиетінің мұралары, екін­ші қайнары – «Шығыстың жеті жұл­ды­зы» Физули, Шәмси, Сәйхами, На­уаи, Сах­ди, Фердоуси, Қожа Ха­физ жырлары. Үшінші нәрлі арнасы – орыс және Батыс Еуропа классикте­рі­нің еңбектері еді. Осы­ның алғашқы екеуін Абай орыс тілін үй­рен­генге дейін еркін игерген, қорытқан. Яғни Мекемтас Мырзахметұлының сөзі­мен айтсақ, «Абай отыз жасқа келгенде өз халқының рухани байлығымен және шы­ғыс әлемімен мықтап қаруланған. Бұл екі бұлақ көзі Абайдың дүниета­нымын қа­лып­тас­тырды. Үшінші бұлақ көзі орыс ар­қы­лы жеткен батыстық ілім ортадан қосы­лады. Рас, ақынды­ғына, өлеңдерінің тақы­ры­бына әсер еткен. Бірақ дүниетанымында үлесі жоқ. Мұның дәлелі Абайдың «толық адам» ілімінде жатыр. Бұл ілімнің ба­тыс әлемімен еш байланысы жоқ. Ис­лам мен өзіміздің түркі әлемімен біте қайнасқан».

Атақты Гетенің өзі «Шығыстың жеті ақы­ны бар. Мен оның ең жама­нын­дай да емеспін» деген болса, Абай сол шығыс шайырларының қис­са, дастандарынан, со­лардың да­ныш­пан­дық ой-тұжырымда­рынан ер­кін сусындаған. Бұл ретте М.Әуе­зов «Абайдың Батысынан Шығысы ба­сым, ол Батысқа барғанда Шығыс­қа ар­қа сүйеп, өз ойын сол тұрғыдан айтатын» деген бай­лам ұсынған және сол үшін қатты сынға ұшыраған. Ме­кем­тас ағаның айтуынша, Абайдың дүниетанымын зерттеймін деген жас­тар ең алдымен араб, парсы, шағатай тілдерін білгені жөн. «Неге десеңіз, Абай сөздерінде «жантану», «жанның жібіли қуаты» деген терминдер бар. Бүгінде біз­дің психологтар мен фило­софтар психоло­гия­ны «жантану» деп аударып жүр. Ол дұ­рыс емес, – дейді ол. – Психология – ло­ги­калық ойлар­дың заңдары туралы ғылым. Ол адам­ның бойындағы психика­лық құ­былыстарды қарастырады. Жан де­геніміз Жаратушыдан келді ғой. Оны пси­холог қайдан таниды? «Жантану» де­ген сөз Абай мен Шәкәрімде бар. Олар Жа­ратушы-Иені іздеді ғой. Сон­дай-ақ Абай­да «жауанмәрттілік» де­ген де сөз бар. Бұрын біз бұл сөзді араб пен парсыдан кел­ген деп жүре­тін­біз. Сөйтсек, ол өзіміз­дің топырақта пайда болған, көне түркі сөзі екен».

Шығыс әдебиетінің Абай дүниета­ны­мы­на әсерін және ақынның ондағы дәс­түр­лерді, данышпандық көзқарас­тарды ары қарай дамытудағы, жетіл­дірудегі үлгі-өнегесін терең зерттеген Мекемтас Мыр­зах­метұлы тап осы тақырыпта көп­теген ең­бектер жазды, «Абайтану тари­хы», «Абай және Шы­ғыс» атты басқа да жи­нақ­тары жарық көрді. Мұның сыр­тында елі­міз­дегі ең іргелі оқу орында­рының бірі Абай атындағы ҚазҰПУ-дің жанынан «Аб­ай­тану» ғылыми-зерттеу орталығы ашы­лып, хакім Абайдың адамзатты өрке­ниетке ұлы даналығын жас ұрпақ бойына сіңіру шаралары қолға алын­ды. Абайдың дүниетанымы қалыптас­қан рухани үш бұлағы туралы шын­дық бүгінде ашық ай­ты­ла бастады. Дегенмен абайтану тақыры­бында қа­зіргі мектеп пен жоғарғы оқу орын­дарына арналып жазылған еңбек­терде әлі де біржақтылық басым. Аб­айды әлі де кеңестік, еуропалық қа­лып­қа салып қарағысы келетіндер көп. Сол себепті де Мекемтас Мыр­зах­метұлы: «Абайтану – бүгінгі таң­да» деген мәселені күн тәртібіне қоюы­мыз қажет. Абайдың түркі әле­мі­мен, шығыс мәдениетімен қатынасын те­рең көрсетуге тиіспіз. Жаңалықтың, құндылық­тың барлығы сонда жатыр. Әуезовтің концепциясын қалпына келтірудің маңызы осында», – деп есептейді. Қалай болғанда да, бүгінгі таңда Абайдың шығысы туралы айт­пау – шындыққа қиянат.

Автор: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz/culture/45020/