АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАДІРІҢ ҚАНДАЙ, ҚАЗАҚ ОТБАСЫ?

68f6cd34917f2a7ff8075e1245b54cffЕртең елімізде алғаш рет «Отбасы күні» аталып өтіледі. «Отан – отбасынан басталады» дейтін қазақ әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. 
Әсіресе, алтын құрсақты аналар ерекше қадірлі. Дәстүрлі қазақ отбасында баланың санын санамайды. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп ырзығын Тәңірден тілеген қазақтың бүгінгі көпбалалы аналарына қаншалықты қамқорлық көрсетіліп жатыр?

Осыдан 10-15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, көпбалалы аналарды қолдау біршама жақсарғанын айта кету керек. Бала туғанда берілетін бір реттік жөргекпұл, бала күтіміне байланысты 1 жасқа дейін берілетін жәрдемақы, жұмыс істейтін аналарға әлеуметтік сақтандыру қорынан  төленетін әлеуметтік төлем, аз қамтылған отбасылардың балалары 18 жасқа толғанша төленетін көмек ақша, мүгедек бала тәрбтиелеп отырған отбасыға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі жәрдемақы, «Алын алқа» және «Күміс алқа» иегелері алатын арнайы жәрдемақы – мемлекет бүгінде көпбалалы аналарды осылай қолдап отыр. Алайда бұл көмектің көлемі көпбалалы отбасының шай-пұлынан да артылмайды. Мәселен, аз қамтылған 4 және одан да көпбаласы бар отбасыларға айына 3,9 АЕК, яғни 6750 теңге  төленсе, 6 баладан артық тапқан аналарға 10 мың теңгенің айналасындағы жәрдемақы беріледі. Оның үстіне көпбалалы отбасы аталған жәрдемақының біреуін ғана таңдай алады.

Шыны керек, көпбалалы отбасылардың көпшілігі ауылдарда тұрады. Демографиялық дүмпу тудыратын да – ауылдағы алтын құрсақ аналар. Солардың  көпшілігі бала тәрбиесімен үйде отырса, отағасылары екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Ал қалада бала-шағасын шұбыртып пәтерден-пәтрге көшіп жүрген жанұялар қаншама. Көпбалалы отбасылар әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тұрғындардың 11 категориясына кірсе де, үй кезегін жылдар бойы күтуіне тура келеді. Осы орайда 12 бала тәрбиелеп өсірген Данбаева Әбзел апа көпбалалы отбасыларға деген қамқорлықты күшейту керек деп пайымдайды.

– Бүгінде ұл ұяға, қыз қияға қонды. Өткен күнді аңсап отыр демеңіз, бірақ Кеңес өкіметі кезінде көпбалалы аналарға деген қамқорлық күшті еді. Бес бала туғаннан кейін айына 8 мың, одан кейінгі бала үшін айына 16 мың сомнан беріп тұрды. Он баланы дүниеге әкелген кезде алқасын тағып, ақшасын тағы берді. Үй шешесінің атында болса, суы, жарығы, телефоны, жолпұлы тегін еді. Қазір соншалық қолдау көріп отырған жоқпыз. Бүгінгі жастарға басында  баспанасы, тұрақты жұмысы жоқ болса, «көп бала тумадың» деп қалайша кінә қоясың? Біздің заманымызда қолы қимылдағанның ауызы да қимылдайтын. Жастардың ең басты мәселесі – баспана шешілген кезде, отбасындағы балалардың да саны артады, – дейді Әбзел апа. Көктемде кейбір депутаттар «аз қамтылған көпбалалы отбасылар ісімен айналысатын комитет құру керек» деп бастама көтерген болатын. Алайда бұл бастаманы Үкімет қолдамаған сыңайлы. Тағы бір орган құрғаннан гөрі, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін арттырып, түрлі жеңілдіктер қарастыратын кез келгендей.

