Қазақстандық әйелдердің арманында адам ақылына сыймайтын дүниелер бар болып шықты, алайда, қиялдың ең көп бөлігін қаражат құрайды екен.
Жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, әйелдердің 26%-ыбайлықты аңсайды екен. Бұл сұлулыққа деген құштарлықпен, жайлы өмірге деген ұмтылушылықпен байланысты болуы мүмкін.
Қазақстандық ханымдардың 24,5%-ы тұрмысқа шығып, отбасын құрғысы келеді екен. Ықылым замандардан бері неке әйелдер әңгімесінің басты тақырыбы болған және бұл қашанда өмірлік жоспарлардың алдыңғы легінде келеді. Қазақ қыздарының санасын тұрмысқа шығу туралы ойдың жаулап алуы сондықтан болар…
Қыз-келіншектеріміздің 16%-ы ана атануды армандайды. Ана болу – әйел өмірінің негізі. Ерте ме, кеш пе, әрбіріміз ұрпақ жалғастыруға тырысатын боламыз және аналық түйсікті жеңетін ешбір күш жоқ деген болар едік.
Ал нәзік жандылардың 13%-ы еңбек демалысы сынды қарапайым дүниелерді ойлайды екен. Шаршаңқылық, жұмыстағы қиындықтар, уайым мен қайғы адам жанын шырқау шегіне жеткізіп, әлемнен алыстап, ешкім жоқ жерге кетіп қалуға итермелейді.
11,5% әйелдер өз алдына сәтті мансапқа жету мақсатын қояды. Әйел өміріндегі басты жоспардың алдына жұмыс пен биікке жетуге тырысудың шығып кетуі әртүрлі жағдайларға байланысты. Мәселен, оған жеке өмірінің жоқтығы, бос уақыттың көп болуы әсер етуі мүмкін. Немесе керісінше, әйел отбасы қамы үшін биік дәрежеге ие болып, жақсы айлық алғысы келеді.
Қазақстандық қыздардың 7,5%-ы жаңа қарым-қатынастарға жетуді көздейді. Әрине, еркіндік, бойдақтық өмір деген жақсы нәрсе, алайда, үйге қайтқанда, терезе алдындағы кактусқа емес, арқа сүйер азаматыңа, сүйікті жарыңа асыққанға не жетсін?!
Біздің әйелдеріміздің арасында түр келбетін өзгерткісі келетіндер де жоқ емес. Сыртқы келбетіне қанағаттанбайтындар 1,5%-ды құрап отыр.
Айтпақшы, «Шын жүректен не тілесең, сол міндетті түрде орындалады» деген болжам бар. Бастысы, тілекті дұрыс тұжырымдай білу керек. Ал әйел заты әрқашан өзінің қиялымен, сол қиялды ақиқатқа айналдырумен ерекшеленіп келеді.
Суреттер: vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
http://massaget.kz/bastangy/psihologiya/12733