АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОҢТҮСТІКТЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР «ЖАУЫП» ЖАТЫР

ВыставШымкентте кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бар. Ғимараты да, жұмысы да әйдік. Облыстың маңдай алды мекемесі. Орталық Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған. Мақсатын мекеменің атының өзі айтып тұр. Оның қызметкерлері «түнде ұйықтап жатқанда да түсінде жаңа жобаларды көреді», деген әңгіме бар. Жартылай әзіл, жартылай шындық болса керек.

Осы орталықта  «Оңтүстіктің инвестициялық жобалары» атты  көрме өтті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасы солай болыпты.  Көрме болғанда қандай. Осы көрме жұмыс істей бастағалы бері Оңтүстікте «аспаннан» инвестициялық жобалар «жауа» бастағандай болып жатыр.

Выставка

 Облыстағы аудандарда бұрыннан тоқтап тұрған, ашыла салып, жұмысы кібіртіктеп тұралап қалған кәсіпорындар кездеседі. Соларды қайтадан тірілтіп, жұмыс істету үшін де инвестиция керек. «Тірілтудің» кейбір жобаларын орталықтың өзі дайындап, көрмеге шығарыпты.

Инвестор бола алатын, қалтасы қалың, бақуат азаматтардың  есімдері белгілі екен. Көрмеге оларды арнайы шақырыпты. Көр де, инвестиция салып, акцияларын толық, немесе ішінара сатып ал. Облысқа, ауданға керегі — сенің өнім өндіргенің, салық төлегенің. Халыққа керегі — жұмыс бергенің, жақсы айлық жалақы алып, бала – шағасының несібесін теріп алғаны.

Бұл көрме бірнеше кезеңнен тұрады. Екінші кезеңінде  инвестициялық жобаларын  Шардара, Сарыағаш және Мақтаарал аудандары ұсынды.  Жобалар болғанда қандай! Бірінен-бірі өтеді. Көрмеге қатысушыларға аудандардағы инвестициялық жобалар туралы толық мағлұмат берілді. Мұнан тыс, сол аудандағы пайдалы қазбалар мен кен орындары туралы ақиқат ақпараттар  жария етілді. Жердің астындағы байлық туралы естіген инвесторлардың арасында көздері жайнап кеткендері, ойша банкіде жатқан ақшаларын есептеп, қолына калькуляторын  алғандар да болды, әрине.

Көрме барысында үш аудандағы 40-қа жуық инвестициялық жобалар стенд-планшеттер түрінде көрсетілді. Анау-мынау емес, инвестициялық жобалар туралы әрбір ауданның әкімдері өздері баяндады. Олар жобаларды егжей-тегжейлі, ұңғыл- шұңғылына дейін таныстырып өтті.

Выставк

-Көрменің өткен аптада ұйымдастырылған бірінші кезеңінде «Оңтүстіктің инвестициялық жобалары» жоғары бағаға ие болды, – деді облыс әкімнің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев,- Көрмеде аудандық әкімдіктер бірқатар меморандумдарға қол қойды. Аудандарға ірі көлемде инвестиция тартылатын болды. Бұл – ауылдық жерлердегі  тоқтап қалған кәсіпорындардың қайта жандануын қамтамасыз етуге тиісті. Жаңа жұмыс орындары ашылады.  «Оңтүстіктің инвестициялық жобалары» көрмесінің екінші кезеңінде  Мақтарал, Сарыағаш және Шардара аудандарындағы жобаларға инвесторлардың қызығушылығы жоғары деңгейде болып тұр.

Облыс әкімі орынбасарының пікірі осындай.

Көрмеде мынадай да оқиғалар кездесті.

Шарадара ауданынан мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкер көрмеге арнайы келіпті. Ол облыс әкімінің орынбасары С. Тұяқбаевқа «Шаруашылыққа электр қуатының жаңа желісін тартуға мүмкіндік бар ма?», деген сұрақ қойды.

-Шаруашылығыңызға электр қуатын жеткізудің екі жолы бар. Біріншісі. Мемлекеттік бағдарлама аясында сізге қолдау көрсетіледі. Демек, электр желісін тартуға кеткен шығындардың 50 пайызы мемлекет тарапынан Сізге грант есебінде беріледі. Екінші жолы да бар. Ол балама электр желісін орнату. Шаруашылығыңызға күн сәулесі батареяларын немесе биогаз негізінде электр қуатын өндіретін құрылғыны орнату мүмкіндігі бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Кәсіпкердің сұрағы бойынша жергілікті билік біраз жұмыс істейтін болды. Кәсіпкер көтерген мәселе Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы «Шымкент-Инновация» ЖШС-не, аудан әкімдігі мен орталықтың мамандарына жүктелді.

-Инвесторлар белгілі бір жобаға қызығушылық білдіріп, сол бойынша  жұмыс істейтін болса, ол жобаға Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджері бекітіліп беріледі. Ал біздің менеджеріміз жобаны іске асыруға көмектеседі, – деді  орталықтың директоры Нұржан Алтаев.

 

Көрменің бірінші кезеңінде қол қойылған меморандумдар аясында, Түлкібас және Төлеби аудандарында жылыжайлар салу көзделген болатын. Қазірдің өзінде аталған әкімдіктерде инвесторларға жылыжайлар салу мақсатында жер бөлу жұмыстары қызу жүргізілуде.

Көрменің екінші кезеңінде  инвесторлар мен аудан әкімдіктері арасында 15 меморандумға қол қойылды. Олардың ішінде Мақтаарал ауданында Полиэтилен, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу, синтетикалық талшық және полиэтилен өнімдерін өндіру зауытын салу, жеміс-жидек пен көкөніс сақтау қоймасын салу, тоқыма жіп фабрикасын пайдалануға беру көзделген.

Шардара ауданы бойынша жеміс-жидек пен көкөніс концентратын шығаратын зауыт салу, асфальт зауытын құру, ауылшаруашылық техникасын жинау және құрастыру зауытын пайлалануға беру туралы уағдаластық жасалды.

Сарыағаш ауданында 1 гектар жерге аквасаябақ салу жобасына инвестор табылды. Битум өндіретін зауытты салу жобасы бойынша меморандумға қол қойылды.

Көрменің екінші кезеңінде жалпы құны 4,1 млрд теңге тұратын инвестициялық жобалар іске асырылатын болды. Аталған аудандарда 400-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.

Инвестициялық жобалар көрмесі алдағы апталарда одан әрі жалғасады. Көрменің  келесі кезеңдері әр аптаның сенбі күндерінде өтеді.  Көрменің әрбір кезеңінде 3 ауданның, немесе қаланың  инвестициялық жобалары инвесторларға ұсынылып отырмақшы.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.