 

Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА,

Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы:

– Қазіргі кезде 250 мыңнан аса «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері болса, отбасында бала саны 4-тен асатын 240 мыңға жуық жанұя бар. Оларға мемлекет тарапынан жүйелі түрде жәрдемақылар беріліп келеді. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны қанша жерден көбейту керек дегенмен, мемлекет тарапынан ең төменгі мөлшердегі жәрдемақы беріледі. Оның мөлшерін көбейту елдің экономикалық жағдайына байланысты. Бірақ отбасы өмір бойы бір жәрдемақымен күн көре алмайды. Тек жәрдемақыға қарап отыра бергеннен отбасының жағдайы жақсармайтыны анық. Соған байланысты белсенді түрде қолдаулар қолға алынған. Мысалы, көпбалалы аналарды жұмысқа тарту, мамандығын болмаса – оқыту, алыстан жұмыс істеу секілді  жаңа формалар қарастырылып жатыр. Көпбалалы отбасылардың қолғанат болып, еңбекке жарап қалғандары бар. Көпбалалы аналардың үй мәселесі бойынша жергілікті органдарда арнайы тізім жасалынады. Жергілікті жерлерде мәслихаттың шешімімен белгілі бір көмек те көрсетіледі. Үй мәселесіне келетін болсақ, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша ол кісілерге белгілі бір жеңілдік болуы тиіс.

 

Дерек пен дәйек:

– Қазақстанда отбасылардың жалпы саны  3,5 милионға жетеді. Осы күнге дейін 250 мың ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгісімен  маратпатталса, кәмелетке толмаған 4 және одан да көп баласы бар отбасылардың саны 240 мыңнан асады.  2012 жылдың дерегі бойынша, соңғы 8 жылда көпбалалы отбасылардың қатары 13 пайыздан 20 пайызға өскен. Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша жыл сайын 140-160 мың отбасы шаңырақ көтерсе, ажырасатын отбасылардың саны 41 мен 48 мыңның аралығында. Биылғы жылдың 6 айдағы көрсеткіші бойынша елімізде 71 165 мың жұп отбасын құрған. Дәл осы аралықта 24 650 ерлі-зайыпты ажырасыпты. Халық санының өсуімен қатар, отау құрғандардың да, шаңырағы шайқалғандардың да қатары артып отыр.

Соңғы 2 жылда 372-378 мың нәресте дүниеге келсе, халықтың табиғи өсімі 227-237 мың адамды құраған.

 

Үлгі

Ғибратты ғұмыр иелері

Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары Тойбаев Сағындық ата мен Данбаева Әбзел апаның отасқандарына биыл – 55 жыл. Жарты ғасыр бойы жарасымды ғұмыр кешкен қариялар бүгінге 12 баладан тараған ұрпақтың қызығын көріп отыр. «Отбасы күніне» орай арнайы жолығып, берекелі отбасы болудың сырын сұрап қайттық.

Сағындық ТОЙБАЕВ:

– Апаң екеуміз 1958 жылы отастық. Елдің көзі енді ашылып келе жатқан кез еді. 1969 жылға дейін Алматы облысы Кеген ауданында тұрдық та, кейін осы жаққа көшіп келдік. Осы уақыт аралығында өз кіндігімнен 12 бала тарап, Нұрбай атты ұлым 37 жасында өмірден озды. Қалғандары бүгінде балалы-шағалы, өмірден өз орындарын тапты. Содан зейнетке шыққанда мен бақташы, бәйбішем сауыншы болып жұмыс істедік. Еткен еңбегіміз еш кеткен жоқ, халыққа сыйлы болдық. Балаларды еңбекке тәрбиеледік. Өмірдің қуанышын да, қиындығын да аз көрген жоқпыз. Отбасы бірлігі, шаңырақтың шаттығы – ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігіне, сыйластығына, шыдамдылығына байланысты.

Әбзел ДАНБАЕВА:

– Біздің заманымызда «сүйдім-күйдім» деген көп жоқ еді. Ғұмырыңды осы адаммен байланыстырған екенсің, ерлі-зайыптының арасындағы сезім үйленгеннен кейін берік бола түсуі керек. Бірінің айтқанына бірі құлақ асса, арада сыйластық жүреді. Ер-азамат деген түздің адамы, соның тауып келгенін ұқсатып, барға да, жоққа да шыдай білген әйелдің отбасында береке болады. Үй-іші, бала-шаға, туған-туыс, ел-жұртқа жұғысты болған әйелдің басына құт қонады. Ең бастысы, ерлі-зайыптының арасы жақсы кезде, отбасында келісім болады. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дегенмен, отбасының бақыты – отбасының берекесін ойлаған әйелге байланысты.

 

Мәселе

Кеш үйленудің себебі неде?

Өркениетті қоғамға қадам басып, озық технологияларды меңгеріп, білім мен мәдениетте алға жылжыған сайын өмірдегі ең маңызды құндылықтарды назардан тыс қалдырып барамыз. Бүгінде отбасын құрып, бала өсіру, ұрпақ тәрбиелеп, өнеге көрсетуден жұрдаймыз. «Үйлену, отбасын құру» деген түсінік жастар арасында үрей тудыратын жағдайға жетті. Деректерге сүйенсек, елімізде 16 миллион халықтың  18 пайызы бойдақтар. Жаға ұстатып, «әттеген-ай» дегізетін тағы бір дерек бар. Мәліметтер бойынша елімізде жарты миллиондай сүр бойдақ пен кәрі қыз өмірлік серігін таппай жүр.

Әрбір адамның өмірінде алдымен өзі туып-өскен, сонан соң өзі құрған отбасының  алар орны ерекше. Әсілінде, «отбасы» атты асыл институт – біздің ең басты құндылығымыз болуы тиіс. «Он үште отау иесі» деген атам қазақ, «өлімнен басқаның ерте болғаны дұрыс» деп ұлын ұяға, қызын қияға ертерек қондыратын еді. Ал қазір «үйім жоқ, күйім жоқ, жағдайым жоқ» деп сансыз жоқты сылтауратып, үй болып, үйленуден қашқақтайтын  жастар көбейді. Бұрындары 27-28 жасар ер-азаматты сүр бойдақтар қатарына қосатын болса, қазір дәл сол жастағы жігіттер «жаспыз, отбасын құруға әлі ерте» деп шалқаяды.

Психологтардың айтуынша, жастардың кеш үйленуі ең алдымен қоғамның бейқам өмір сүруінің салдары. Расында, кезінде ата-бабамыз балаларын ертерек үйлендіруге тырысса, Кеңес Одағының тұсында 20-45 жас аралығындағы қыздар мен 20-50 жас аралығындағы жігіттер бойдақ жүргені үшін өкіметке салық төлейтін. Мұның өзі қоғамның жастарды үйленуге насихаттауы болса керек. Ал қазір баласын үйлендіруге асығар ата-ана, жастардың отбасылы болуын қалайтын қоғам да жоқ секілді. Ата-ана балаға: «Айналайын, үйленіп ұрпақты жалғастыр» деп өсиет айтудың орнына, «жағдайың жоқ, баспанаң жоқ, жұмысың жоқ, қалай күн көресің?» деп баланың алдын бөгейді.

Психологтар жастардың кеш үйленуінің тағы бір себебі ретінде әлеуметтік фобияларды атайды. Яғни жоғарыда атап өткеніміздей, үй-күйі жоқ жастар отбасын құрудан бұрын, әлеуметтік жағдайын реттеуді ойлайды. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген қазақы ұғым қазірде ұмыт қалған. Алдымен мал жинап, сонан соң басты біріктіру – бүгінгі жастардың негізгі ұстанымына айналды. Әрине, есепті ескерер болсақ, алдымен жағдайды реттеп алған да дұрыс. Бірақ жағдай реттейміз деп жүргенде, денсаулығымыз отбасын құрып, бала тудыруға жарамай қалуы да мүмкін. Өйткені физиологиялық тұрғыдан алып қарағанда, кеш үйленудің болашақта адамға келтірер залалы көп. Жасыратыны жоқ, қазір тұрмысқа шықпаған 24-25 жасар арулар мен үйленбеген жігіттердің денсаулығында әйтеуір бір ақау бар. Мұның барлығы отбасын құрып, дер шағында ұрпақ өрбітпегеннен туындайтын жағдай. Ер-азаматтарымыздың 30 пайызы бала тудыруға қабілетсіз. Бұл сан демографиялық ахуалға зор қауіп төндерірі хақ. Ақ халаттылар дені сау баланы дүниеге әкелу үшін қыз балалар физиологиялық тұрғыда 18 жаста, ал әлеуметтік тұрғыда 20 жаста құрсақ көтеруі тиіс дейді. 30 жасқа дейін әрбір адам ана, әке атануы керек. Өкінішке қарай, 27-28 жасында үйленген қыз-жігіттер ары кетсе 2-3 баламен шектеледі. Әзімбай Ғалидың айтуынша, қазір жанұяда 2,7 бала туылса, бірер жылда 2,2 бала туылатын болады. Яки көп ұзамай әкенің орнын бала баспайтын жағдайға жетеміз.

Жастардың бейқам жүруінің тағы бір себебі – өз-өзіне сенімсіздігі болса керек. Қасындағы серігі, одан туылар сәбиі үшін жауапты болу – оларды ерекше үрейлендіретін секілді.  Жастар жауапкершілік қамытын мойынға байлағанша, тойлатып, думандатып, тыныш жүргенді жөн санайды. «Ұлы сөзде ұят жоқ» қазір қоғамда некенің зәмзәм суын ішпей зинақорлыққа бой алдыру, түсік жасауға ешбір тыйым салынбаған. Керісінше, бізді қаптаған озық технология мен түрлі кинофильмдер һәм сансыз бағдарламалар жастарды осыған итермелеп отыр.

 

Жастардың кеш үйленуінің себептері:

1.  Әлеуметтік фобия;

2.  Бейқамдық;

3.  Зинақорлық пен түсік жасатуға тыйым жоқ;

4.  Насихаттың аздығы.

Дерек пен дәйек:

1.  16 миллион халықтың 18 пайызы бойдақ;

2.  Бала тудыруға қабілетсіз еркектер 30 пайызды құрайды;

3.  Бойдақ жігіттердің 15 пайызы жұмыс істеп, мансап қууды мақсат тұтса, 35 пайызы үйленуді жүк санап, жауапкершіліктен жалтарғандар.

4.  Орташа есеппен қарағанда, әр отбасында 2,7 бала туылады.

 

Пікір:

Әзімбай ҒАЛИ, демограф-саясаттанушы:

– Мешіт тарапынан біраз ұстанымдар мен пәтуаларды жасау керек сияқты. Біріншіден, жыныстық қатынас міндетті түрде бала тууды мақсат тұту керек. Екіншіден, жасанды түсікке үзілді-кесілді тыйым салынуы тиіс. Мәселен, католик діні мұндай қадамға қарсылық танытса, мұсылман дінінде бұған толыққанды тыйым салынбаған. Сонан соң жастардың көбісі «үйлен, үйлен дейсің, маған үй алып бер» дегенді алға тартатын болыпты. Мұндай ой болмауы тиіс. Адам ең алдымен өзі үшін отбасын құрып, ұрпақ өрбітеді.

Ғани БЕКТАЙҰЛЫ, Халықаралық «Edtech.kz» орталығының директоры:

– Отбасы – ойыншық емес. Бүгін қосылып, ертең ажырасып жататын жастар көп. Сондықтан әрбір АХАЖ бөлімінің қасынан отбасы құндылығы, отанасы мен отағасының рөлі, бала тәрбиесі туралы кеңінен түсінік берер ата-әже институтын қалыптастырсақ, сорақы қылықтар орын алмас еді.

 

Жедел-сұхбат

Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, Сенат депутаты:

Алдымен әйелдің қамын ойлайық

– Светлана Жақияқызы, күні ертең тұңғыш рет «Отбасы күнін» атап өтеміз. Осы ретте біреуге ана, біреуге жар атанып жүрген әйелдің рөлі мен орны туралы не айтар едіңіз?

– Жалпы, әйелдің отбасындағы, қоғамдағы кем дегенде атқарар үш міндеті бар. Біріншіден, ол жұмыс істейді, екіншіден ол бала туып, тәрбиелеуші ана, үшіншіден үй шаруашылығымен айналысар адам. Әйелдің ер-адамнан айырмашылығы да осы.  Сондықтан әйел үйде де, отбасында да жұмыс істейді. Қай жұмыс маңыздырақ, ол әлі белгісіз. Бірақ әйелдің үйдегі де, өнеркәсіптегі функциясы мен маңызы күннен-күнге артып барады. Әйелдер халықтың басым бөлігін құрайды. Сол себепті халықтың басым бөлігі экономикаға араласуы тиіс. Осы орайда, әрбір әйел жұмыс істеуі керек. Орта есеппен қарайтын болсақ әрбір қазақстандық әйелдің екі баласы бар. Ал халық санын көбейту үшін ең кемінде үш бала болуы керек. Өйткені екі бала ата-ананың орнын басса, үшінші бала халықтың санын көбейтеді. Сондықтан әйелдер баланы көптеп тууы тиіс. Экономикасы дамып бара жатқан біздің елімізде 20-25 миллион халық болуы керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, бала туумен бірге жұмыс істеп, қоғамға да пайдасын тигізетін әйелдерге мемлекет тарапынан қолдау қажет.

– Баланы да тауып, жұмысты да істеп жүрген әйелдерге мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуі керек деп ойлайсыз?

– Меніңше, әйелдерді экономикаға араластырғанда тек қана денсаулық және білім саласына емес, жалпы өнеркәсіпке араластыру керек. Ол үшін әйелдер техникалық мамандықтарды көбірек игеруі тиіс. Өйткені мұндай мамандықтың жалақысы көбірек. Екіншіден, тек қана әйелдерге арналған жұмыс орындарын ашқан жөн. Бұрындары ас өндіру саласы, жеңіл өнеркәсіпте әйелдер басым болатын. Қазір ондай өнеркәсіп түрлері некен-саяқ. Сондай-ақ әйелдерді жұмыспен қамту бағдарламасын жасау керек. Мәселен, баласы бар әйелдерге үйде жұмыс істеуге мүмкіндік берген жөн. Зейнет жасына таяп қалған әйлдерге де жұмыс тауып берудің жолдарын қарастырған дұрыс. Егер жұмыс табылмаса, онда жұмыссыздық бойынша берілер ақшалай көмектің санын ұлғайту керек. Біздің елімізде жұмыс істемейтін әйелдер 1 жасқа дейін бала күтіміне байланысты берілер көмекті мемлекеттен алса, жұмыс істейтін әйелдерге жалақысының 40 пайызы беріледі.

Меніңше, жұмыс істейтін әйелдерге екіжақты көмек берілгені жөн. Оның үстіне жұмыс істейтін әйел үйде отырса, баласы 1 жасқа толғанға дейін жұмыс орны жалақысын беріп тұру керек. Сонымен қатар көпбалалы аналарға ерекше ден қойған жөн. Бүгінгі таңда тек қана тұрмыс жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға ғана бала 18 жасқа толғанға дейін жәрдемақы беріледі. Оның өзі 1 айлық есеп көрсеткіші деңгейінде. Бұл баланы бағып-қағуға жетпейтін қаражат. Жәрдемақыны көбейтіп, көп баласы бар аналардың баспаналы болуына жағдай жасап, отбасылық кәсіп алуына пайызы төмен несиелер берілсе құба-құп болар еді. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейі басым ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін жан-жақты жеңілдіктер қарастырылуы тиіс.

 

«Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз».

Назарбаев,«Қазақстан – 2050» стратегиясынан

«Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті. Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейтуі керек».

Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан

 

Әйгерім ДОСЫМ, Үмітжан ЖАПАР, Фото: Айтжан САЛЫҚҰЛЫ

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/29673